«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМҒА ӨМІР СЫЙЛА!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық қан орталығына халық әдеттегіден көп жиналды. Дүниежүзілік донор күніне орай орталықтың директоры Сабыржан Тәукелов өте ұқыпты, қажет болған жағдайда әрқашан қан беруге дайын тұратын үздік донорлар Ю.Наумочкин, Р.Хамзин, Р. Мамбетов, В.Садвакасов, В.Пресняков, А.Бабин, В.Щепёткин, И.Хлебникова, А.Колмаковты Алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтар тапсырды. Ол отандастарымыздың өмірін сақтап, ұзақ жылдар бойы үнемі қан беріп келе жатқан донорларға алғысын білдірді.

Облыстық қан орталығында донорларға ақысыз қызмет көрсетіледі. Соңғы жылдары облыста жас донорлар қатары көбейіп келеді. Әсіресе, жоғары және арнаулы оқу орындарында оқитын студенттер жиі донор бола бастаған.

Қан орталығының жұмысы жайлы айтқанда, қауіпсіздік шараларына ерекше назар аудармаса болмайды. Орталықта қауіпсіздік қатаң бақыланады. Донор қанын немесе оның компоненттерін дайындау ісі толығымен бір рет қана қолданылатын жүйелер арқылы атқарылады. Донор мен науқастың денсаулығына қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дәрігерлер бірнеше тексеріс кезеңін жүзеге асырады.

Қан орталығының зертханаларында қан арқылы жұғатын ВИЧ инфекциясы, В және С гепатиттері, сарып пен мерезге сараптама жүргізіледі. Зертханада тексерілмеген қан науқасқа құюға жіберілмейді. Бүгінде облыстық қан орталығы жаңа заман талабына сай қажетті медициналық және зертханалық талдау жүргізетін құрал-жабдықтармен жеткілікті қамтамасыз етілген.

Адам өміріне араша болуға ниеттеніп, қан тапсырғысы келген әрбір донорды облыстық қан орталығы қуана қарсы алады. Бірақ донор болатын адамның жасы 18-ден асқан, денсаулығы жақсы әрі қолында төлқұжаты болуы шарт. Соның өзінде кез келген адам донор бола алмайды. Өйткені, олар қан тапсырар алдында дәрігерлік және зертханалық тексеруден өткізіледі.

Мамандардың айтуынша, қан тапсырғанда адамның қан айналу және иммундық жүйесі жақсарып, жүрек-тамыр, қатерлі ісік ауруларына шалдығуы азаяды. Ең бастысы, донор өз денсаулығын тексертіп, өзге жанның өмірін сақтап қалады. Донор бар-жоғы 450 мл. қан тапсырады және оның орны бірнеше күн ішінде қалпына келеді. Өткен жылы солтүстікқазақстандықтар 6 мың литрден астам қан тапсырыпты.

 

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp