«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖӘНЕ ЖӘРДЕМАҚЫ ӨСУДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында: “…2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады. Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді. …Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі…”, – деген тұжырымын жұртшылық бірнеше мәрте қайталап оқығаны анық. Өйткені, бұл көпшіліктің тосқан жаңалығы болатын.

 

Парламент Мәжілісі зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін арттыру туралы Заң жобасын мақұлдады. Онда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2017-2018 жылдары бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері үш кезеңмен арттырылмақ. Бірінші кезеңде, яғни 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақылар мөлшері – 9 пайызға, базалық зейнетақы 7 пайызға артты. Екінші кезең 1 шілдеден басталады. Онда ынтымақты зейнетақы мөлшері – 11 пайызға, базалық зейнетақы мөлшері 13 пайызға көбейеді. Нәтижесінде, 2016 жылғы зейнетақы мөлшерімен салыстырғанда 20 пайызға дейін арттыру қамтамасыз етілмек. Ең төменгі зейнетақы – 45 711 теңгеге дейін, орташа зейнетақы 66 676 теңгеге дейін көбейеді. Сондай-ақ, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақы тағайындау үшін есепке алынатын табыстың ең жоғары мөлшерін 41 айлық есептік көрсеткіштен 46 айлық есептік көрсеткішке дейін (93 029 теңгеден 104 374 теңгеге дейін, 1 АЕК = 2 269 теңге) арттыру көзделген.

Үшінші кезең 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап жүргізілетін болады. Ол базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруімен байланысты. Бүгінгі таңда базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға бірдей мөлшерде тағайындалады. Жаңа әдістемеге сәйкес ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Бұл ретте 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударылған зейнетақы жинақтарының мерзімі ескеріледі. Нәтижесінде еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне неғұрлым көп қатысқан азаматтардың зейнетақысы жоғары болады.

Зейнетақы алып жүрген зейнеткерлерге қосымша құжаттарды ұсынусыз, зейнетақылық істерінде бар құжаттар бойынша бір реттік есептеу жүргізіледі.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап 2 миллион зейнеткердің 44,7 пайызы ең төмен күнкөріс деңгейінің 74 пайызынан жоғары алатын болады. Ал 45,2 пайызы ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызын алады немесе базалық зейнетақысы бүгінгіге қарағанда 2 есе көп болады.

2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін жәрдемақы 20 пайызға өседі. Бірінші, екінші, үшінші бала туғанда жәрдемақы мөлшері 71 270 теңгеден 86 222 теңгеге дейін, ал төртінші балаға 118 783 теңгеден 142 947 теңгеге дейін өседі.

Данияр МАЕКЕНОВ,

“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ы

облыстық филиалының бөлім басшысы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp