«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ән мен күйден шашу шашты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Өнерлі бала сүйкімді” деген. Баланы жастайынан өнерге баулып, талантын ұштаудың пайдасы зор. Бұл алдымен шығармашылық тұрғыда дамуына, рухани дүниесінің баюына үлес қосады. Сонымен қатар “Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар” шығып, ертеңгі күні ел мақтанышына айналар өнер адамдарының да бүгінгі шәкірттердің арасынан табылатыны анық.

Жуырда Мәдениет үйінде өткен Ақжар ауданының Ленинград ауылындағы музыка мектебінің есеп беру концертінде болашағынан үміт күттірер дарынды шәкірттердің көптігіне көз жеткіздік. Өнер көрсеткен жастардың арасында республикалық, аймақтық, облыстық деңгейлердегі түрлі конкурс-фестивальдардың, байқаулардың лауреаттары, дипломанттары, жас талдай желкілдеп өсіп келе жатқан өнерпаздар болды.

Ленинград ауылдық Мәдениет үйінің залы жас өнерпаздардың концертін тамашалауға келген көрермендерге лық толды. Еліміздің жүрегі – Астана қаласында өтіп жатқан “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне арналған бағдарлама көрермендерді бірден баурап әкетті. Концерт шымылдығы Түркештің “Көңіл ашар” күйімен ашылған соң жүргізушілер Дариға Қалиева мен Сабина Тасболат халықаралық көрменің маңызы мен мақсатына қысқаша тоқталды. “Балдәурен” балалар хорының орындауында “Ұландар әні”, “Қоңырау сыңғыры” әндері шырқалды. Одан әрі “Мұрагер” ансамблінің орындауында “Көш керуені”, орыстың халық әні “Светит месяц”, Құрманғазының “Сарыарқа” күйі және басқа да шығармалар нақышына келтіріле орындалып, көрермендер ду қол шапалақ арқылы ризашылықтарын білдіріп жатты.

Мың бұралған “Алтын-Ай” би ансамблінің бишілері де көрермен назарынан тыс қалмады. Бишілер бұл жолы “Испан биін”, “Қара жорға”, орыстың “Калинка-малинка” билерін биледі. Ал жас қобызшылар ансамблі алғаш сахна төріне шығып, Ақан серінің “Қараторғай” әнін нақышына келтіре орындап, көрермен қошеметіне ие болды. Қобызшылар ансамблінің келешегінен зор үміт күтеміз, талай жоғары белестерден көрінетініне сеніміміз зор. Жетекшісі дарынды да ізденімпаз, өз ісіне тиянақты жас маман – Торғын Ибрагим.

Концерттік бағдарламаны “Я, ты, он, она” әнімен Сабина Тасболат, Айша Асылхан, Саина Есенбаева, сондай-ақ, барлық қатысушылар қолдарына гүл мен шарлар ұстап, көңілді нотада аяқтады. Концерт соңында музыка мектебінің директоры Аманкелді Тошкен сөз сөйлеп, баланы өнерге баулудың, сахна мәдениетіне үйретудің маңыздылығына тоқталды. Алтын уақыттарын бөліп келген көрермендерге, ата-аналарға рахметін айтып, ризашылығын білдірді.

Әлия ТОШКЕН,

Ленинград музыка мектебінің оқытушысы.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp