«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛДАУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Даму” қорының солтүстікқазақстандық мекемесі өңіріміздегі екінші деңгейдегі банк филиалдарының менеджерлерімен кездесу өткізді. Ондағы мақсат – орта және шағын кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсететін институттың жұмысындағы құрылымдық өзгерістерді, яғни “Бизнестің жол картасы – 2020” бизнесті қолдаудың және дамытудың бірыңғай бағдарламасы” атты жаңа бағдарламаның қалай жүзеге асатынын түсіндіру.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке бизнес әлеуетін арттыру бағытында елдегі кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту салалары бойынша жүргізіліп келген бірнеше бағдарламаларды (соның қатарында “Бизнестің жол картасы – 2020”) біріктіріп, бірыңғай бағдарлама құруды тапсырған болатын. 2015 жылдың наурыз айында Үкімет қаулысымен бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасы бекітіліп, оның қаржылай агенті “Даму” қоры болып тағайындалды. Аталмыш қор банктер мен лизингтік компаниялардың несиелерін субсидиялау және кепілдендіру тетіктерін, сондай-ақ, “Орта және шағын бизнес топ менеджментін оқыту”, “Іскерлік байланыс”, “Аға буын сеньорлар” сынды жобаларды қамтиды. Аталмыш бағдарламаның бірінші бағытында моноқалалардағы және ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлердің жаңа бизнес бастамаларына қолдау болса, екінші бағытпен экономиканың басым секторларына және ұқсату өнеркәсіптеріне салалық көмек көрсетіледі.

Аталмыш бағдарламаның басты артықшылықтары: мемлекеттік демеуқаржы мөлшерін ауылдық кәсіпкерлер үшін 10 пайызға дейін көбейту, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлерге салалық шектеу жасамау, сондай-ақ, банк алдында жаңа бастамаларға 85 пайызға дейін кепілдік беру, ал экспресс-кепілдік сомасын 180 миллион теңгеге дейін көтеру. Осыларды жүзеге асыру арқылы қаржы институттары елді мекендердегі кәсіпкерліктің бизнеске белсенділігін арттырудың, өнеркәсіптердің өнімділігін жоғарылатудың, бәсекелестікке қабілетті орта жасаудың, орта және шағын бизнестегі жұмысбастылықты көбейтудің мүмкіндіктерін ұлғайтады.

“Бизнестің жол картасы – 2020” бизнесті қолдаудың және дамытудың бірыңғай бағдарламасы” шеңберінде алғашқы тоғыз кәсіпкердің өтініші өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында мақұлданды. Ол жобалардың ішінде құрылыс материалдарын жасау, тауық жұмыртқасын сату, ауыл шаруашылығы, жүк және жолаушылар тасымалы, химиялық тазалау және кір жуу қызметі, спорт және ойын-сауық қызметтерін көрсету салалары бар.

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы қолға алынғаннан бері жергілікті кәсіпкерлердің 395 жобасы мақұлданып, оларға мемлекеттік қордан 29,2 миллиард теңге бөлінді. Ал 72 кәсіпкерге қордың кепілдік көмегі жасалып, бұл бағытқа 1,2 миллиард теңге жұмсалды.

Гүлмира ЗЕЙНУЛЛИНА,

“Даму” қоры облыстық филиалының менеджері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp