«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘСКЕРИ ИНСТИТУТТЫҢ ОН БЕСІНШІ ТҮЛЕКТЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сенбі күні Петропавл Әскери институтында Ұлттық ұланның Жауынгерлік туын және түлектерге диплом тапсыруға арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Мәткәрімов, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасы күш құрылымдарының өкілдері, ардагерлер, оқу орны түлектерінің ата-аналары қатысты.

Жоғары оқу орнының тарихы Қазақстан Республикасы Президентінің ІІМ Ішкі әскерінің Петропавл Жоғары әскери училищесін құру туралы 1997 жылғы наурыз айындағы Жарлығынан басталады. Сол жылы 20 желтоқсанда әскери училищеге Жауынгерлік туды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі салтанатты жағдайда табыс еткен болатын. 2009 жылы Үкімет қаулысымен училище Әскери институтқа айналды. Үстіміздегі жылғы 21 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ішкі әскер Ұлттық ұлан болып қайта құрылды.  

Осы жылдарда Әскери институт Ұлттық ұлан үшін жоғары білікті офицерлер даярлайтын бірден-бір “ұстаханаға” айналды. Содан бері Жоғары әскери оқу орнын 2730 офицер аяқтап шықты, олардың 222-сі институтты үздік бітірді. Қазіргі кезде петропавлдық түлектер Ұлттық ұланда, Қарулы Күштерде, мемлекеттік шекара қызметінде офицерлік міндеттерін абыроймен атқарып жүр. Биыл жоғары оқу орны он бесінші рет өз түлектерін ұшырды.

Салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Мәткәрімов Петропавл Әскери институтының бастығы, әскери ғылымдар докторы, полковник Жұмабек Ахметовке оқу орнының жаңа Жауынгерлік туын табыс етті.

– Биыл Әскери институтты 193 офицер бітіріп отыр, олардың 24-і үздік нәтиже көрсетті. Олардың ішінде Рауан Ахметов, Нұржан Әйіп, Дархан Әмірбеков, Жеңіс Жайлыбаев, Захиддин Бабанов, Жандос Зағпар, Нұрсұлтан Пазилов, Дастан Тайшыбаев, Ержан Ұнайбеков сынды тоғыз түлек “Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін” төсбелгісіне ие болды. Олардың есімі Әскери институттың Құрмет тақтасына жазылады. Биыл Қырғыз Республикасының – он, Тәжікстан Республикасының тоғыз өкілі солтүстікте әскери білім алып шықты. Жас лейтенанттар Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде, мемлекеттік шекарада қызмет ететін болады, – деді аттестаттау комиссиясының шешімін жария еткен генерал-майор Альберт Мәткәрімов.

Институт түлектеріне салтанатты жағдайда дипломдар табыс етілгеннен кейін жас офицерлерді облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко, Қырғыз Республикасы Ұлттық ұланы қолбасшысының орынбасары, полковник Исламбек Кенжекулов, Тәжікстан Республикасы Ішкі әскері басқармасының бастығы, подполковник Невруз Тураев құттықтады.

Бұл күнгі мерекелік шара Әскери институт курсанттарының, барабаншылар ансамблінің, шығармашылық ұжымдардың өнерімен жалғасып, түлектердің офицерлік вальсімен аяқталды.

– Үлкен ұлым Исатай оқу орнын аяқтап отыр. Бір “төрт” алып қалып, 24 үздіктің ішіне ене алмады. Оған өкінбейміз. Бәрінен бұрын өзі оқыған Бостандық орта мектебі мен ата-ананың үмітін ақтады. Офицерлік міндетін енді Алматы облысындағы жыр алыбы Жамбыл атамыздың елі – Ұзынағашта атқармақшы. Әкем Мәжит Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері болатын. Енді атасының ісін бейбіт өмірде Исатай Мәжитов жалғастырады, – деді салтанатты шараға Мамлют ауданындағы Бостандық ауылынан қуанышын арқалап келген Самат Мүрсәлімов.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp