«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА – ЖАҢА СЕРПІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыстағы агроқұрылымдардың басшыларымен кеңес өткізіп, 2015-2017 жылдары мал шаруашылығын дамытуға қатысты мәселелерді талқылады.

Ерік Хамзаұлы аграрлық сектордың басшыларын мал шаруашылығын дамытуға байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістермен, сол сияқты мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерімен таныстырып, демеуқаржыландыруға байланысты нақты мысалдар келтірді. Облыс әкімі жиналғандардың назарын қызметкерлерге инфляцияны ескере отырып, лайықты еңбекақы төлеу мәселесіне аударды. Бұл мәселені жыл сайын қарауды ұсынды.

Солтүстікқазақстандық фермерлердің көпшілігі мал шаруашылығын дамыту жұмысымен қазірдің өзінде айналысуда. Мысалы, Аққайың ауданындағы Павел Леоновтың шаруашылығында 585 ірі қара бар. Шаруа қожалығының жетекшісі алдағы үш жылда олардың санын 1500-ге жеткізуді жоспарлап отыр. “Леонов” ШҚ асылтұқымды репродуктор шаруашылық құрып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналыспақ.

– Алдағы уақытта сүт өңдеуді қолға алмақпыз. Егер бұл жұмыспен айналыспасақ, шаруашылығымыз рентабельді болмайды. Сондықтан 2016 жылы тәулігіне 10 тоннадай сүт өңдейтін цехты іске қосуды ойластырып қойдық, – деді Павел Яковлевич.

Шаруа қожалығының жетекшісі жоспарды мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асыруға болатындығына сенімді.

Мамлют ауданындағы “ИшимАгроНорд” ЖШС-нің директоры Игорь Гришанов алдағы үш жылда шаруашылығындағы мал санын 5000 басқа жеткізбек. Агроқұрылым үстіміздегі жылы 500 бас ірі қара сатып алғалы отыр.

Айыртау ауданында “Миллениум” шаруа қожалығы аз шығын жұмсап, өз күштерімен ферма тұрғызды. Бүгінгі күні онда 300 бас ірі қара күтілуде, оның 110-ы – сауын сиырлар. Шаруашылық жетекшісі Виктор Ладунский биыл тағы 100 бас мал сатып алғалы отырғанын айтады. “Миллениум” ШҚ малмен бірге жылқы өсірумен де айналысады.

“Прекрасное” ШҚ да мал басын көбейтуге мүдделі. Биылдың өзінде тағы 120 бас мал сатып алып, ірі қараның санын 300-ге жеткізбек. Сөйтіп, ферма жетекшісі Бақыт Құсайынов жыл сайын мал басын өсіру арқылы шұжық өндіруге арналған цех ашуды ойластыруда.

“Әліби” фирмасы да өз шаруашылықтарында мал өсіруді қолға алмақ. Компания тек Шал ақын ауданындағы серіктестіктеріне 1,5 мың бас ірі қара сатып алуды жоспарлауда.

Кездесу қорытындысы бойынша облыстағы агроқұрылым басшыларының әрқайсысымен алдағы үш жылда мал шаруашылығын дамыту жөнінде тиісті келісімдер жасалды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp