Петропавлда еріген қар суы жеке тұрғын үйлерге кіріп жатыр. 28-29 наурызда “109” бірыңғай байланыс орталығына көмек сұраған тұрғындардан 119 хабарлама түскен.
Үйлеріне су кірген тұрғындар бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жүктеуде. Мәселен Петропавлдағы Перминов көшесіндегі баспанаға су екі сағат ішінде кірген. Пугачев көшесіндегі үй тұрғындары “су сорғыш машинаны 5 сағаттан арттық күттік” дейді.
Татьяна Чыбикина Жұмысшы кентінде тұрады. Кеше үйінің ішіне су толып кеткен. Айтуынша, мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Енді зейнеткердің үйіндегі жиһаз, тұрмыстық техниканың барлығы іске жарамсыз болып қалды.
“Кеше арнайы қызмет мамандары көмекке келді. Түнге таман еденімізден су кетті. Отбасымызбен осында түнеп шықтық. Таңда су қайта көтеріле бастады”, – дейді Татьяна Чыбикина.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 наурыз күні еріген қар суы 10 үйге кірген. Су сорғызу жұмыстарына ведомствоның жеке құрамынан 40 адам және 10 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 1 мың 223 текше метр су шығарылды.
“Өткен тәулікте жалпы облыс бойынша 22 мың текше метрге жуық су арнайы техникамен сорылды. Қыс басталғалы өңір елді мекендерінен 1 млн. 885 мың текше метр қар шығарылды. Бұл өткен жылдың осы аралығымен салыстырғанда 3 есе көп”, – дейді департаменттің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.
Өңірде шағын өзендердегі су деңгейі де көтеріліп жатыр. “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, су деңгейі бір тәулікте 2-9 сантиметрге артқан. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның аумағынан өтетін Ақанбұрлық өзені Ковыльное елді мекені маңында 8, Рузаевка ауылының маңында Шарық өзенінің деңгейі 9, Мұқыр ауылының маңында Мұқыр өзені 8 сантиметрге көтерілген. Айыртау ауданындағы Гусаковка елді мекенінде Бабықбұрлық өзенінің су деңгейі бір тәулікте 9 сантиметрге артқан.
Ал Аққайың ауданы Северное елді мекенінің маңынан өтетін Шағалалы өзенінің су деңгейі бірден 151 сантиметрге көтеріліпті. Десек те қауіпті деңгейге жету үшін әлі 130 см керек. Облыстың негізгі су артериясы – Есіл өзенінде жағдай әзірге тұрақты. Сергеев және Петропавл су қоймаларында су деңгейі небәрі 3 сантиметрге көтерілді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.