«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАЯҚ ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ҮКІМ ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айрылған Ақжар аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары және ауылдық учаскелік полицейге тағайындалған жаза өзгеріссіз қалды.

Оқиға өткен жылы орын алған болатын. Миы шайқалып, бет-аузы жараланып, ауруханаға түскен ер адамның жағдайын көрген медбикелер полицияға хабар берген. Әдеттегідей істің ақ-қарасын ажыратып, күдіктілерді анықтау міндеті Ақжар аудандық ішкі істер бөлімінің аға тергеушісіне жүктеледі. Көп ұзамай жәбірленушіні соққыға жыққан күдікті де табылады. Осы тұста істің желісі заңға қайшы өрби бастаған.

Сот үкімінде көрсетілгендей, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының тергеу ісіне жауапты орынбасары К.Дайыров пен учаскелік полицей Қ.Үсенов іске тікелей жауапты тергеушіге ым-жымын білдірмей, күдіктіні алдап, қомақты қаражатқа кенелмек болады. Осылайша, қос полицей күдіктіге қылмыстық жазадан босата алатындарын айтып, бұл “қайырымдылық” қызметін 300 мың теңгеге бағалайды. Қолына кісен салынып, темір торға тоғытылатынын естіген күдіктінің келіспеске амалы қалмайды.

Оңай олжаның иісін сезген тәртіп сақшылары күдіктінің үйіне күнара хабарласып, ақшаны тапсыру уақыты мен оны табыс ету үшін белгіленген жерді шегелеп айтудан жалықпапты. Бөлім бастығының орынбасары, тіпті, екі рет қызметтік телефонын да пайдаланыпты.

Шарасыз күйге түскен ауыл тұрғыны ендігі жерде көмекті басқа құқық қорғау органынан іздейді. Ақыры не керек, Қ.Үсенов мырзаның қолына зарыға күткен қомақты қаражат тиген сәтте қаржы полицейлері сау ете түседі. Бұл кезде К.Дайыров болса, “Қанжығасы майланып келер” деген үмітпен учаскелік полицейді жанар-жағармай құю станциясының маңында тағатсыздана күтіп тұр еді.

Сот үкімінде көрсетілгендей, К.Дайыров өзінің кінәсін мойындамаған. Ал Қ.Үсенов оның бастамасы бойынша қылмысты жасыру фактісін әшкерелемек болыпты-мыс.

Сот осы жылдың ақпан айында үкім шығарып, К.Дайыровты – 4 жылға, ал Қ.Үсеновті 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдаған болатын. Облыстық соттың апелляциялық сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды.

 

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp