Биыл Қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының жиырма жетінші жылдығын атап өтті. Түп шежіресі сонау ежелгі сақтардан бастау алатын “мың өліп, мың тірілген” қазақ халқының бағзы заманнан бері өзінің қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Ерке Есілдің бойында орналасқан Қызылжар өңірі де тәуелсіздік жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.
Біз бүгінгі мақаламызда санаулы күндерден кейін тарих қойнауына енетін 2018 жылдың айтулы оқиғасын әңгіме арқауына айналдырмақпыз. Әрине, Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы жылдың басты оқиғасы болғанына ешкімнің күмәні жоқ. Сонау 2003 жылы басталған екі ел арасындағы шекаралық ынтымақтастықтың келелі мәселелері талқыланатын алқалы жиын биыл біздің облыста өтті. Бұл форумға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путиннің қатысуының өзі Қызылжар өңірі үшін тарихи оқиға болды десек артық айтқандық емес.
Әңгімемізді осы алқалы жиынға облыс орталығында жүргізілген дайындық жұмыстарынан бастаған жөн болар. Форум аясындағы кездесулер ІТ-орталығы бар жаңа Оқушылар сарайында өтті. Онда келушілер физика, электромеханика, робототехника пәндеріне басымдық берілген заманауи бағдарламалау және графикалық дизайн зертханаларын, “TecQuipment” ғылымдарын, анимациялық студияны, голография, каркасты-вакуумды кинотеатрды, “Lexsolar” электромобильдерін, адамнан аумайтын “NAO” құлтемірін және басқа да технологияларды тамашалауға мүмкіндік алды.
Соңғы екі жылдың ішінде Қызылжар өңіріндегі туристік аймақтарға апаратын жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 4 млрд. теңге бөлініп, ол толықтай игерілді. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғасын тауып, осы мақсатқа тағы 3 млрд. теңге бағытталмақ. Ресейдің Омбы, Түмен және Қорған қалалары бағытындағы шекараларына дейінгі тасжол учаскелеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Үш бағыттағы шекаралас жолдарды жаңғырту келесі жылы толықтай аяқталады. Петропавл халықаралық әуежайында, жолаушылар терминалында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының арқасында ол бүгінде барлық үлгідегі ұшақтарды қабылдай алады.
Форумға әзірлік кезінде қалаға кіреберістегі айналма жолдың қақ ортасына еліміздің іргесін бекемдеп, ентелеген жаумен күресте ерен ерлік көрсеткен батыр бабамыз Қожаберген жырау Толыбайұлына қоладан еңселі ескерткіш орнатылды, осы жердегі темір жол көпірі кеңейтіліп, жаңартылды, “Солтүстік жұлдызы” жағажайы ұлғайтылып, абаттандырылды. Бұл жұмыстар Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру жоспары аясында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде атқарылды.
Форум барысында Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесі, “Туризмді дамытудағы кәсіпкерліктің рөлі”, “Туризмді цифрландырудағы заманауи бағыттар”, “Дестинация маркетингі. Шақырулар мен мүмкіндіктер” тақырыптарында панельдік сессиялар, туристік көрме өтті.
Дүниежүзілік туристік қауымдастықтың мәліметі бойынша, 2017 жылы Қазақстан туризмнен 1,929 млрд., ал Ресей 8,945 млрд. АҚШ доллары көлемінде пайда көріпті. Бұл саланың даму көкжиегі кең. Сондықтан ынтымақтастық форумында Қазақстан мен Ресей арасындағы туристік саладағы өзара әріптестікті нығайтуға, оның ішінде, екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік құрылымдары арасындағы кооперациялық байланыстарды тереңдету арқылы туризмді дамыту және алға жылжытудың озық тәжірибесімен алмасуға, туристік индустрияға инвестициялардың келуін ынталандыруға баса назар аударылды.
Форумның пленарлық отырысын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кіріспе сөзбен ашты. Қазақстан мен Ресейдің туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылған бұл форум барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте Ресей Федерациясы еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын атап өтті.
– Қазақстан мен Ресейдің жемісті қарым-қатынастары оның біздің халықтарымыздың мүддесі тұрғысында сенімді және сабақтаса дамуы үшін берік негіз қалады. Екі ел өткен тарихының ортақтығымен ғана емес, сонымен бірге бүкіл еуразиялық өңір мен әлемнің қазіргі және болашақ дамуын бірдей болжауымен де көршілес тәуелсіз мемлекеттер болып саналады, – деген Мемлекет басшысы қазіргі заманғы жағдайда туризм жаһандық экономика өсімінің негізгі драйвері екенін атап көрсетті.
Ресейдің 76 субъектісі Қазақстанның 14 облысымен қарым-қатынас орнатты. Жыл сайын тікелей өңіраралық қатынастардың қарқыны артып келеді. Қазақстан мен Ресей арасында тарихи-мәдени құндылықтарды туристерге таныстыратын бағыттарды жетілдіру керек. Келесі жылы өңіраралық форумды өткізу кезегі Ресейге түсіп тұр. Осы орайда сіздерді Омбы қаласына шақырамын, – деді өз сөзінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов біздің облыс үшін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу зор мәртебе екенін айтты. Өңірде талайды таң ғалдыратын нысандар бар. Мәселен, Шалқар-Имантау курорттық аймағы. Бізде емдік қасиеті жоғары екі көл бар: Шалқар көлі суының құрамы – теңіз суының құрамына өте ұқсас, екіншісі – Меңкесер көлі. Оны Израильдегі Өлі теңіз суымен салыстыруға болады. Имантау-Шалқар курортты аймағын дамытуға арналған кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Соңғы екі жылда “Ресейден біздің облыстарға сапарлайтын туристер саны екі есеге артты. Алдағы жылы бұл көрсеткіш тағы да өседі деп болжануда. Сәйкесінше, шекара бекеттеріне жүктеме артады. Әсіресе, жаз кезінде шекарада ұзын-сонар кезекті байқаймыз. Сондықтан, шекарадағы бекеттерден өтетіндерді бақылау рәсімін жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Сонымен қатар өңір басшысы Имантау-Шалқар аумағын және өзге де жобаларды дамытуға ниетті инвесторларға қолдау жасалатынын атап көрсетті. Бизнесті қолдау аясында туризм нысандарына барлық қажетті инженерлік коммуникациялар тартылатын болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин екі елдің 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-жоспарына қол қойды. Форум аясында басқа да меморандумдар мен келісімдер жасалды. 2018 жылдың айтулы оқиғасы осылай аяқталды. Форумнан кейінгі облыстық әкімдіктің отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамында жұртшылық өкілдерімен кездесу барысында өңірімізде жүргізіліп жатқан жұмыстарға өзінің оң бағасын бергенін айтып, халықаралық басқосудың жоғары деңгейде өтуіне сүбелі үлес қосқан мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына, азаматтарға алғысын білдірді. Алдымызда Солтүстік Қазақстан облысының 2019-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын жүзеге асырудың келелі міндеттері тұрғанын атап көрсетті.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан “Парасат” орденін алды. Бұл марапатты өңір басшысының, солтүстікқазақстандықтардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына қосқан сүбелі үлесіне берілген жоғары баға деп қабылдауымыз керек.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.