«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫНЫШТЫҚ ПЕН ТӘРТІП КҮЗЕТІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамдық тәртіптің берік орнығуына, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығына тікелей жауапты құқық қорғау органы саласының қызметкерлері қай кезде де жоғары талаптың үдесінен көрініп, жауапкершілік міндеттерінен жаңылмауға тиіс. Қиындығымен қауіп-қатері қатар жүретін мамандықтың иелері бұл ретте өз міндеттерін қалай атқаруда? Полицейлердің қызметін мінсіз, мерейін үстем ету үшін не істеу қажет? Күн-түн демей, ыстық-суықта тұрғындардың тыныштығын қорғау жолында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан өңіріміздің тәртіп сақшыларымен олардың төл мерекесі қарсаңында жолығып, жоғарыдағы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбіткен болатынбыз.

ҚОҒАМ ТӘРТІПСІЗДІККЕ ТӨЗБЕУІ ТИІС

Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Виктор Букреев:

– Ішкі істер органдарының қызметі ешқашан да бір орында тоқтап қалған емес. Өңірімізде үш мыңнан астам тәртіп сақшысы қылмыстық әрекеттер мен құқық бұзушылыққа қарсы күресті белсенді түрде жүргізіп келеді. Ісімізді қолдап, нәтижелі жұмыс атқаруға жағдай жасап отырған Мемлекет басшысының сенім үдесінен шығу – біздер үшін қашанда бірінші орында. Ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру, материалдық-техникалық базаны нығайту ісінде өңір басшысының да ерекше қолдауын сезініп келеміз. Биылғы жылы облыстық ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасына облыстық бюджеттен 200 миллион теңгеден астам қаражат бөлінсе, ел бойынша солтүстікқазақстандық полицейлердің автопаркі бірінші болып жаңартылды. Жалпы құны 80 миллион теңге тұратын қырық үш көлік өңірдің қоғамдық тәртібін қадағалайтын патрульді нарядтарға берілді.

Жыл басынан бері көшелерде жасалатын, сондай-ақ, бұған дейін сотталғандар мен жасөспірімдер жасайтын қылмыстардың саны едәуір азаюы да көрсетілген қарымды қолдаудың арқасы.

Полиция қатарында антына берік, қызметіне адал, сын сәтінде ерлік пен батырлық көрсете алатын жаужүрек қызметкерлеріміз жетерлік. Мұндай азаматтар жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында басшылық тарапынан марапатқа ие болуда. Биыл да қызметте, қоғамдық тәртіп пен қылмыспен күресте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген он бес қызметкер Ішкі істер министрінің, осыншама қызметкер облыс әкімінің марапаттарына ие болды. Алпыстан астам полицей департамент бастығының грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, департамент бастығының кеңесшісі Сұраған Көпеев:

– Саналы ғұмырымның жартысына жуығын осы салаға арнаған екенмін. Бүгінде жасым сексенге таяды. Әйтсе де, өмірімнің мәніне айналған құқық қорғау саласынан қол үзгім келмейді. Жас полицейлерге тәлім-тәрбие беріп, күш-қуатым жеткенше осы саланың ардагерлеріне қамқорлық көрсетіп, оларға өз пайдамды тигізсем деймін.

Біздің кезімізде материалдық-техникалық базаны жаңарту қиын шаруа болатын. Бүгінгі тәртіп сақшыларына жасалып отырған қолдауды көріп, тәубе дейміз. Ел тәуелсіздігімен бірге дамыған қазақстандық полицияның тарихында құқық қорғау саласының дәл осындай материалдық-техникалық базасы болған емес. Полицейлердің еңбекақылары көтеріліп, әлеуметтік қолдау жақсара түсуде.

Полиция қызметкері халықтың қорғаны дейміз. Олай болса, түрлі қылмыскерлермен күресетін сол сақшылардың өздері әлжуаз болмауы керек. Тәртіп сақшыларының тәлімгері ретінде оларға жұмыстарына адал болсын, жемқорлық деген жегі құртқа жоламасын деп тілеймін. Заңның сақталуын қадағалап, қылмыспен сапалы күресіп, осылайша адалдықпен, абыроймен зейнетке шығуларын қалаймын.

Петропавл қаласы, Уәлиханов көшесіндегі 8-ші тірек пунктінің учаскелік инспекторы Бейбіт Әлімжанов:

– Түскен шағымдар бойынша оқиға орнына жедел жетіп, істің ақ-қарасын анықтау, азаматтарды өтініштері бойынша қабылдау, өзіне бекітілген аулалар мен көшелердегі қоғамдық тәртіпті қадағалау – учаскелік инспекторға жүктелген міндеттердің бір бөлігі ғана. Таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанымда, қызым ұйықтап жатады, түннің бір уағында келгенімде де сәбиімнің тәтті ұйқысын тамашалаумен ғана қанағаттанамын. Бала тәрбиесіне үлес қоспай жүргеніме кей кездері кейитінім рас. Әйтсе де, бала кезімнен арман еткен қызметтен бас тарту, болмаса басқа құқық қорғау саласына ауысу туралы ойламаппын. Жұмысымның табалдырығын аттаған сәттен бастап, 14 мыңнан астам тұрғыны бар учаскемде қызу тірлік басталды. Дамылсыз шырылдап, көмекке шақырған қара телефоннан қоңырауларды қабылдай салысымен, көлігімізге отырып, оқиға орын алған жерге жедел жетуге тырысамыз. Бір жерде бас жарылып жатса, енді біреулер сотқарлар мен ұрлықшылардың құрбаны болып жатқаны. Осындай жедел оқиғалар арасында осы учаскедегі үш инспектор өзі жауапты ауданға шығып, тұрғындармен жолығуға да міндетті түрде уақыт табуымыз қажет. Қоғам тәртіпсіздікке төзбеуі тиіс.

ПОЛИЦИЯ БЕДЕЛІ

ҚАЙТСЕ АРТАДЫ?

Виктор Букреев:

– “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” дегендей, ішкі істер органдарының өзінде де кетпеннің бір басын басып, сабы маңдайына тиіп жататын жағдайлар көп. Яғни, құқық қорғау саласының абыройын төгіп жүрген қызметкерлер бар. Біз олармен күресті үнемі жалғастырып келеміз.

Ішкі істер органы қызметкерлерінің саны басқа құқық қорғау саласының қызметкерлерінен әлдеқайда көп. Сонымен қатар, қылмыскерлермен бетпе-бет келетін де, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда халықпен тығыз жұмыс істейтін де ішкі істер органының қызметкерлері. Сол себепті полицейлерді органның басшылары ғана емес, халық болып тәрбиелегеніміз абзал. Бүгінгі таңда оларды дұрыс жолға бағыттау үшін қоғамдық ұйымдармен жұмыс жүргіземіз. Одан бөлек, арнайы бағдарламалар арқылы дайындықтан өткізіп жатырмыз.

Қызметін дұрыс атқармаған, өзі қоғамның қауіпсіздігін сақтайтын қызметкер бола тұра құқық бұзатын болса, бірден жұмысынан шеттетіп, тиісті жазасын береміз. Ондай азаматтар біздің сапта жұмыс істемеуі тиіс.

Сұраған Көпеев:

– Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қойылатын талаптар көп. Заңдылық пен қызметтік тәртіпті ең әуелі полиция қызметкерлері қатаң сақтауы тиіс. Ішкі істер органы қызметін жанға жайлы жұмыс деп білетін жалған түсініктегі азаматтар да табылып жатады. Шындығында, кәсіптің жеңілі жоқ. Ал тұрғындардың тыныштығына тікелей жауапты полиция қызметкерлері тәуліктің әрбір сәтін дабылсыз өткізген емес. Ендеше, осындай жауапты салада ұстанымы берік, ар-ұяты таза, денсаулығы мықты, қиындықтарға төтеп бере алатын табанды азаматтар ғана қызмет етуге міндетті. Ардагерлер кеңесінің мүшелері жас қызметкерлермен жолығып, оларға полицейдің беделі қашанда биік болуы керек дегенді айтудан жалыққан емеспіз. Оларға өзіміздің жұмыс тәжірибелерімізді үйретіп, білім-біліктерімізбен бөлісіп отыруды игі дәстүрге айналдырдық.

Бейбіт Әлімжанов:

– Қылмыстың алдын алу және күдіктіні дер кезінде құрықтау бағытында сан қилы қиындықтармен бетпе-бет келетін біздер табанды әрекеттерімізді ерлік дегеннен гөрі күнделікті қызметтік міндет деп ұғынғанымыз дұрыс. Кейбір жағдайларда қарапайым халықтың полиция қызметкерлерінің әрекетіне көңілдері толмай, сын тағып жататыны да рас. Бір анығы, полицейлер қолдан келгенін аянып қалмақ емес. Олар өз міндетін қадари-халінше жүзеге асыруға тырысады. Әсіресе, жас полицейлер заң аясында қажырлы еңбек етіп келе жатқанын нық сеніммен айта аламын.

Алдағы уақытта да беделімізді арттырып, өңір жұртшылығының сенімін ақтап, қоғамдық тәртіпті қадағалау жолында аянбай еңбек ететін боламыз.

Сұхбатты жазып алған

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp