Қазақ киносының қоржыны соңғы төрт жыл ішіндегі ірі жобаға баланған тағы бір тарихи фильммен толықты. Демалыс күндері “Алмас қылыш” фильмін “Қазақстан” кинотеатрында облыс тұрғындары тамашалады. Бұл жобаның авторы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Фильмді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы түсірген.
Кинотуынды XV ғасырда Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының қалыптасу кезеңін қамтиды. Екі жарым сағаттық киноэпопея Орда Еженнің ұрпақтары – Керей мен Жәнібектің айналасына біріккен жұрттың Әбілқайырдан бөлініп шығуынан басталады. Сұлтандар Моғолстанның билеушісі Есенбұғадан қоныстайтын жер алып, екі жақ мәміле-шартқа қол қояды. Аңызға айналған абыз Асанқайғы да көшке ілесіп, елдің айрылуына себеп болған оқиғаларды жырына қосады. Өз ұлыстарын құруға бекінген Керей мен Жәнібекке қосылған рулардың басшы-билері құрылтай өткізіп, Керейді хан сайлап, Қазақ хандығының құрылғанын паш етеді.
– Фильм маған өте ұнады, жақсы түсірілген. Осындай тарихи туындыларды көптеп түсіру қажет. Халқымыздың өткені мен бүгіні туралы, ұлт мақтанышына айналған тұлғаларды көрсете отырып, кейінгі ұрпақ санасына тарихымызды сіңіре аламыз, – дейді петропавлдық көрермен Камал Есләмов.
Фильмде басты кейіпкерлер мен жанама актерлердің костюмдері, жоңғар мен қазақ сарбаздарының қару-жарақтары, сауыт-саймандары мен ат-әбзелдері үлкен шеберлікпен жасалған. Барлық актерлердің атқа жайдақ мініп, садақ ату, қару ұстауға арнайы дағдыланғандары анық байқалады. Актерлер өз рөлдерін шебер сомдай алды.
– Қазақ хандығының тарихын қысқа уақыттың ішіне сиғызып, көрерменге жеткізе білу – үлкен шеберлік. Мен сол үшін осы шығармашылық топтың еңбегін ерекше бағалаймын. Қазіргі кезде көп томдық кітаптарды оқымайтын жастар осы фильм арқылы тарихпен тоғысып, қажетті мәлімет алады. Бұл туынды голливудтық тарихи экшн фильмдерден еш кем емес. Әсіресе, шайқас көріністері шынайы көрсетілген. Фильм барысында кемшіліктер де жоқ емес. Мәселен, музыка шектен тыс қолданылады, экран өнері сөзден емес, бейнелік шешімнен тұратындығына аса мән берілмеген, – дейді тағы бір көрермен Раушан Байзақова.
Жаңа туындыны тамашалауға келген көрермендердің дені жастар болды. Олар фильм барысында актерлердің шеберліктеріне сүйсініп, сұлтандардың өз ұлтының намысы үшін жүректі тіліп өтер сөздері баяндалған кезде қол шапалақтап, ризашылықтарын білдіріп отырды.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.