«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ҚҰРМЕТТЕЙІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласын оқи отырып, ерекше күйге еніп ұлттық, рухани, психологиялық жақсы бір сезімге бөлендім және оны Қазақстанның келешегі үшін маңызды стратегиялық құжат деп қабылдадым. Себебі, бұл мақалада Қазақстан дамуының басты құралы ретінде рухани жаңғыру, ұлттық құндылықтарды сақтау бағыты айтылған. Оның дұрыстығын барлығымыз түсінуіміз керек.

 

Тарихқа үңіліп қарасақ, кез келген қоғам елдің ортақ мақсат-міндеттері мен құндылықтары болған уақытқа дейін ғана дамып гүлденген. Ортақ мақсат-міндеттер мен құндылықтардан айрылған, басқаға еліктегіш, елдіктің парқын түсінбеген мемлекеттердің жағдайын біз жиырма бірінші ғасырда да көріп отырмыз. Бұған Таяу Шығыс елдерінің жағдайы дәлел.

Туризмнен, пайдалы қазбалардан, көлік-логистикалық қызметтен күнкөрісін тауып отырған араб елдері революцияның салдарынан туристерден де, шетелдік инвестицияларынан да жұрдай болды. Ең бастысы мыңдаған адам шығынына ұшырап, халқы елдің жарқын келешегіне деген сенімнен айрылды. Кім үшін, не үшін, қандай құндылықтар үшін соғысып жатқанын білмейтін халыққа кім, қандай кәсіпкер өз ақшасын салады? Сондықтан еліміз гүлденсін десек, материалдық игіліктерге қол жеткізетін білім-біліктілікпен қатар жастарымыздың бойына ертеден келе жатқан ұлттық рухани құндылықтарды сіңіре отырып, халқымызды біріктіретін ең басты ортақ құндылығымыз – қазақ тілін құрметтеп дамытуымыз керек деп есептеймін.

Дамудың басты факторы адам болса, оны дамытушы құрал ретінде басты орынға – кітапты қоямыз. Елбасы мақаласында айтылған жағымды ақпараттардың бірі шетелдік оқу құралдарының қазақ тіліне аударылуы деп білем. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: “Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз”, – деуі өте орынды. Себебі, шетелдік ғалымдар адам санасы, келешекті жоспарлау қабілеті, өз бойындағы артық қасиеттерден арылуы немесе керектісін табуы, тануы, нарықтық қоғамға бейімделуі, қысқасы өмірдегі өз орныңды табу жағын көбірек зерттеген. Мәселен, Брайн Трейси, Зиг Зиглер, Ричард Брэнсон, Джон Кехо, Наполеон Хиллдің кітаптары аударылып, студенттермен қатар көпшілік қауымға да қолжетімді болғаны ләзім. Бұл жерде мен өзім оқыған авторларды тізіп отырмын, бұл авторлар психологияны, экономиканы зерттеп, адамды прагматизмге тәрбиелеп, тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған еңбектер жазған.

Алғашында халқымыз нарықтық заңдылықтарға бейімделе алмай, көптеген қиындықтар көрді. Нарықтық экономиканың басты талабы – өзіңді-өзің асырау, кәсібіңді ашып, шаруаңды дөңгелету болса, біз “жұмыс жоқ” деп жұмыс іздеумен шұғылдандық. Кейін осы олқылықтардың орны толды.

Дүниежүзілік тәжірибені қарасақ, қазіргі кезде жиілеп кеткен дағдарыстарға төтеп бере алатындар қатарында рухани құндылықтарына берік, ертеден келе жатқан әдетғұрыптары мен мәдениетін қатар ұстана отырып, экономикасын гүлдендірген елдер бар. Олардың ішінде Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия елдерін мысалға келтіруге болады.

Меніңше, бұл елдер ұлттық мәдениетті дамытып, соның нәтижесінде жинақтаған қасиеттердің арқасында дүниежүзілік қауіп-қатерлерге төтеп беру қабілетін қалыптастырған. Соның ішінде жапон халқын алып қарайықшы, материалдық игіліктерге деген қанағатшылдығы, еңбексүйгіштігі, білімқұмарлығы, дәстүрлі мәдениетке беріктігі елді алға жетелеуде.

Ұстаздық қызметте қазақ баласының бойынан инабаттылық, үлкен-кішіге деген сыйластық, шыдамдылық, төзімділік, еңбексүйгіштік сияқты көптеген жақсы қасиеттер мен қабілеттерді көрдім. Уақыт өте келе елімізде білім мен ғылымның, өндіріс пен өнеркәсіптің қарқынды дамуына байланысты әр қазақ баласының бойында нарықтық заңдылыққа бейімделе алатын, психологиясы мықты, экономикалық сауаттылығы жоғары тұлға қалыптастыру қажет. Ол үшін балаларымыздың бойына жоғары техника мен технологияны игеретін – техникалық, қоғамға бейімделетін – психологиялық, нарықтық заманның заңдылықтарын танытатын экономикалық сауаттылықтарды ұштастыра отырып, сіңіруіміз керек.

Қазақстанның келешегі жарқын, балаларымыз қауіпсіз қоғамда өмір сүрсін десек, бала тәрбиесінде ұлттық рухани құндылықтарымызға, дәстүрлі мәдениетімізге баса назар аударып, қазақты қазақ еткен тілімізге берік болғанымыз абзал.

Тоқтар ДОСҚАЕВ,

Есіл аудандық білім бөлімі

психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің әдіскері.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp