«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРІГЕН ҚАР СУЫ ҮЙЛЕРГЕ КІРУДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда еріген қар суы жеке тұрғын үйлерге кіріп жатыр. 28-29 наурызда “109” бірыңғай байланыс орталығына көмек сұ­раған тұрғындардан 119 хабар­ла­ма түскен.

Үйлеріне су кірген тұрғындар бейнежазбаларды әлеуметтік же­ліге жүктеуде. Мәселен Петро­павлдағы Перминов көшесіндегі баспанаға су екі сағат ішінде кір­ген. Пугачев көшесіндегі үй тұрғындары “су сорғыш машинаны 5 сағаттан арттық күттік” дейді.

Татьяна Чыбикина Жұмысшы кентінде тұрады. Кеше үйінің іші­не су толып кеткен. Айтуынша, мұн­дай жағдай бірінші рет болып тұр. Енді зейнеткердің үйіндегі жиһаз, тұрмыстық техниканың бар­лығы іске жарамсыз болып қалды.

“Кеше арнайы қызмет мамандары көмекке келді. Түнге таман еденімізден су кетті. Отбасы­мызбен осында түнеп шықтық. Таң­да су қайта көтеріле бастады”, – дейді Татьяна Чыбикина.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі­нің мәліметінше, 28 наурыз күні еріген қар суы 10 үйге кірген. Су сорғызу жұмыстарына ведомст­во­ның жеке құрамынан 40 адам және 10 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 1 мың 223 текше метр су шығарылды.

“Өткен тәулікте жалпы облыс бойынша 22 мың текше метрге жуық су арнайы техникамен со­рылды. Қыс басталғалы өңір елді мекендерінен 1 млн. 885 мың тек­ше метр қар шығарылды. Бұл өт­кен жылдың осы аралығымен са­лыстырғанда 3 есе көп”, – дейді департаменттің баспасөз хатшы­сы Евгений Журавлев.

Өңірде шағын өзендердегі су деңгейі де көтеріліп жатыр. “Қаз­гидромет” республикалық мемле­кеттік кәсіпорны облыстық филиа­лының мәліметінше, су дең­гейі бір тәулікте 2-9 сантиметрге артқан. Ғабит Мүсірепов атын­дағы ауданның аумағынан өтетін Ақанбұрлық өзені Ковыльное елді мекені маңында 8, Рузаевка ауылының маңында Шарық өзе­нінің деңгейі 9, Мұқыр ауылының маңында Мұқыр өзені 8 сантиметрге көтерілген. Айыртау ауда­нындағы Гусаковка елді мекенінде Бабықбұрлық өзенінің су деңгейі бір тәулікте 9 сантиметрге артқан.

Ал Аққайың ауданы Северное елді мекенінің маңынан өтетін Ша­ғалалы өзенінің су деңгейі бірден 151 сантиметрге көтеріліпті. Десек те қауіпті деңгейге жету үшін әлі 130 см керек. Облыстың негізгі су ар­териясы – Есіл өзенінде жағдай әзірге тұрақты. Сергеев және Петропавл су қоймаларында су деңгейі небәрі 3 сантиметрге көтерілді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp