«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНА МЕЙІРІМІН ІЗДЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде туған баласынан безген “көкек аналар” азаймай отыр. Балалық шақтың балдәуренін емес, кермек дәмін татып, анасының ыстық құшағы мен аялы алақанының жылуын сезіне алмай өсіп келе жатқан қаншама бала бар. Олар жетімдер үйлерінде тәрбиеленіп жатыр. Перзентінің жанарын жәудіретіп кете барған, өзі тасбауыр ана атанғандардың жайы өзекке өкініш ұялатады. Бұл – қоғамның қасіреті, ащы да болса шындығы.

 

Бауыр еті баласын тастап кеткендерді қоғамда “көкек ана” дейді. Себебі, көкек – ешқашан ұя салмайтын құс. Жұмыртқасын өзге құстардың ұясына тастап кетеді. Міне, осы құс пен “көкек ананың” ұқсастығы осында жатыр. Өкініштісі, мына жарық дүниеге келмей жатып, тағдыр тәлкегіне тастап кеткен анасының қатыгездігі баланың да бұл қоғамға, айналасына деген ызаға булығып өсуіне себеп. Ерте есейтеді. Әрбір бала үшін “тастанды” деген сөздің өзі үлкен қасірет.

Сәбилер үйі тәрбиеленушілерінің тағдыры әрқилы. Бірінің ата-анасы жастықтың әсерінен шалыс қадам басып, ақыр аяғы бауыр еті баласын тастап жатса, енді бірі шаранасының өмірге мүгедек болып келгенін көріп, оны бағып-қағуға шамасы келмейтінін айтып, бас тартады. Кейбірінің отбасы толыққанды болмағандықтан, осындай қадамға барады. Сондай-ақ, ата-анасы ішімдікке салынғандар мен түрлі жағдайлардың тәлкегіне тап болған бөбектердің де панасы осы жер. Тізе берсе, сан түрлі сылтау табылады. Алайда, тағдырдың бар тауқыметін жаңа ғана өмір есігін ашқан бөбегіне артып кете баратыны ақылға сыймайды.

Қазіргі таңда Петропавлдағы сәбилер үйінде 40 бөбек өсіп жатыр. Балдырғандар дүние есігін ашқаннан былдырлап тілі шыққанға дейін, яғни төрт жасқа толғанға дейінгі аралықта осы мекемеде тәрбиеленеді. Сондай-ақ, мұнда “Үміт” тобы да бар. Мұндағы балалардың аналары қалаған уақыттарында бүлдіршіндеріне келіп, қастарында бола алады. Сәбилер үйінің директоры Лилия Федотованың айтуынша, өткен жылдармен салыстырғанда тастанды балалардың саны сәл азайған. Алайда, кемтар болып туған балалар көп түсуде.

– Бұл жерде төрт жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді, яғни денсаулығында кемшілігі бар, мүгедек және жүйке жүйесі сыр берген, ми, сал ауруларына шалдыққан балалар емделеді. Сәбилер үйінің бір ерекшелігі – ауру балаларды алысқа апармай-ақ, осы жерде оңалту курсынан өткіземіз. Бұл үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Жалпы сәбилерді сауықтыруға, емдеуге қажетті медициналық көмек жеткілікті, – дейді Лилия Муратжановна.

Жаутаңкөздердің көпшілігі перзентханадан тікелей осында жеткізіледі екен. Анасы бас тартқан сәбилер тәрбиешілерге әбден бауыр басып кетеді. Айым Әбдірахманова осы сәбилер үйінде еңбек етіп жүргеніне жеті жыл болыпты. Алғаш тілі шыққан сәбилердің “мама” деген жүрек жібітер сөздері мекемедегі өзге тәрбиешілермен бірге Айымға да арналады. Тастанды сәбилерге қамқор болып жүрген ананың айтары көп.

– Адамдардың тұрмысы жақсарған сайын мұнда келетін балалар саны азаяр деген үмітіміз әзірге ақталмай тұр. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін сәбилерін алып кететін аналар да кездеседі. Алайда, ара-арасында сәбиіне келіп жүріп, кейіннен мүлдем жоғалатын аналар көп. Бәрінен де осы жайт жаныңа қатты батады, – дейді Айым Серікқызы.

Өзі де ана атанып отырған мейірім иесі мұндағы әр сәбиге аналық сезіммен, зор қамқорлықпен қарайды. Мөлдіреген көздеріне мұң ұялаған бөбектерге ең қажеті – жан жылуы. Әр бала аялаумен ғана өседі, әрі барлығы да бақытты болуға лайық.

Біз барғанда балалар үйіндегі сәбилер серуенге шығуға дайындалып жатыр екен. Бөтен адамдардың дауысын естіп, барлығы да есік жаққа жалт қарады. Араларында пысықтаулары жүгіріп келіп аяғымызға оралды. Жаутаңдаған жанарлары мөлдіреп тұр. Тәрбиешілер қанша өбектегенімен де анасының мейірімі мен әкенің ыстық алақанын сезбегендіктен болар, мұндағы балалардың көзі мұңды көрінді маған.

Шақалақтар тобында үш баланы асырап алу жөнінде құжаттар дайындалуда. Өзгенің баласын бауырына басып, туғанындай бағып-қағып, бар мейірімін аямай, оларды үлкен өмірге қанаттандырып отырған патронат ата-аналар да жоқ емес, бар. Бірақ аз. Әрбір баланың өз анасы мен әкесі болып, толыққанды отбасында тәрбиеленгенінен артық не бар?! Маңдайынан мейірлене иіскеп, басынан сипап, “айналайын” деген бірауыз сөз бала үшін ештеңеге айырбасталмайтын бақыт екені даусыз.

Қазіргі күні мұндағы сәбилер бес топқа бөлінген, жас ерекшеліктеріне қарай тәрбие алуда. Кеміс болып туылған балақайлардың күтімі бөлек. Әрбір топта бір тәрбиеші мен бір күтушіден бар. Түнде жылап оянған сәбилердің басықасынан осы күтушілер табылады. Ауырып-сырқай қалған жағдайда осы мекемедегі дәрігер-мейірбикелер дереу көмекке келеді. Бұдан бөлек аспаздар мен ұстаздар да еңбек етуде.

Мұхаммед Пайғамбарымыз бір хадисінде: “Кім Алла үшін бір жетімнің басынан сипаса, қолы тиіп өткен әрбір шашы үшін сауап алады”, – деген. Қаламызда осы сәбилер үйіне қамқорлық көрсетіп, қол ұшын беріп жүрген мекемелер мен отбасылар да жетерлік екен. Атап айтсақ, ішкі істер департаменті, ЕС-164/3 түзету мекемесі және қалалық ішкі істер басқармасы. Сондай-ақ, Рамазан айында, Құрбан айт кезінде сәбилер үйіне келіп, керек-жарақтарын әперіп, қарайласып тұратын отбасылар да баршылық. Бірақ олар аты-жөндерін атамауларын өтінген. Жарымжан көңілдерге шаттық сыйлаған жандарға балалардың да, ұжымның да алғысы шексіз.

Ел басына күн туған алмағайып заманда да қазақ даласында жетімдердің саны көп болмапты. Ол кезде ауқатты жандар жетім-жесірлерін қанатының астына алған. Сонау зұлмат соғыс кезінде де қазақ халқы вагон-вагон болып келген өзге ұлттың жетім балаларын далада қалдырмаған. Үйді-үйге үлестіріп, бауырына басқан. Сөзімізге Мұхтар Мағауиннің “Бір атаның балалары” дейтін әңгімесі дәлел. Бір топ баланы арбаға отырғызып, ауылға алып келген колхоз төрағасының: “Халайық, мына балалардың әке-шешесі бомба астында өлген. Бірі – беларусь, бірі – украин, бірі – орыс. Бір-бір баладан асырап алыңдар!” – дегені есіңізде ме? Сонда сұрапыл соғыстың қиын-қыстау кезеңіне қарамастан, қазақ бір жапырақ нанға зар болып отырып, өзінің жетіміне қосып, өзгенің де жетімін асыраған. Сол рухы мықты адамдардың ұрпақтары қайда бүгін?

“Бақыт деген сенің бала күндерің” деп жырлаған екен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Расында, қамсыз, мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер бақытты балалық шағымыз ғой. Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жәудіркөздер сол бақытты сезініп жүргені шамалы. Үкімет қамқорлығы қанша жерден қарымды болғанымен, ата-анасының аялы алақанын алмастыра алмайтынын айтудың қажеті де жоқ. Тастанды тас- жүрек, кеудесін кек кернеген без- бүйрек пендеден жақсы адам шықпайтыны айтпаса да түсінікті. “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” демекші, алдымен бала тәрбиесіне, отбасылық құндылықтарға көңіл бөлуіміз керек. Мемлекеттің ең басты байлығы адам екендігін еш уақытқа естен шығармаған абзал.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp