«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көрме — келешектің жобасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдың сәуір айында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттерінен құралған команда Павлодар қаласында өткен “Хакатон” республикалық конкурсына қатысқан едік.

 

Жарыстың шарты бойынша біз 24 сағаттың ішінде “ЭКСПО” тақырыбына арналған мобильді гид қосымшасын жасап шығаруымыз керек болды. Топ болып жұмыс істеуіміздің нәтижесінде әзірлеген қосымшамыз комиссия мүшелерінің көңілінен шығып, жеңімпаз атандық. Ал екінші орынды С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері иеленсе, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жастары үздік үштікке кірді. Сондай-ақ, бұл сапарымызда халықаралық көрме жайында көп мағлұмат алып қайттық.

Кейбір елдер үшін көрме өткізу тұрмақ, тыныштық уайым болса, біздің мемлекетіміз барша әлемнің назарын өзіне қаратып, халықаралық жиынды өткізуде. Бұл көрме – сырт елдер қызыға қарап, мемлекетіміздің абыройын еселеп көтеретін үлкен шара.

Жалпы “ЭКСПО”-ны өткізу бақыты Астанаға бұйыруы тегін емес. Біріншіден, елордамыз әлемдік деңгейдегі шараларды лайықты өткізе алатын орталық ретінде мойындалды. Екіншіден, таңдаудың Қазақстан пайдасына шешілуі мемлекетіміздің Еуразия кеңістігінде даму келешегі кемел екенін айғақтай түседі. Үшіншіден, біздің “Болашақтың энергиясы” атты өзекті тақырыпты ұсынуымыз жеңіске жетуімізге көмектесті. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша 103 мемлекет Астана қаласына дауыс берсе, біздің бәсекелесіміз Бельгияның Льеж қаласы 44 дауыс жинаған. Демек, елімізге осы күннен бастап зор үміт артылды. Сол себепті шараны биік дәрежеде өткізуіміз қажет. Мәселен, көрменің салтанатты ашылу шарасы кімнің болсын көңілінен шыққаны анық. Осындай қарқынмен жалғасса, әлемдік аренадағы мәртебеміз одан сайын арта түсетіні сөзсіз.

Біздің көрменің басты тақырыбы – жасыл экономика. Мұны бүгінде барша ел қолдап қана қоймай, өздерінің де ұстанымы осы екенін айқындауда. Көрмеге қатысушы мемлекеттер павильон құрып, техникалық жетістіктерімен барша жұртты тәнті етуде. Әсіресе, қазіргі таңда сұранысқа ие балама қуат өндіру мақсатындағы құрылғылармен таныстыруда. Сарқылмайтын қуат көздеріне жататын күн сәулесі, жел, жерасты сулары арқылы энергия өндіру болашақта түпкілікті енгізіледі.

Осыған дейінгі өткен көрмелерде өнертапқыштар кір жуатын машина, компьютер, телефон сынды үздік туындыларды көпшілік назарына ұсынған екен. Бұл жетістіктер – бүгінде адамзаттың игілігіне айналған, ғылыми-техникалық прогресті жеделдеткен жетістіктер. Осы орайда, биыл Астанада өтіп жатқан “ЭКСПО – 2017” көрмесінде “жасыл энергия” саласындағы өнертабыстарды тамашалауға мүмкіндік туды және ол келешекте еліміздің дамуына өз үлесін қосады деп ойлаймын.

Нұржан ТӨЛЕГЕН,

М.Қозыбаев атындағы

СҚМУ-дің студенті.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp