
Ризолин – құрылыста немесе жөндеу жұмыстарында таптырмайтын материал. Тоғыз жылдың ішінде оның сапалық қасиеттері жан-жақты сыналып, тиімділігі туралы жақсы пікір қалыптасқан. Рулонмен оратылған ризолинді тасымалдау да, төсеу де жеңіл. Кез келген жердің ой-шұңқыры оңай қапталып, тегістеледі. Оның экологиялық таза өнім екендігі де ескеретін жайт. Осындай қасиеттеріне көз жеткізген тұтынушылардың қатары көбейіп, тапсырыс ұлғайған соң әкімшілік былтыр тағы бір цехты іске қосты. Серіктестік директоры Анатолий Сысоев осы жарты жылдың ішінде өнімділік 47 пайызға артқанын айтады. Жаңа өндірісте 12 жұмыс орны ашылып, жыл соңына қарай еңбеккерлердің жалақысы 27 пайызға көтерілген. Мұнда 87 адамның тұрақты жұмыс орны бар. Соңғы бір жарым жылдың ішінде еңбекақының 61 пайызға өсуі кәсіпорынның табыстылығын аңғартса керек.
– Инновациялық жоба өзін ақтады. Табысымыз жылдан-жылға арта түсуде. Сондай-ақ, өнімділікті арттырып отырған құрал-жабдықтарды шетелден алдырсақ, оларды кем дегенде 70-80 мың АҚШ долларына сатып алар едік. Былтыр да станоктарды Петропавл ауыр машина жасау зауытына жасатқандықтан арзанға түсті. Осылайша, қор үнемделді, – дейді кәсіпорын басшысы.
Жаңа цехтың іске қосылуы өнімділікті екі жарым есеге арттырған. Бұрын 300 мың шаршы метр ризолин шығарылса, енді жылына бір миллион шаршы метр өнім өндірудің мүмкіндігі бар. Ризолиннің қызмет көрсету мерзімі – 20 жыл. Бұйымның суыққа төзімділігін де тұтынушылар жоғары бағалап отыр. Ризолинді өңіріміздің агроөнеркәсіп кешендері қоймалары мен қорақопсыларының төбесін жабуға немесе қабырғасын қаптауға кеңінен пайдалана бастаған. Тұрғын үй, зауыт, элеватор, үлкен ғимараттардың төбесінен су өтпес үшін ризолинді пайдаланып жатқандардың да ұпайы түгел көрінеді.
“Блок” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2014 жылы өнімнің осы түрімен “Қазақстанның үздік тауары” облыстық байқауында екінші орын иеленіп, сайыстың республикалық кезеңінде де жүлдегерлер қатарынан көрінген болатын. Ал былтыр кәсіпорын “Облыстың ерекше кәсіпорындары” тізіліміне енгізілді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕРДЕ: бақылаушы С.Слюнько; кәсіпорын өнімдері.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.