ОРМАН – ЕЛДІҢ  ДӘУЛЕТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Орман – ұлан-байтақ жеріміздің өкпесі.  Біз тыныстап отырған  ауаның тазалығын сақтайды. Топырақ беті, жер асты ағыстарын реттей отырып, су және жер ресурстарының сақталынуында маңызды рөл атқарады. Атмосфераның құрамына, су балансына, топырақ бетінің жылу балансына әсер ете отырып, жануарлар дүниесінің саны мен саналуандығын реттейді. Орман биосфераның барлық компоненттеріне ықпалын тигізеді, оның орта қалыптастырушы рөлі маңызды.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы  өзінің жұмысын  орман шаруашылығын ұйымдастыру және жүргізу, табиғатты қорғау іс-шараларын өткізу, мемлекеттік экологиялық сараптаманы орындау мен қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру, аңшылық пен балық шаруашылығын реттеу мен дамыту сияқты алты бағытта жүзеге асырады.

Біздің басқарма қарамағындағы  мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 549,5 мың гектарды құрайды. Оның 415,8 гектарында ну орман орналасқан. Облыс аумағының 5,5 пайызын орман алқабы алып жатыр. Өңіріміздің әр тұрғынына маңызды шикізаттық қор болып саналатын бір гектардан астам орман келеді. Басқарманың құрамына  12 мемлекеттік орман шаруашылығы мен «Красный бор» жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеме кіреді.

Басқармадағы  орман шаруашылығы қызметінің басым бағыттары орман өртіне, ағашты заңсыз кесуге және браконьерлік фактілерге жол бермеу, орманды зиянкестерден және аурулардан қорғау, сондай-ақ тұрғындар арасында бұқаралық-түсіндіру жұмысын жүргізу, табиғи ресурстарды сақтау мен үнемді пайдалану, қоршаған ортаның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша насихат болып табылады.

Біздің облыстағы орманның 85 пайыз аумағын аққайың алып жатыр, 7 пайызында көктерек, 4 пайызында қарағай, қалғандарында ағаштың терек, үйеңкі  және басқа да түрлері өсіп тұр. Орманда ағаш өсіру  арнайы қабылданған жоба бойынша жүргізіледі. Орманда кесілген ағаштардың орнына жас көшеттер отырғызылу мәселесі жіті қадағаланады.   Орман шаруашылықтарында тұқым материалын жинаудан бастап оның өскен көшеттерін егу мақсатты бағдарламаларға сәйкес іске асырылуда. 2023 жылы 5946 килограмм тұқым материалы жиналды. Орман тәлімбақтарының 20 гектар алқабына тұқым себілді.

2023 жылы кешенді жоспар шеңберінде  облысымыздың орман шаруашылықтары  3573 гектар орман алқабына  негізгі ағаш түрлерінің  17,7 миллион дана көшетін  отырғызды. Былтыр  4401 гектар алқапта жас өскіндер бағалы ағаш санатына енгізілді. Есепті кезеңде орман аумағы 292 гектарға ұлғайды.

Мемлекеттік орман қоры мен оған жапсарлас аумақтарда оттың шығуы,  өрттің алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тұрғындар, мектеп оқушылары, туристер, демалушылар, ағаш дайындау бригадалары жұмысшыларының арасында 386  кездесу өткізілді,  ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 3898 парақша мен 599 ұйғарым берілді, бұқаралық ақпарат құралдарында 169 мақала жарияланды, 22 телесюжет  ұйымдастырылды. Демалыс және темекі шегу орындары жайғастырылды, 1113 дана арнаулы аншлаг орнатылды.

Тұтастай алғанда орман өртінің  алдын алу кешенді жұмыстың нәтижесі болып табылады. 2023 жылы орман массивін қорғауға сегіз жүзге жуық адам тартылды, өрт сөндіру құралдары мен өртке қарсы техника сақадай сай болды. Ұзындығы 25187 шақырым өртке қарсы минералдандырылған жолаққа күтім жасалды, жаңадан  1129 шақырым жолақ жасалды. Алайда қабылданған шараларға қарамастан 169, оның ішінде 25 орман өрті оқиғалары орын алды.

Былтыр 2755  гектар аумақта  санитарлық-сауықтыру шаралары өткізілді. Биотехникалық іс-шаралар 374 гектар аумақта жүргізілді. Арнаулы шоттың есебінен 83,7 гектар аумақта орман зиянкестеріне қарсы жер үстіндегі химиялық өңдеу өткізілді. Санитарлық-сауықтыру шараларынан кейін алынған 350 мың текше метр ағаш кесінділері жергілікті тұрғындарға отын ретінде  берілді.

 Мемлекеттік орман шаруашылығының орманын және жалға алушылардың орманды пайдаланғаны үшін жергілікті бюджетке 382 млн. теңге төлем аударылды. Мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. 2023 жылы мемлекеттік орман шаруашылықтары сомасы 537,9 млн. теңгенің  техникасы мен қондырғысын сатып алды.

Былтыр  қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау мен молайту  мәселелеріне өскелең ұрпақты тарту мақсатында  1174 адамның қатысуымен 55 экологиялық акция өткізілді. Мұндай акциялар барлық аудандарда ұйымдастырылады, жастар, еріктілер мен тұрғындар арасында кең қолдауға ие болып отыр.

Түйіндей айтқанда, экологиялық мәселелер, оның ішінде орман алқабын сақтауға бағытталған бағдар айқындалып, оны қорғап-қадағалауды аса қажет етеді. Мұны тек орман  мекемесі қызметкерлерінің міндеті деп қабылдамауымыз керек. Бұл –  елдің ортақ мүддесі, ертеңгі ұрпаққа қалдырылатын мирас. Сондықтан,  ормандағы әр ағаш  баршамыздың қарауымызда, һәм қорғауымызда болуы шарт.

Бейбіт ИСМАНОВ,

облыстық табиғи ресурстар және табиғат

 пайдалануды реттеу басқармасының басшысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp