«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Гәкку

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Түрлентіп тоқсан түрлі ән саламын,

Жай тастап құлашымды кең аламын.

Түскенде сен есіме ерке Гәкку,

Құлпыртып осынау әнді толғанамын.

Бұл – ғашықтық ғаламатына бөленіп, сезімнің сергелдеңіне түскен Үкілі Ыбырай бабамыздың шығармашылығының шыңына айналған “Гәкку” әні. Тоқсан түрлі құбылып, ақынның ғашығына деген іңкәр махаббаттан лапылдап жанған жалын көңілін, екпіндетіп емен жыққан асау жүрегін, мамыр айында нөсерлеп жауған майда-мақпал жауын сезімін білдіретін, бар импровизаторлық қабілетін танытатын осы бір асқақ әнді біздің халық аузынан тастаған емес.

Қарға аунаған түлкідей жан дүниесі тоқсан түрлі кейіпке енген бұл халге Ыбырай бабамыз XIX ғасырдың сексенінші жылдары тап болады. Серілік жолға түскеніне аз ғана уақыт өтсе де, жан-жағына нөкер жиып, сән-салтанатын түгендеп, үлде мен бүлдеге оранған киім киіп, бедеу атқа мінген үкілі бабамыз алқа-қотан отырған бір ауылға ат басын бұрады. Жақындап келген бір топ жас жігіттің керім жүрістерін байқаған жұрт “сал-серілер” екенін біліп, балалар жағы сүйіншілей жүгіріп, ә дегенше ауыл адамдары бір төбеге жиылып, шуласып, дәстүрге сай аса үлкен құрметпен қаумалаған қыз-бозбалалар мен күлімкөз жеңгейлер Ыбырайдың аяғын жерге тигізбей ат үстінен бірден ақ киізге түсіріп, көтере жөнеледі. Халқымызда хан сайлағанда ақ киізге отырғызып, құрмет білдіретін дәстүр бар. Дәл осы дәстүрді ханмен қатар қашанда ел сөзін сөйлейтін, халқымен жаны бір еркелері – “сал-серілерге” де аса үлкен құрметпен жасап келді. Бұл да болса өнер десе, ішер асын жерге қоятын, дала заңын дәріптей білген рухы асқақ елдің жоғары мәдениеттілігінің бір көрінісі болар. Үкілі Ыбырай өзінің тоқсан түрлі шырқалатын “Гәккуінің” бір нұсқасында: “Қыздан да қылықтымын жүрген жерде, Ханнан да қадірлімін туған елге”, – деп елінің өзіне жасаған құрметін мақтанышпен әнге қосады. Шіркін, орындаушысы мен тыңдаушысы жарасқан заман еді ғой…

Ауылдарына ат басын бұрып келгендеріне ризашылығын білдірген үлкендер жағы сал-серілермен қатар, ауылға құт-берекенің келетінін айтысып, ырымдап, мәре-сәре болып жатты. Амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін келген қонақтар төрге озып, үй ішіне кірді. Қазан көтеріліп, қымыз ұсынылды. Ыбырайдың қасындағы сайдың тасындай іріктелген бір топ жігіттің өнерін күллі ауыл болып тамашалады. Күмбірлеп күй төгіліп, тамылжып ән де шырқалды. Осылайша, елдің ажары кіріп, ән-жырдың жәрмеңкесі қыза түсті. Қас қарайғанша “сал-серілердің” келгенін естіген сол атыраптағы алыс-жақын ауылдардан “Ыбырайдың әнін тыңдаймыз” деген халық жиылып, қазақ даласы ән мен күйдің жәрмеңкесіне айналды. Ыбырай да тыңдаушысына енді кезіккендей екілене ән салып, өзіне ұстаз болған Ақан серінің, Біржан салдың әндерін нақышына келтіре орындап, сусап қалған елдің шөлін қандырды.

Күн қызарып ұясына батқан соң өздеріне тиесілі сыбағаларынан дәм татқан сал-серілер дәстүрге сай тек жас қыз-келіншектер мен бозбалалар қатысатын ойындарын бастап кетті. Ойынның шарты бойынша, жастар дөңгелене шеңбер құрып отырып, жігіттер жағы бір-біріне домбыраны кезекпен ұсынып, сол шеңбердегі өзіне ұнаған аруын табан астында өлең құрап, қасына шақырып отырған. Ал жігіттің ортаға салған өнері, арнаған өлеңі қыздың көңілінен шықпай жатса, ол қыздың өзіне басқа өнер көрсетіп, күй не болмаса ән салып беріп, өзі отырған орнында қалуға мүмкіндік берілген. Осылайша, кеш соңына дейін әркім өзінің көңіліне жақын, сүйген адамының қасынан табылған. Бұл да болса бір-біріне бұрыннан ынтық болып жүрген жастардың тіл табысуына үлкен мүмкіндік туғызған. Міне, осындай жиындарға күлімкөз жеңгейлер оң жақта отырған еркелерін, яғни қайын сіңлілерін ерте жүрген. Себебі, оң жақта ұзақ уақыт отырған қыз жеңгесінің ғана емес, ата-анасының да, тіпті, бүтіндей сол ауылдың уайымына айналса керек. Сондықтан болар ол замандарда қыздар қауымының барлығы дерлік өз теңдерін тауып, уақтылы құтты жерлеріне ұзатылып отырған.

Бұл ойынға осы ауылдың өнерлі деген жастарының бірі, сырнай мен домбыраны қатар меңгерген, ақылына көркі сай әнші қызы – 17 жасар Кәкимә да қатысады. Кезегі келгенде ол да салалы саусақтарын жүгіртіп, сырнаймен тамылжыта ән салады. Ән аяқталғанша Кәкимә мен зерек көңілді Ыбырайдың көздері бірнеше рет түйісіп қалып отырды. Қоңырқаздай сыңғырлаған қыздың дауысына еліткен Ыбырай ән аяқталғаннан кейін де біраз уақыт жан дүниесімен арпалысқандай, ет жүрегі тулап, көкірек тұсы қыза түскендей күй кешіп, ынтық сезімге бөленеді. Ақынның басын хор қызындай үнімен-ақ сиқырлап тастаған Кәкимә да Ыбырайға көзінің астымен қарап, өнерлі жігітті шын көңілімен ұнатып қалғанын түсінді. Кезегі келгенде Ыбырай да аянып қалған жоқ.

Не деген шалқар тынысы,

Ақ маралдай жүрісі.

Өңменімнен өтті ғой,

Әсерлі әннің дыбысы… – деп, Кәкимәға арнап өлең құрап, қасына алдырды. Әдеппен ақынның оң жағына барып отырғанда үй ішіндегілер бірден сұлу жарасымдылықты байқап қалды. Осылайша, махаббат оты лаулай түсті. Ойын соңында халық тарап, екеуі аз уақыт оңаша қалғанда сырларының тоқетерін түйіп, бір-бірлерін сүйіп қалғандарын айтысып, қоштасты.

Өзіне арнап тігілген үйдің түндігін жапқызбай аспанға қарап, небір ойға шомған Ыбырай түні бойы алқымына тығылған дыбыстарды шығара алмай ыңылдап, өз-өзімен арпалысып, талықсып барып ұйқыға берілді. Ұйықтап жатып түс көрді. Түсінде шалқар көлдің жағасында ақ көйлегі желбіреп, өзіне қарай еркелей басып келе жатқан Кәкимәні көреді. Ал айдынның ортасында екеуінің махаббатын әнге қосқандай, қанатын керіп қаңқылдай жүзген аққу құс. Құс пен қыз… Аққу мен Кәкимә…

Жүрер алдында Ыбырай халықтың сұрауы бойынша бірнеше ән орындады. Аяғында: “Кәкимә, мынау саған деген менің жолаяғым”, – деп табан астында бір сазды да, сұлу әнге басты. Кешеден бері алқымына тығылған, жүрек қылын тербеткен сиқырлы сезім ән болып төгілді. Көрген түсі әнге айналды.

Аралап талай жердің дәмін таттым,

Құс салып айдын көлде дабыл қақтым.

Айта алмай Гәккуімді ешбір адам,

Маймаңдап қоңыр қаздай мамырлаттым.

Шомылған айдын көлде сіз бір аққу,

Естіппе ең мұндай әнді бек ләзәтлу.

Сырнай мен домбыраның ортасында,

Балқыған қорғасындай қайран Гәкку.

Осылайша, шын ықыласымен бағасына жете құлай сүйген, бітім-болмысы бөлек туған ерке Кәкимә қызды махаббат символына айналған аққу құсқа теңейді. Міне, осы бір әсерлі кездесуден кейін Үкілі Ыбырай бабамыздың кейінгі шыққан әндерінің барлығы дерлік осы “Гәкку” әнінің айналасында өрбіген.

Бүгінде “Гәкку” әнінің нотаға түскен 6 нұсқасы белгілі. Ыбырайдың көптеген әндерінің жарыққа шығуына аянбай еңбек еткен, қазақтың маңдайына біткен аяулы әншілерінің бірі, Халық әртісі, профессор Қайрат Байбосынов “Гәккудің” нұсқаларын былайша түсіндірген еді: “Ең біріншісі “Бас Гәкку” – белгілі күміс көмей әнші Күләш Бәйсейітованың орындауындағы “Қыз Жібек” операсындағы Жібектің әні. Бұл – Ыбекеңнің Кәкимәға кезіккендегі шығарған негізгі “Гәккуі”. Одан кейін ғашықтық сезімін білдіретін бірнеше түрі – Кәкимәні аңсағанда шығарғандары. “Гәккудің” ең соңғы түрін Ыбырай жолаушылап келе жатқанда жаңадан қойылған жас қабірге кезігіп, құлпытастан “Кәкимә” деген жазуды оқығанда тұла бойы мұздап, бұл фәниде қосыла алмағанына өкінішін білдіре отырып, шығарған екен. Бұл Ыбырайдың өмірлік махаббаты, музасына айналған Кәкимәмен қоштасу “Гәккуі” болса керек”.

Ақынның өмірі мен шығармашылығын қоса зерттеген Кәкімбек Салықов: “Гәкку – арман, Гәкку – тағдыр, Гәкку – қазақ өнерінің сөнбес жұлдызы”, – деп бағасын берді. Ал мен үшін “Гәкку” Ыбырайдың ғашығына арнап әнмен тұрғызған махаббат мұнарасындай болып көрінеді. “Гәкку” – шынайы, кіршіксіз махаббаттың ескерткіші.

Біржан ЕСЖАНОВ,

дәстүрлі әнші, өнер

колледжінің оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp