«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒЫТ АЙҚЫН, МІНДЕТ ЗОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2014 жылғы 11 қарашадағы “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты кезекті Жолдауында экономиканың негізгі салаларын дамыту бағыттары айқындалды. Мемлекет басшысы Ұлт жоспары – 100 нақты қадамда да осы мәселеге кеңінен тоқталған еді. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, ел экономикасын тұрақтандыру, дамыту және Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жолындағы Жаңа Экономикалық Саясатты жүзеге асыру – біздің бүгінгі таңдағы басты мақсатымыз.

Уәлиханов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Қазір біз қолда бар егіс алқаптарын ұлғайту және техникалық қайта жарақтандыру жұмыстарын қолға алдық.  

Өткен жылы ауа райының қолайсыз болғанына қарамастан, аудан диқандары орақ науқанын облыста бірінші болып аяқтады. Гектар өнімділігі 13,7 центнерден айналып, 225,3 мың тонна астық жиналды. Ал биыл 246,4 мың гектарға дәнді дақылдар себілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,2 мың гектарға артық. Жыл басынан бері 109 миллион теңгеге 10 жаңа ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Жанар-жағармай бағасын арзандату мақсатында 380 миллион теңге мемлекеттік жәрдемақы төленді.

Бүгінде ауданда мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударылуда, “Сыбаға”, “Алтын асық”, “Құлан”, “Ырыс” бағдарламалары жүзеге асырылуда. Мысалы, “Сыбаға” бағдарламасы арқылы “Керей – 2014”, “Досжан” фермерлік шаруашылықтарының, “Юнайт Инвест” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 172 бас ірі қара және “Құлан” бағдарламасы арқылы 108 бас жылқы алу жөніндегі өтінімдері мақұлданды. “Алтын асық” бағдарламасы арқылы 170 бас қой алуға өтінім берілді. “Ырыс” бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері мал шаруашылығын қолдау үшін 8 миллион 826 мың теңге мемлекеттік жәрдемақы төленді.

Мал шаруашылығында өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, малдың генетикалық және экспорттық әлеуетін арттырып, кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Мал шаруашылығымен айналысатын ірі құрылым – “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығы осы бағытта жұмыс істейді. 2013 жылы бұл шаруашылық АҚШ-тан 393 асылтұқымды ірі қара мал сатып алды. Бүгінгі күні олардың саны көбейіп 890-ға жетті, оның ішінде бұзау – 306 бас. Биылғы жылы аталмыш шаруашылық 215 бас ірі қара мал сатуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, шаруашылықта мал бордақылайтын алаң салу жоспарланған.

Елбасымыз Жолдауда экономиканың маңызды буыны – шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше назар аударды. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық мүмкіндіктердің арқасында ауданымызда бизнесті қолдау үшін барлық жағдай жасалған. Үстіміздегі жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы екі жоба жүзеге асырылуда. Бірі – “Северная Нива” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сыйымдылығы 60 мың тонна болатын элеваторы. Құны – 2 миллиард теңге. Құрылысы сәуір айында басталды. Құрылыс жұмыстарына 60 адам тартылса, оның жартысы – аудан тұрғындары. Екіншісі – ауданымыз бойынша облыстық индустрияландыру картасына енген ірі жоба – ас тұзын өндіретін “Жақсы Тұз Петропавл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісі. Жоба құны – 555 миллион теңге. 2014 жылы серіктестік Теке теңізіндегі тұзды пайдалануға рұқсат алды. Бүгінгі күні тұз өндіру жұмыстары басталды.

Шағын және орта бизнесті дамыту аясында осы жылы 8 жаңа нысан іске қосылып, 7 фермерлік шаруашылық және шаруа қожалықтары ашылды. Осы орайда фермерлік және шаруа қожалықтарына конкурс арқылы 12 676 гектар жер бөлінді.

Көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту – өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңірлерді байланыстыратын жолдардың маңыздылығын атап өткені мәлім.

2014 жылы аудандық маңыздағы жолдардың жөнделуі мен ұсталуына 491 миллион теңге бағытталды. Соның ішінде 250 миллион теңге – республикалық, 198 миллион теңге – облыстық, 23,2 миллион теңге – аудандық маңыздағы, 21,7 миллион теңге ауылдар ішіндегі жолдарға жұмсалды. Үстіміздегі жылы аудандық маңызы бар жолдарды ұстауға жергілікті бюджеттен бөлінген 21839,0 мың теңге пайдаланылмақ. Аудандық KTUL-341 “Қулыкөл-Қаратал” бағытындағы автомобиль жолын күрделі жөндеуге өңір басшысы Ерік Сұлтановтың қолдауымен облыстық бюджеттен 52202,0 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар, жолаушылар санының артуына байланысты облыс әкімінің қолдауымен “Кішкенекөл-Астана” бағытындағы пойызға үшінші вагон қосылды. “Кішкенекөл-Қулыкөл”, “Кішкенекөл-Аққұдық” және “Кішкенекөл-Көкшетау” бағыттарында автобус маршруты жұмыс істейді. Осылайша, автобус қатынасымен16 елді мекен қамтылды.

Өткен жылы “Жұмыспен қамту жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 9 тұрғын үй және тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мақсатында “Мөлдір су” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны салған 2 қабатты 12 пәтерлі үй пайдалануға берілді. Биылғы жылы “Мөлдір су” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының тағы 12 пәтерлі тұрғын үйі іске қосылады.

Аудан тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету – маңызды басымдықтардың бірі. Ауданда 2011-2020 жылдарға арналған “Ақ бұлақ” бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Тұрғындардың 16 390-ы немесе 95 пайызы таза ауызсумен қамтылған. 2013 жылмен салыстырғанда, таза ауызсумен қамтамасыз ету 11 пайызға өсті. Өткен жылы 36 километр қашықтықтағы “Ақтүйесай-Өндіріс-Жұмысшы-Жамбыл” аралығындағы және 27 километр қашықтықтағы “Молодая Гвардия-Мортық” бағытындағы су құбырының құрылысы аяқталды. Бүгінгі таңда “Чехов-Кішкенекөл” бағытындағы су құбырының құрылысы жүргізілуде. Жалпы, соңғы екі жылда осы бағдарлама бойынша 1 миллиард 19 миллион теңге қаражат бөлініп, игерілді.

Еліміздің тізгінін ұстар жастарымыздың білімді, алғыр болуы үшін мемлекет барлық жағдайды жасауда. “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында Елбасы апатты мектептер мен үш ауысымды оқыту проблемаларына ерекше көңіл бөлген. Біздің ауданымызда мұндай өзекті мәселелер жоқ.

Биылғы жылы аудан оқушылары білім берудің негізгі көрсеткіштерінің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесімен қуантты. Өткен жылы облыс бойынша бірінші орынды иеленген ауданымыз осы жылы да жақсы көрсеткішке қол жеткізді. ҰБТ нәтижесі бойынша орташа көрсеткіш 81,8 балды құрап, облыс бойынша екінші орынды еншіледік. Жеті түлегіміз – “Алтын белгіге”, бір мектеп бітіруші үздік аттестатқа ие болды. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіру, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушылардың жақсы білім алу үшін қажетті жағдайларды жасау – бұл біздің білім беру жүйесіндегі басты бағыттарымыз. Сондықтан биылғы жылы “Жұмыспен қамту жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы 26539,0 миллион теңгеге Өндіріс орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Әрине, дені сау, ойы сергек азаматтарсыз еліміздің дамуын елестету мүмкін емес. Сондықтан саламатты өмір салтын насихаттауға, спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Бүгінгі күні ауданымызда 103 спорттық нысан бар. Биыл олардың қатарына тағы тоғыз нысан қосылмақ. Спортпен жүйелі айналысушылардың саны – жалпы халықтың 27,7 пайызын құрайды. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш.

Аудан тұрғындарын, әсіресе, жастарды спортқа баулу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, өткен жылы А.Қазымбетовты еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Биыл ХІХ “Солтүстік – 2015” облыстық қысқы ойындары ұйымдастырылды. Облыстық қысқы ойындарын өткізу үшін аудан орталығында стандартқа сай жаңа хоккей корты салынды. Енді ірі жоба – дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды ойластырып отырмыз.

Бүгінгі күні Уәлиханов ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстар “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауда көрсетілген бағыттар және 100 нақты қадамда аталған міндеттер бойынша атқарылуда. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар әрі қарай жалғасады.

Аман ТӨРЕГЕЛДИН,

Уәлиханов ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp