«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЙБІТШІЛІКТЕН АСҚАН БАҚЫТ ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында “Менің қазақстандық полициям” атты шығармалар байқауы өткен болатын. Қазақ тілінде жазылған қырықтан астам еңбектің ішінде елдегі тыныштық пен тұрақтылықты нығайтуда тынымсыз еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына деген сенімі, оларға деген ризашылық сезімі турасындағы ойларымен ерекшеленген Аяна есімді мектеп оқушысының шығармасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Сәлем, менің қымбатты досым Остап! Қал-жағдайың қалай? Отбасың аман ба? Теледидардан Украинада болып жатқан оқиғаларды көріп, сен үшін қатты алаңдадым! Сенің еліңде осындай жағдайдың орын алғаны өте өкінішті. Сенің хатыңды оқығанда, анам екеуміз мынадай шешімге келдік: сен міндетті түрде Қазақстанға қонаққа келуің керек. Қазақстанда адамдар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Сен білесің ғой, Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Ұлтым қырғыз болса да, мен өзімді еркін сезінемін. Өйткені, менің құқығым қорғалады. Туған жерімде мені ешкім де ешқашан да ренжітпейді. Бұл – үлкен бақыт! Сенің еліңде де осындай тыныштық пен тәртіп орнаса екен деп армандаймын.

Остап, сен хатыңда полиция қызметкерлерінің ерлігі туралы жазып едің ғой. Расында да, оларды бүгінгі күннің батырлары деуге әбден болады. Сенің атаңды ажалдан алып қалулары ерлік емес пе?! Хатта сен: “Қазақстанда тәртіп бар ма?” – деп сұрақ қойдың. Қазақстандық полиция қызметкерлері – біздің тыныштығымыздың сақшылары деп сенімді түрде айта аламын. Біз далаға шыққанда еш алаңсыз жүреміз. Өйткені, полиция қызметкерлері күндіз де, түнде де халыққа қызмет етеді.

Менің ойымша, полиция қызметкерлері бұрынғының батырлары іспеттес. Қазақ, қырғыз эпостарынан батырлар жерін, елін сыртқы жаудан қорғағанын білемін. Бүгінгі таңда тыныштығымызды қызғыштай қорып жүрген тәртіп сақшыларының да жұмысы жеңіл емес. Себебі, кез келген қоғамда тәртіп бұзушылар болған, бола береді де. Полицейлер олармен күресуді бір сәтке де тоқтатқан емес.

Менің кішкентай інім өскенде полиция қызметкері болғысы келеді. Біздің айналамызда ол үлгі тұтатын ағайлар мен апайлар жетерлік.

Қазақстандық полиция қызметкерлеріне мына өлең жолдарын арнасам деймін:

Қоғамдық тәртіпті сақтайды,

Халықтың сенімін ақтайды.

Еліне адал қызмет етіп,

Өз жанын еш аямайды.

Қазақстандық полиция қызметкерлері!

Әрқайсысы – халқымның нағыз ері!

Қалмасын жұртшылық назарынан

Олардың тамған қан мен тері.

Досым, хатымды ұғынасың деген сенімдемін. Қазақ тілін үйреніп жүргеніңе өте қуаныштымын. Қазақтың ұлы ақыны Абай: “Адам неше тіл білсе, сонша рет Адам”, – деген екен. Сен жақсы доссың, талаптысың. Болашағың жарқын болсын!

Аяна МАМУТОВА,

№21 орта мектептің

7-сынып оқушысы.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp