«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНЫ — ОЛИМПИАДА АЛТЫНЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Əлемдік ареналарда қарсыластарының жауырынын жер иіскетіп, өңіріміздің намысын қорғап жүрген қаракөз қыздарымыз саусақпен санарлық қана. Солардың бірі – 20 жастағы Назгүл Маратовамен сұхбаттасудың сəті түсті.

– Алдымен өмірбаяныңызға тоқталсаңыз. Күреске әуестігіңіз қашан пайда болды?

– Мен – Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Малақ ауылының тумасымын. Дзюдо спортына деген қызығушылығым алғаш 4-сыныпта оқып жүргенімде оянып, онымен бір жыл бойы үздіксіз шұғылдандым. Бір айта кетерлігі, мен залға келгендер арасындағы жалғыз қыз болдым. Алайда, анам бұл əуестігіме қарсы болған соң спортты уақытша тастауыма тура келді. 7-сыныпқа көшкенімде ауылдағы жаттықтырушым Қазыбек Дәулеттің тəрбиесінде болып, алты айдан соң ел біріншілігінде 3-орынды иелендім. Ал бір жылдан кейін Степногорск қаласында өткен Қазақстан чемпионатында күміс жүлдені қанжығама байладым. 2010 жылы алғашқы жаттықтырушымның жетекшілігімен Петропавл қаласындағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатқа оқуға түстім. Мұнда дзюдо үйірмесінің жетекшісі Нұрлан Ерғазыновтан көп нəрсе үйреніп, бірнеше додада топ жардым.

– 14 жасыңызда ел чемпионы болыпсыз. Бұл жетістігіңіз бұдан кейін де жеңістерге жетуіңізге демеу болған шығар?

– Иə, сол жеңіс маған қанат бітірді десем артық айтқаным емес. Мəселен, кейін Шымкент қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында 70 килограмм салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанып, ата-анамның мерейін тағы бір мəрте үстем еттім. Бұдан соң Тайпейде жасөспірімдер мен жастар арасында дзюдодан Азия чемпионаты өтті. 22 елден 300-дей спортшы қатысқан додада қола медальді еншіледім. Сонымен қатар көп кешікпей Испанияның Малага қаласында дзюдо бойынша өткен халықаралық турнирде де үшінші орынды иелендім. Әр жеңіс спортшының өз-өзіне деген сенімділігін арттырады. 2014 жылы бір айдың ішінде екі жарыста топ жару бақыты бұйырды. Тараз және Ақтау қалаларында дзюдо және самбодан өткен Қазақстан біріншіліктерінде ойдағыдай өнер көрсетіп, алтыннан алқа тағындым. Осы жылы самбодан өткен Азия чемпионатында қарсылас шыдатпай, бірінші орынды иелендім. Мен үшін бәсі биік дода Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында самбодан жасөспірімдер арасында өткен әлем біріншілігі болды. 30-ға жуық елден кіл мықтылар жиналған бұл байрақты бәсекеде алдымен ресейлік балуанның жауырынын жер иіскетсем, ақтық кезеңде украиналық дзюдошыны жықтым. Осылайша, 75 килограмға дейінгі салмақ дәрежесіндегі қарсыластарымнан басым түскен мен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілдім. Шыны керек, қажырлы еңбектің арқасында жеткен бұл жетістігім мені ерекше толқытып, көзіме жас үйірді. Бұдан соң Атырауда дзюдодан өткен ел біріншілігінде кезекті жеңіске жетіп, спорт шебері нормативін орындадым. Жаттықтырушым менің жарысқа жыл сайын шығып тұруымды қадағалайды. 2015 жылы Павлодарда дзюдодан өткен халықаралық турнирде өңір намысын қорғап, күміс медальға ие болдым. Дəл осы жылы Санкт-Петербург қаласында дзюдодан жастар арасында Еуропа кубогы өтіп, 78 килограмм салмақ дәрежесінде күш сынасқан мен қола жүлдені жеңіп алдым. Былтыр Өскеменде 1996-1997 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде 78 килограмм салмақта сынға түсіп, жеңіске жеттім. Ал жақында Орынбор қаласында Еуропа ашық кубогы өтті. Мен алғашқы кездесуде ресейлік Мария Зольниковаға бір қателіктің кесірінен есе жіберіп алғаныммен, келесі белдесулерде қарсыластырады тізе бүктіріп, елге қола медальмен оралдым.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

– Бүгінде үстіміздегі жылдың шілде айының соңында Минск қаласында əйелдер арасында өтетін Еуропа кубогына дайындалудамын. Одан сүрінбей өтсем, 2020 жылы Токио қаласында болатын Олимпиада ойындарына қатысып, қоржынымды тағы бір алтынмен толтырсам деймін.

Әңгімелескен

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Н.Маратова (оң жақтан бірінші).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp