«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨШПЕЙТІН ІЗ ҚАЛДЫРҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен адам болады көзден таса,

Оны іздеп, ешкім де ойламаса.

Ол кетсе де, белгісі жоғалмайды,

Керектігін ескеріп, ұмытпаса.

ШӘКӘРІМ.

Елімізде ақыл-парасатын, білімі мен күш-жігерін елі, халқы үшін аямай жұмсаған, қоғам алдындағы қызметін абыроймен атқарып, беделін өз еңбектерімен өсірген қазақ азаматтары аз болған жоқ. Сондай абзал азаматтардың бірі, еңбек еткен жерлерінде игі із қалдырған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков көзі тірі болса, биылғы маусымның 22-сі күні 85 жасқа толар еді.

Е.Әуелбеков біздің облыстың Ғабит Мүсірепов атындағы ауданының Жаңасу ауылында 1930 жылы туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін ауыл баласы өзінің болашақ өмірін Жер-Анаға арнау мақсатымен Москваның К.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жас маман облысымызда еңбек жолын агроном болып бастайды. Елуінші жылдың орта кезінде ауыл шаруашылығы саласында отызыншы жылдары құрылған машина-трактор станцияларының (МТС) атқаратын рөлі үлкен еді. Ол көп ұзамай Ленин (қазіргі Есіл) ауданындағы Николаев МТС-ның бас агрономы болып қызмет атқарды, содан кейін Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданында Коновалов МТС-ның директоры болды.

Сол кездерде қалыптасқан тәртіп бойынша ауданның барлық техникасы бір қолда, яғни МТС-тың қарамағында болатын. Белгіленген кесте бойынша МТС-тың техникасы ұжымшарлардың жерін жыртады, өңдейді, тұқым себеді, күзде егінді жинайды. Аудандарда ол кездерде негізгі ауылшаруашылық ұжымдары ұжымшарлар болатын. 1954 жылдың көктемінен бастап елімізде тың көтеру науқаны өріс алды. Ең алғашқы тың игерушілер біздің Октябрь ауданының игерілмей жатқан, бұрынғы ата-бабаларымыздың жайлауы болған жерлерді жыртып, қоныстар сала бастады. Елуінші жылдың екінші жартысында ауданда сегіз кеңшар ірге қалады.

Тыңмен бірге ауылшаруашылық құрылымдары да өзгеріске ұшырады. Аудандардың бүкіл техникалық күш-қуатын бір қолда ұстап тұрған МТС-тар да ыдырай бастады. 1957 жылы біздің аудандағы Коновалов, Ворошилов, Тораңғыл МТС-тары таратылды. Дәл осы жылы Еркін Әуелбеков 1955 жылы іргесі қаланған “Марьев” кеңшарының директоры болып тағайындалды. Сол жылы менің туған ауылым – Жалтыр осы кеңшардың құрамына бөлімше ретінде кірді. Жаңа шаруашылықтың құрамына Сергеевка поселкесі, Чапай, Жалтыр, Бағанаты қосылды. Бес бөлімшенің жер көлемі әжептәуір болды. Осы кеңшарды Еркін Нұржанұлы елу жетінші жылдан алпыс бірінші жылдың аяғына дейін басқарды.

Қанша дегенмен, ол кісі ауылдан шыққан азамат қой, халықтың әлеуметтік жағдайына көп көңіл бөлетін еді. Біздің ауылда да сол жылдары көптеген әлеуметтік маңызы бар нысандар – жаңа мектеп, клуб, монша, дүкен салынып, іске қосылды. “Үй саламын” деген адамдарға Түмен, Қорған облыстарынан қарағай бөренелер әкелуге кеңшар жәрдем жасап, жүк машиналарын берді. Бір сөзбен түйіндегенде, аз уақыттың ішінде ауыл бейнесі танымастай өзгерді.

Осы уақыттарда кеңшар басшысы ауылдарда жиі болып, адамдардың мұң-мұқтажын біліп қайтатынын әке-шешелеріміз, ағаларымыз, жалпы жұртшылық сүйсіне айтатын. Сол себептен де оны өте сыйлайтын еді.

Бала кезімдегі бір оқиға есіме түседі. Анам Күлзипа бөлімшенің трактор-егіс бригадасының аспазы болып бірнеше жыл жұмыс істеген. Жалғыз өзі таң сәріден бригада басына жаяу ерте кетеді де, содан түнде қараңғы түсе оралады. Механизаторларға екі мезгіл тамақ дайындайды. Жұмыс өте ауыр, ол кезде газ деген жоқ, ағаштың ішінен жиылған шырпыларды жағады. Оны да өзі дайындайды. Түс кезінде отызға жуық адам тамақтанса, кешке жиырмаға жуық механизатор ас ішеді. Басқа республикалардан жұмысшылар ораққа келеді. Сондықтан шешемнің жұмысы өте жауапты әрі ауыр еді. 1959 жылы болуы керек, мен 5-сыныпта оқимын. Сол жылы жаздың орта кезінде анам бөлімше басқармасы Шұғайып Әлімжановқа бұдан былай аспаз болып істей алмайтындығын айтып, күні бұрын ескертеді. Кеңшар директоры Еркін Нұржанұлы дала қосына келгенде осыны байқап, артынан шешемді кеңсеге алдырып, сөйлесті. Өйткені, сол әңгіме үстінде мен де болғам. “Апам биыл жұмысқа бармайды, жұмысы ауыр, таңертең ерте кетеді, түнде кеш келеді, жаяу жүреді, үйде болмайды, сабақтан кейін ағаш арасынан шырпы тасуға мен де көмектесемін”, – деген сөзді қосыппын. Сол кезде директор маған қарап: “Сен нешінші класта оқисың, анасына жаны ашып тұрғанын қарашы! Молодец, ертең оқып, білімді азамат болсаң, сенен мықты адвокат шығады екен. Жақсы оқы, білім ал!” – деп батасын бергені есімде қалды.

Осыдан кейін апамның жанына екінші аспаз және отын дайындайтын жұмысшы қосылып, директор оларды штат бойыша бекітті.

Еркін ағай совхоз жұмысшыларына, ауыл тұрғындарына өте сыйлы болды. Оны 1961 жылы тура облыс басшылығына жоғары лауазымды қызметке ауыстырды. Ерекеңнің біздің ауданымыздағы еңбегін онымен бірге істеген ағаларымыз жоғары бағалап отыратын. Әсіресе, ол кісінің ұлтжандылығын, туралығын, әділдігін бәрі де ризашылықпен айтушы еді. Ол бірыңғай өз ұлтымыз тұратын елді мекендерінің өркендеуіне аса жанашырлықпен қарайтын.

Өзінің білімдарлығымен, ақыл-парасатымен, зор ұйымдастырушылық қабілетімен қызметі жоғарылаған Еркін Нұржанұлы Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. 1991-1992 жылдары еліміз Тәуелсіздік алғанда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды.

1991 жылы маусым айында біздің ауданға келіп, бұрын бір ұжымда еңбек еткен, өзін білетін жерлестерін қуантты. Ол кісіні сол кездегі облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, жерлесіміз Мәркен Ахметбеков ауданның бүгінгі әлеуметтік ахуалымен таныстырды. Оны көпшілік, тұрғындар аса бір ілтипатпен қарсы алды. Ерекең уақыттың тығыздығына байланысты Жалтыр ауылында және “Марьев” кеңшарының орталығы – Ақанбараққа ғана соғатынын айтты.

Жалтыр ауылында Еркін Нұржанұлын отыз жыл бұрын өзіменен бірге еңбек еткен замандастары Қайбар Құсайынов, Қайретден Кәләкібаев, Қайыр Құрманғалиев, Бектас Смағұлов, тағы басқалары күтіп отыр екен. Жылы амандасқаннан кейін бұрынғы директор ауылдың тұрмыс жағдайын сұрай бастады. Еркін Нұржанұлы әңгіменің арасында: “Қазір қиын заман келе жатыр. Бұрынғы одақ жоқ, ал жаңа ғана шаңырақ көтерген мемлекетіміздің алдында әр салада біраз күрделі жұмыстар тұр. Соның бірі – ауыл шаруашылығы. Сіздерде де қиыншылық болады, ол – заңды нәрсе. Сол қиыншылықтарды біз бірлесе жеңуіміз керек. Барлығы өздеріңізге, ұйымшылдықтарыңызға байланысты. Елдің болашағын ойлауларыңыз керек”, – деп берген ақылкеңестері есте қалды.

Кездесуде сөз алған ауыл тұрғыны Қайбар Құсайынов былай деді: “Еркін Нұржанұлы, біз сізбен кездескенімізге өте қуаныштымыз. Атыңыздың басын ешқайда бұрмай, тура мына біздің Жалтыр ауылына келуіңіз сіздің кешегі өзіңіздің қарамағыңызда еңбек еткен замандастарыңызға, жалпы қазақ ауылына деген сағынышыңыз деп білемін. Біз елу жетінші жылдан алпыс бірінші жылға дейін сізбен қоян-қолтық еңбек еттік. Сіз сол кезде жас болсаңыз да, жақсы басшы бола білдіңіз. Осы жылдары біздің ауылдың көркі өзгеріп, мәдениетіміз көтерілгені белгілі. Одан бұрынғы ұжымшардағы өміріміз, тіпті, қараңғы түн тәрізді болды. Сіз біздің бірінші директорымыз болдыңыз, біздің қандай жетістіктеріміз болсын, ол сіздің еңбегімізбен байланысты. Біздің “Марьев” кеңшары сізге құтты болды. Бізден жоғарылап, облыста, республикамызда, одақ деңгейінде жақсы қызметтер атқардыңыз. Сіз қай жерде еңбек етсеңіз де, біз сіздің еңбек жолыңызды сырттай бақылап отырдық және шынайы тілектес болып жүрдік. Сізге біз әлі де еліміздің одан әрі өрлеуіне өз үлесіңізді қосуыңызға, денсаулығыңыз мықты болып, аман-сау жүруіңізге тілектеспіз”, – деп көпшіліктің көкейіндегі сөзін жеткізді.

Мен осы жылдары Марьевка ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқаратынмын. Атқару комитетіне екіқабатты жаңа ғимарат салынып, соған көшкенбіз. Екінші қабаттың акт залында келген қонақтармен кездесу өткізу жоспарланып қойылған. Қонақтар Жалтырдан тура аудан орталығы – Сергеевкаға соқпай, Ақанбараққа келді. Ақанбарақта ауылдық кеңестің жанында қонақтар Жалтырдан оралғанша бұрынғы “Марьев” кеңшарының жұмысшылары, мамандары жиылды.

Еркін Нұржанұлын барлығы қошеметпен қарсы алды. Кеңшардың бұрынғы еңбеккерлері Николай Копоненко, Уатай Тоғызбаев, Прасковья Соколова және басқалары отыз жыл бұрын кеңшарда бірге қызмет еткен кездерді жылы еске алып, Ерекеңе өздерінің игі тілектерін білдіріп жатты. Өзінің сөзінде Еркін Нұржанұлы келешекте еліміздің жақсы, жарқын болашағын айтып, тыңдаушылардың жүрегіне сенім сәулесін түсіргендей болды.

Қадірлі қонаққа “Сары бұлақ” дейтін көркем ағаштың бауырында арнайы ақ киіз үй тігіп, қонақасы бердік.

Кейінірек мен ол кісі, тіпті: “Аудан орталығына соқпай, аукомға кірмей, тура Жалтыр ауылына баруды неге талап етті екен?” – деп ойладым. Артынан әлгі сұрағыма жауап тапқандай болдым. Еркін Нұржанұлы Жаңасу деген қазақ ауылынан шыққан. Кезінде ауылдың нәрін алған, қымызын ішкен, ауыл тұрмысының барлық қасиеттерін бойына сіңіре білген. Қалаларда қаншама тұрса да, ауыл өмірі оның жүрегінде екен ғой. Жас кезінде бір ұжымда бірге еңбек еткен замандастарын сағынғаны көрініп тұрды. Сол себептен біздің ауылға келуі өте заңды еді.

Еркін Нұржанұлымен біздің облыста етене бірге қызмет істеген ағаларымыз әлі де бар шығар деп ойлаймын. Келешекте Ерекеңнің 90 жылдығына қомақты кітап шығарылса, ол үлкен абыройлы іс болар еді-ау.

Осынау асыл азаматты ешқашан да ұмытуға болмайды. Ол кісінің өмірі, еңбек жолдары болашақ мемлекет және қоғам қайраткерлеріне үлгі деп есептеймін.

Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ,

еңбек ардагері.

Шал ақын ауданы,

Сергеевка қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp