«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОН ЖОБА МАҚҰЛДАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімдігі жанындағы өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында солтүстікқазақстандық бірнеше кәсіпкер “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттің демеу-қаржысына ие болды. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен жиында өңірлік кәсіпкерлік және туризм басқармасына келіп түскен 10 жоба қаралып, кеңес мүшелері барлығына демеуқаржы бөлуді мақұлдады.

Ондағы 3 өтініш бағдарламаның бірінші бағытындағы моно және шағын қалалар мен ауылдық жерлердегі жаңа бизнес бастамаларды қолдау талаптарына сай келсе, 7-еуі – экономиканың басым секторларындағы өндірістерді жаңартуға және ұлғайтуға бағытталған жобалар.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Сәрсенбаев” жеке кәсіпкерлігі “Қазақстанның Халық банкі” қаржы институтының өңірлік филиалынан екі бағыт бойынша несие алмақ. Екі жобаның құны – 34 миллион теңге, оның ішінде кәсіпкердің үлесі – 4 миллион теңге. Банктен алғалы отырған несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесін мемлекеттік демеуқаржы есебінен жапқан кезде кәсіпкер 8 484 751 теңгесін үнемдейді. Кәсіпкер екі несие бойынша бес жылдың ішінде жыл сайын 851 000 теңгеден салық төлеп, үш жаңа жұмыс орнын ашуды өзіне міндет етіп отыр. “Сергеевский заготторг” ЖШС 4 396 000 теңге қаржыны трактор сатып алуға жұмсамақ. 35 ай бөліп төленетін банк несиесінің жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 10 пайызы, яғни 6411 83 теңгесі мемлекет есебінен жабылатын болды.

Сол сияқты петропавлдық кәсіпкерлер: пластикалық терезелер жасаушы “Мартыненко И.Л.” жеке кәсіпкерлігіне, жүк көліктеріне тұрақ ұсыну қызметін көрсетіп отырған “Север Интеркабель” ЖШС-іне, құрылыс саласы нарығында жүрген “Минасян Н.И.” жеке кәсіпкерлігіне, құрылысқа арналған керамзит блоктар шығаруды қолға алғалы отырған “ЭкоПлит” жеке кәсіпкерлігіне, медициналық сауықтыру кешенінің құрылысы мен стоматологиялық қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлап отырған “Жуланов С.К.” жеке кәсіпкерлігіне мемлекеттің көмегі көрсетіліп, әрқайсысының қаржы институттарынан алған несиелерінің жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызы демеуқаржы есебінен жабылатын болды. Осы жобалар үшін мемлекеттік қордан үш жылға 56,3 миллион теңге ақша бөлініп отыр. Оның 15 миллион теңгесін кәсіпкерлерді несиелеген банктер биыл алады. Бұл жобалар жүзеге асырылған кезде 50 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp