«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТЫҚ ИНСТИТУТТАР БАҚЫЛАУ ЖАСАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда мониторинг ерекше орын алады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және оның аумақтық департаменттері үстіміздегі жылы жүргізген мониторингі де осыған көз жеткізіп отыр. Оның барысында әлі де шешімін күткен қыруар мәселелер бар екенін анықтады. Соған байланысты үстіміздегі жылғы мамыр айында облыстың жемқорлыққа қарсы күрес қызметі өңірдің 10 мемлекеттік органына тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесі бойынша 90-нан астам мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен заңнамаларын бұзушылық анықталды. Олардың ішінде қызмет көрсетуде белгіленген мерзімді бұзу, толық емес құжаттар пакетімен шектелу, сол сияқты, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын ескермеу де бар.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттілікті нығайту үшін ұсынған бес институттық реформада экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру қажеттігін атап көрсетті. Сонымен бірге, мемлекеттік органдар басшыларының есептілігі тәжірибесін кеңейту, бұл жағдайда мемлекеттік органдардың жауапкершілігі аясын кезең-кезеңмен қысқарту арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты өкілеттікті азаматтық қоғам институтына беру туралы да сөз қозғалды.  

Осы айтылғандарды жүзеге асыру мақсатында жұртшылық өкілдерінен тұратын Қоғамдық кеңестің отырыстары өткізіледі, онда мемлекеттік органдар басшыларының есебі, қоғамдық мониторингтің және жоспарсыз жүргізілген тексерістердің қорытындылары тыңдалады, соның нәтижесі бойынша мемлекеттік органдарға сапалы қызмет көрсету, бұзушылықтарға жол бермеу және кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жайында ұсыныстар жасалады.

Тұтастай алғанда, азаматтық институттар тарапынан билік органдарының қызметіне осындай бақылау жүргізу тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді және билік органдары мен жұртшылық арасында мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты өзара түсіністікті қалыптастыруға көмектеседі.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына қатысты барлық мәселелер бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің жанындағы Қоғамдық кеңеске және 14-94 сенім телефонына хабарласуға болады.

Қазбек БЫТЫШЕВ,

 облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменттің мемлекеттік қызмет бөлімінің кеңесшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp