«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАРҒАН СТАДИОН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде облысымызда спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын, инфрақұрылымын нығайту мақсатында жүйелі түрде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қызылжарлықтардың қуанышына орай, “Қарасай” стадионында былтыр басталған күрделі жөндеу жұмыстары аясында спорттық нысандағы футбол алаңының жасанды жамылғысын ауыстыру бойынша жұмыстар қолға алынды.

1967 жылы пайдалануға берілген спорттық нысанға тек 2010 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын. Стадионды абаттандыру жұмыстарына да көп көңіл бөлінді. Енді, міне, күрделі жөндеу жұмыстары барысында көрермендердің трибунасы мен ішкі бөлмелер жаңартылып, орындықтар ауыстырылды. Стадионның тірек бағандары бекітіліп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне және телеоператорларға арналған орын, VIP ложа жасалды. Сондай-ақ, стадионның кіреберісі жаңартылып, футбол алаңы халықаралық талаптарға сай келтірілді. Негізгі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін стадион футболдан Қазақстан кубогының және Бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінің бірнеше матчын өткізіп үлгерді.

– Облыс әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауының арқасында стадионымыз жаңа кейіпке еніп келеді. Әсіресе, трибуна астындағы бөлмелердің Премьер-лига және УЕФА талаптарына сай жаңартылғанына қуаныштымыз. Бүгінгі күні стадион уақытша жабылып, алаңдағы жамылғыны ауыстыру жұмыстары басталды. Елімізде арнайы комиссия әр стадионның жамылғыларына мониторинг жүргізетіндігін ескерсек, бұл жұмыстардың уақытында басталғаны анық, – дейді “Қызылжар” футбол клубының баспасөз хатшысы Сергей Игнатов.

Футбол алаңына 2008 жылы заманауи жасанды жамылғы төселгенімен, бүгінде оның сапасы сын көтермейді. Соңғы жылдары сапасы төмен жамылғының кесірінен футбол командасының бірнеше ойыншылары жарақаттанып, екі-үш ай мерзімге дейін алаңға шыға алмаған болатын. Қазіргі уақытта қызыл-ордалық “Бибісара” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жамылғыны ауыстыру жұмыстарына кірісті. Қытай елінен FIFA талаптарына сай жаңа жамылғылар жеткізілді. Оған 10 жылға дейін кепілдік беріледі. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін стадион халықаралық дәрежедегі сайыстарды өткізу мүмкіндігіне ие болмақ.

Алдағы уақытта жеңіл атлетика жолағын сапалы тартанмен ауыстыру жұмыстары қолға алынатын болады. Жүгіру жолақтарының жаңа жабындысы жеңіл атлеттерге бұрта-банды аяқкиім киюге мүмкіндік беріп, жүгірісті жақсартатыны сөзсіз. Сондай-ақ, ең маңыздысы, резеңкелі жабынды сырғанап кетіп, құлаудан және жарақат алудан сақтайды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандарының айтуынша, соңғы екі жылдың ішінде “Қарасай” стадионындағы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 115 млн. теңге бөлінген.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp