«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДӘСТҮР — ҚАЗАҚТЫҢ ДІҢГЕГІ“

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәубе, егемен ел атанып, Тәуелсіздік туын тіккен ширек ғасырдан астам уақыт бедерінде өшкеніміз қайта жанып, жоғалғанымыз табылды, өлгеніміз тірілді. Тасада қалған тарихымызды, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғыртуға соны бетбұрыстар, батыл қадамдар жасалуда. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір тіршілігі, тұрмыс салты жайлы ғылым – этнография саласымен айналысып жүрген ғалымдар еліміз бойынша саусақпен санарлықтай. Солардың бірі – ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, ұлттық-этнографиялық “Дәстүр” журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов жуырда “Дәстүр: кеше, бүгін, ертең” атты ғылыми-көпшілік жоба аясында шығармашылық сапармен өңірімізге келген еді. Ақынмен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында айтылған өзекті мәселелер, ұлттық болмысымызды айшықтайтын дәстүрлеріміз, қанат-қақты жобаның мақсат-міндеттері төңірегінде емен-жарқын әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті.

 

– Қасымхан Сейітханұлы, өзіңіз жетекшілік етіп отырған ұлттық-этнографиялық “Дәстүр” журналы “Дәстүр: кеше, бүгін, ертең” атты ғылыми-көпшілік жоба ұйымдастырып, оның аясында еліміздің түкпір-түкпіріне экспедицияға шығып жүрсіздер. Оқырмандарымызға осы жоба туралы айтып берсеңіз…

– Журналды жарыққа шығармас бұрын көп ойландым, іздендім, қазақтың арғы-бергі тарихын ақтардым. “Қазақ қайтсе қазақ болып қалады? Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай алып жүрміз бе? Кеңістікте қай сала бос, ақсап жатқан тұсымыз қайсы?” деген сауалдарға жауап іздеп көрдім. Кез келген республикалық басылымдарға назар аударатын болсақ, салт-дәстүрімізге орын берілмейді, берілген күннің өзінде көлемі тым аз.

Ата-бабаларымыздың өмірлік ұстанымы, діні мен дәстүрін ұстанбайынша ешқандай ұлт кемелденбейді, адымдап алға баспайды. Бұл қағиданы мен ойымнан шығарып отырған жоқпын. Өмірдің өзі дәлелдеп берді. Жастардың жат ағымдардың жетегіне еруі, дәстүрлі дінімізден ауытқуы, үлкенді, ата-ананы сыйламай, кісікиіктік танытуы, осының барлығы да дәстүрлі өмір салтымызды толықтай түсіне алмағандығымыздан, бабалар өмірін, жүрген жолын бағамдай алмауымыздан туындап жатқан мәселелер. Оны болдырмау үшін өткен мен бүгінді сабақтастыратын, кешегілер жеткен кемелдікке, тазалық, адамгершілік қасиеттің бойымызда қалыптасуына алтын көпір болатын тек дәстүріміз екенін ұмытпаған жөн. “Дәстүр” журналын үзбей шығарып келеміз. Бұл жұмысты жеке кәсіп ретінде, мол қаражат немесе бас пайдам үшін атқарып отырған жоқпын. Басты мақсатым ұлтымның дамуына септігім тисе, руханиятымыздың түп қазығының бірі болып саналатын дәстүріміз дәріптеусіз қалмаса деген шынайы перзенттік пейіл, ақындық түйсік арқылы, жүрегім ауырғандықтан қабылдаған шешімім еді.

“Дәстүр” республикалық журналының жарық көргеніне биыл күзде сегіз жыл болады. Осы уақытқа дейін журналдың шығармашылық ұжымы қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын оқырманға жан-жақты таратып, жеткізе білуде. Редакциямызға осыған дейін келіп түскен оқырмандардың сауалдарын сараптай келе, салт-дәстүріміздің бүгінгі жай-күйі, оны болашақ ұрпаққа аманаттап жеткізу мәселелерін көтеріп, жаңа ғылыми-көпшілік жоба дайындадық. Жобаның “Дәстүр: кеше, бүгін, ертең” деп аталуының өзіндік маңызы бар. Жоба атақты этнограф, ғалым Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына арналып отыр. Көзі тірісінде ғалыммен сұхбаттасып, “Этнографпен әңгіме” атты кітап шығарған едім. Бұл жобада зерттеуші-ғалымдар, белгілі этнографтар біздің сауалдарымызға жауап беріп, сұхбат арқылы өз ойларын ортаға салады. Айта кету керек, “Дәстүр” журналы жарыққа шыққаннан бері ұлттық салт-дәстүрге қатысты менің жинақтаған сауалдарым 250 беттен асты. Олардың қатарында “Қалай біз ұлт болып қаламыз?”, “Бүгінгі салт-дәстүрлеріміздің ертеңі қандай болады?”, “Ұрпаққа аманат етіп қалдыратын ұлттық құндылықтарымызды қалай аман сақтап қаламыз?” деген сауалдарға да жауап іздеймін. Осы мәселелерді негізге ала отырып, сондай-ақ, белгілі этнограф, зерттеушілер мен өлкетанушылардан алған сұхбаттарды қосып, қазір төрт томдық кітап дайындаудамын. Сонымен қатар осы кітапқа тың деректер жинау үшін еліміздің әр өңірін аралап, экспедицияға шығып жүрмін. Халық этнографиясы өкілдерімен кездесіп, облыстық мұрағаттардан материалдар жинақтап жатырмын. Алла қаласа, биыл қазан айында осы жобаның нәтижесінде төрт томдық жинағым жарыққа шығады. Бұл жинаққа қазақ этнографиясының бүгінгі өзекті мәселелері туралы тарих ғылымының докторы, профессор Уахит Шәлекеновпен, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Нострадамус атындағы академияның толық мүшесі, академик Советхан Ғаббасовпен, педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Жарықбаевпен, жазушы Уақап Қыдырханұлымен, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевпен, жиырма жылға жуық салт-дәстүріміздің бүгінгі жағдайы туралы мәселелер көтеріп, оның шешілу жолдарын ұсынып жүрген белгілі ерлі-зайыпты журналистер Марат Тоқашбаевпен, Раушан Каршаловамен, тарих ғылымдарының докторы Бибизия Қалшабаевамен, тағы да басқа көптеген этнограф-ғалымдармен жүргізілген сұхбаттар енеді. Қазір көлемді материалдар дайын тұр. Дегенмен, қазақтың салт-дәстүріне байланысты бүгінге дейін жарыққа шықпаған тың деректер әлі де көп. Мысалы, сәбиді бесікке бөлеуден бастап, қайтқан адамның жаназасын шығаруға дейінгі әдет-ғұрыптардың барлығы осы жинаққа енгелі отыр.

– Елбасымыздың дүйім қазақ жұртының мерейін асырған “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында: “Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс”, – деп қадап айтуы бекерден-бекер емес. Сіздің қолға алған іргелі жобаңыз осы мақалада ұлт руханиятына қатысты айтылған маңызды мәселелердің жалғасы іспеттес…

– Өткенге ой жүгіртсек, XX ғасырдың алғашқы ширегінде туған халқының жарқын болашағы, тәуелсіздігі мен бостандығы, рухани өрлеуі жолында қалтқысыз қызмет етіп, осы жолда шыбын жанын пида еткен аса көрнекті ғұлама қайраткерлер қазақ аспанында шоқ жұлдыздай жарқырап, рухани-мәдени дамудың жаңа кезеңі – халқымыздың қайта өрлеу дәуірінің іргесін қалаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сияқты біртуарлар еді. Олардың сіңірген тәлім-тәрбиелік, этнографиялық халықтану еңбектері ерекше. Әсіресе, Халел Досмұхамедовтің көп қырлы ғылыми еңбектерінің көрнекті бір саласы – этнография, этнология немесе халықтану мәселесі. Сол сияқты қазақ этнографиясы деректері ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде, академик жазушы Мұхтар Әуезовтің әйгілі “Абай жолы” романында тұнып тұр. Халық мұрасына деген қызығушылықты қазіргі жастардың бойынан кездестіру қиын. Бұл бәрінен де қауіпті. Дәстүр деп шырылдап жүргеніміз де сондықтан. Мені еліміздің барлық өңіріне табан тіреп, жұртшылықтың басын жинап, пікірлесуге де итермелеген – осы перзенттік сезім.

Кешегі ұлттың басына әңгір таяқ орнатқан өктем саясаттан арылған шақта, рухани-мәдени өміріміздің айнасы боларлықтай айғақтарды қайтадан өз халқымыздың күш-қуатынан іздедік. Өкінішке қарай, науқандық идеологияның шашбауын көтеріп, мәдени мұраларды тұтас игеруден гөрі, алалап жинау, біржақты бағалау күні кешеге дейін орын алып келгені мәлім. Сондықтан халық мұрасын толық жинау әдісі қазақ даласында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылды “Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы” деп жариялауынан басталды да, ол 2000 жылы “Мәдениетті қолдау жылымен” жалғасты. 2004-2011 жылдар аралығында жүзеге асқан “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасының тарих ғылымына, оның этнология саласына салған олжасы мол болды, тарихи-этнологиялық аса құнды деректер жиналды, көптеген еңбектер жарық көрді. Мұнда Қазақстанның мәдениетін жаңғырту, сақтау және өркендету мақсаты қойылды. Осы түбегейлі жаңару негізінде қазір елімізде ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыптар қайта жандана бастады. Елбасымыздың жүрегі елім, жерім деп соққан дүйім жұрттың көкейіне құйылған “Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру” атты тұғырнамасы – Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігінің жаңа бастауы, ұлттық дамуымыздың темірқазығы. Біз есігімізді ішінен қымтап алып, ешқандай мемлекетпен қарым-қатынас орнатпай отырған ел емеспіз. Керісінше, әлемнің барлық елімен “сіз-біздесіп” отырмыз. Төрт тараппен еркін байланыс орнатып жатқан соң жаһандану дәуірімен бірге келген сан түрлі құбылыс­тардан бас тарта алмайсың. Сондай кездері, рас, түрлі діни ағымдар, жан дүниемізге қайшы келетін келеңсіздіктер ұлттық жадымызға дендеп еніп кетті. Мұндай жағдайларға табандап қарсы тұратын ұлттық болмысымыз. Олар – сан ғасырлық тарихи тамырымыз, мирас болып келе жатқан ата-мұра өнеріміз, өзге елден ерекшелеп тұратын дәстүр-салтымыз, әдет-ғұрпымыз, тілдік ерекшелігіміз, діни ұстанымымыз, білім-ғылымымыз, қоршаған ортамыз, отбасымыз. Осылардың бәрі мақалада ұлттық код деген бірауыз сөздің төркінін түсіндіріп береді.

Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгі­­лерін іріктеп, әртүрлі жолмен на­си­хаттау қажеттігін міндеттеген Ел­басы: “Әлемге қанат жайған жат идеологияларға біз ұлттық құндылық­тары­­­мыз арқылы ғана төтеп бере аламыз”, – дейді. Сол себепті де, қазақ хал­­қы­на ғана тән ұлттық салт-дәстүр мен мә­дениетті, оның ұтқыр тұстарын әлем­­ге, өзге елдерге таныту үшін баршамыз аянбай еңбектенуіміз қажет. Қа­зақ болып тұтаспасақ, ұлт болып ұйыспасақ, мына аласапыран заманда көшке ілесе алмай қалуымыз мүмкін.

– “Желдің өтінде, елдің шетінде” орналасқан Қызылжар өңіріне ат басын бұрудағы мақсатыңыз да осы ғой…

– Әлбетте. Топырағы киелі Қызылжар жерінен сайдың тасындай небір сайыпқырандар шыққан ғой. Әдебиеттің алыптары Ғабең мен Сәбең, өзіміз көзін көріп, тәлімін алған Сафекең – туған жердің жауһарлары. Олардың бүгінгі ұрпақтары халық мұрасын қалай сақтап, дамытып жүр? Осы сауалға жауап іздеп келдім. Солтүстік Қазақстан облысы – менің табаным тиген он үшінші өңір. Солақай саясаттың өрті Қызылжарды көп шарпыды. Мен кездесіп, пікірлескен, әңгіме тиегін ағытқан мұрағат, мұражай қызметкерлері, оқытушылар мен жастар, руханият жанашырлары облыстың мәдени өмірінде атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей айтып берді. Тар заманда да тарылмаған қазақтың болашағы жайлы тақырыпқа тұздық боларлықтай жақсы ойлар айтылды. Оған тоқмейілсуге тағы болмайды. Ұлттық сананы жетілдіру керек. Жастардың бойларынан жаһандану дәуірінде қалай да ұлт ретіндегі өз ерекшелігін сақтап, даму мұратынан туған күрескерлік, жаңашылдық аңғарылатыны қуантты. Бір қарияның: “Патриоттық сезім деген нәрсе адам бойына өз-өзінен келіп құйыла сала­тын қасиет емес”, – деген сөзінің жаны бар. Дұрыс айтады. Мәуелі ағаш­тың топырақтан тамыр тартып, өсіп-өнетіні секілді, адам бойындағы елжандылық, отансүйгіштік сияқты қасиеттер дәстүрге адалдықтан бастау алады. Расында, жастайынан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ. Неғұрлым тұтастыққа жету үшін елді айшықтап тұрған ұлттың танымдық, тәрбиелік маңызға бай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қажет. Кез келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады.

– Сіздің “Этнографпен әңгіме” атты еңбегіңізді құнды кітап деуге болады. Осы еңбектегі сыр-сұхбат алған этнограф туралы айтып өтсеңіз.

– “Дәстүр” баспасынан шыққан “Этно-графпен әңгіме” атты кітабымда аса көрнекті этнограф, зерттеуші, ғұлама ғалым Жағда Бабалықұлының өміріне қатысты және халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы, мәдениеті, көне сөздері, ұлттық киімі, тағамы, төрт түлік малы, ырымдары мен тыйымдары, жорамалдары, саятшылық дәстүрі, қазақ күнтізбесі, түс жоруы, жыл қайыруы, жеті ата жолы, жеті қазынасы, қазақ өлшемдері және тағы басқа деректер жан-жақты баяндалады. Бұл еңбектің ерекшелігі сыр-сұхбат арқылы нақты деректер мен қазақ халқының сан алуан салт-дәстүрлеріне, әдет-ғұрпына құрылғандығында деп ойлаймын.

Ал осы кітапта менің сауалдарыма жауап берген абыз, зерттеуші-ғалым, этнограф Жағда Бабалықұлы 1917 жылы Қытай Халық Республикасында туған. Биыл оның туғанына 100 жыл толып отыр. Жағда Бабалықұлы Қытайдың бір аймағын басқарған адам. Ол Қытай жерінде төрт рет түрмеге отырып, қатаң бақылау құрсауында өмір сүрген. Ол белгілі өнертанушы Әлкей Марғұланға жолығып, халық этнографиясын жинаған. Өз өмірінде этнограф әдеби қызметкер, тіпті, пошташы да болған. Кейінгілерге ол: “Менің басыма қойылатын тасқа “Тәуелсіздік көрдім. Мәңгілік тілеймін” деген сөзді жазыңдар”, – деп өз аманатын қалдырған. Сырт көзге елеусіздеу, қарапайым абыз қартты мен бұрын сырттай ғана білетінмін. Әжімді жүзінен, ойлы көздерінен, ақырын үзіп-үзіп айтқан сөздерінен қазақтың, ұлтымыздың бүкіл болмысы аңқып тұрғандай әсерге бөлейтін. Жан дүниесі бай, көрген-түйгені мол қазына қарттың өткен өмірін, елге еткен еңбегін, аспан әлемі, ел, жер, дін, діл туралы пайымдарын қағазға түсіруді жөн көрдім.

– Сіз этнография саласымен қатар алашордашылардың да өмірін зерттеген ақынсыз. “Мұстафа Шоқай жолымен” атты деректі фильміңіз шықты. Сіздің тарихи зерттеулерге баруыңызға не себеп болды?

– Мұстафа Шоқай – бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының, жалпы түркі халықтарының бостандығы мен тәуелсіздігіне арнаған тұңғыш эмигрант күрескер, саяси қайраткер, ерен тұлға.

Әр адамның өз тағдыры, ешкімге ұқсай бермейтін өз сүрлеуі болады. Мұстафа Шоқай да “тар жол, тайғақ кешуді” бастан өткерді. Өмірінің соңғы 20 жылы жат жерде өтті. Бірақ көз жұмғанша, өзінің идеясынан, өзі таңдап алған жолынан, туған халқының тәуелсіздігі үшін күресінен бір сәт ауытқыған емес. Оның бүкіл ұстанымы, өмірінің мәні мен мағынасы, арман-мұраты ұлттың тәуелсіздігі, Түркістан аймағының саяси егемендігі, рухани бостандығы болатын. Қазақтың еркіндігін өзінің азаттығы деп білді, өз тағдырын ұлтының бақытынан іздеді. Мен Мұстафа Шоқайды зерттемес бұрын ол туралы 10 жылдай уақыт оқыдым, ғалымдардың еңбектерімен таныстым. Осылайша, Мұстафа Шоқайдың қайталанбас тағдыры мен үшін үлкен қызығушылық тудырды. Тіпті, бұл дүниеде мұндай өмір жолын басынан кешкен адам жоқ. Сол себепті Мұстафа Шоқайдың өмірін, жүріп өткен жолдарын аралап, зерттеуді жөн көрдім. Зерттеу барысында Қазақстанның бірнеше облыстары мен Ташкент, Ферғана, Қоқан, Санкт-Петербург, Баку, Тбилиси қалаларын, тіпті, Германияның астанасы Берлинге дейін бардым. Бұл бағыттардағы материалдар менде сұрыпталып, әрқайсысы том-том болып тұр. Әлі де көптеген зерттелмеген дүниелер бар.

– Сіздің ойыңызша, ұлттық рухымызды мәңгі сақтап қалу үшін не істеуіміз керек?

– Елбасы өз мақаласында “заман ағымы” деп халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлерден алшақ кетуге болмайтынын, себебі, ол ұлттың қанымен келетінін айтқан. Шынында да, өткен тарихымыз бен бүгінгі күнімізді, ертеңгі келешегімізді байланыстыратын арқау, ол – рухани құндылықтарымыз. Қазір біз заманға сай икемделіп барамыз, біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз да жаңарып, жаңғырып жатыр. Елбасы айтқандай, біз рухани құндылықтарымызды сақтап қалуымыз керек. Қазақтың әрбір азаматы мемлекетшіл болуы тиіс, егер біз рудың, жүздің деңгейінде қалсақ, онда қазақтың үлкен мемлекет болып қалуы қиын.

Қарап отырсақ, қазір біздің психологиямыз да өзгерген. Жақын көршімізбен араласпаймыз, бір-бірімізге сәлем бермейміз, өлсе жаназасына кірмейміз, айт мерекесінде ағайын-туыстарға айттап бармаймыз. Міне, осылайша, біз баяғы қазақилығымыздан алшақтап барамыз. Бүгінгі күніміз мынау, болашағымыз қандай болмақ? Мені осы ойлар толғандырады. Сондықтан осы мәселелерді ғылыми түрде емес, түсінікті тілмен жеткізуге тырысамын. Себебі, қарапайым халыққа мұндай дүниелерді жатық тілмен түсіндірген дұрысырақ. Мәселен, бір мысал айтайын. “Дәстүр” журналына сұхбат алу үшін медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Нострадамус атындағы академияның толық мүшесі, академик Советхан Ғаббасовпен әңгімелестім. Ол кісі баланы ана құрсағында жатқан кезінен бастап тәрбиелеу керектігін айтады. Егер біз өз халқымыздың ерекшелігін, ұлт тағдырын ойлайтын болсақ, Советхан аға айтқан “методикаға” сүйенуіміз керек. Өткен ғасырда қазақта Абай, Махамбет, Әлихан, Мұстафа сияқты алыптарымыз дүниеге келді. Ал оларды аналарымыз қалай өмірге алып келді? Қазіргі ұрпақ неге әлсіреп барады? Неге қазір Мұстафа Шоқай сияқты жігіттеріміз жоқ? Советхан аға айтқандай, алыптарды дүниеге әкелудің өзіндік “методикасы”, өз құпиясы бар. Алайда, бүгінгі заманда біздің қыз-келіншектеріміз, әйелдеріміз келешек алыптарды дүниеге әкелуге дайын ба? Оған мүмкіндіктері бар ма? Жоқ. Неге? Себебі, қазір біздің әйелдеріміз, қыз-келіншектеріміз таң атпастан тұрып, бізді тамақтандырады, жұмысқа жіберіп, бала-шағаны жайландырады. Одан кейін кешке дейін тынбастан қоғамдық жұмыс жасайды, кешке келіп тағы үйдің шаруасын атқарады. Ал ондай әйелден қандай алып дүниеге келеді? Еркектер қашан осыны қолға аламыз? Қашан біз қыз-келіншектерімізді аялаймыз? Міне, қазақтың еркектері ең әуелі осыны ойлауы керек. Рухани құндылықтың бастауы ұлт тағдыры, ұрпақ тәрбиесінде болса, біз алдымен әйелдерге, аналарға жағдай жасауымыз керек.

Қазіргі қоғамда мені ойландыратын тағы бір мәселе – соңғы кезде елімізде болып жатқан келеңсіз жағдайлар мен қайғылы оқиғалар. Ал оларды біз қалай тоқтатамыз? Мына ұлан-ғайыр ұлы далаға қалай ие болып қаламыз? Ұрпағымыз қайтсек отаншыл, мемлекетшіл болады? Осы сауалдардың бәрі мені қатты толғандырады. Қазір бізде бір-бірімізді сүю жетіспейді. Ұлттық идеологияға біз енді-енді мән беріп жатырмыз. Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында, міне, осы мәселелер айтылады. Сондықтан бүгінгі күні біз, ең алдымен, ұрпақ тәрбиесі, ұлт тағдыры, ұлттық құндылықтарымызға баса назар аударуымыз керек. Ұлы дала еліне айналуымыз үшін ұлттық рухымыз мықты болуы керек.

– Бүгінге дейін 100-ге жуық әнге сөз жазыпсыз. Басқаны қайдам өз басым сіздің:

Жүрегін жаудың қақ тілген,

Алшайтып тұрып ат мінген.

Қазақ деп мұңға баттым мен,

Қазақ деп жылап жаттым мен.

Көзімде мұңның табы бар,

Ернімде шөлдің зары бар.

Жетім ботадай боздадым,

Сөз ұғар біреу табылар, – деген жолдармен өрілген “Дүние” атты термеңізді тыңдап өстім. Тіпті, Ілия Жақановтың өзі сізге сөз жаздырғанынан хабардармыз. Қазіргі әнші-сазгерлердің дені “шөп те өлең, шөңге де өлең” дегендей, мәтінге көп мән бермейді. Осындайда әннің, сахнаның киесі, халықтың талғамы, әншінің деңгейі сияқты бірбіріне кереғар пікірлер қылаң береді…

– Бұл сауалыңыздың жауабын қазақ үшін жаны күйінген Абай атамыз:

Құр айқай бақырған,

Құлаққа ән бе екен?

Өнерсіз шатылған,

Кісіге сән бе екен? – деген бір шумақпен беріп кеткен.

Қазіргі әндерге көңілім толмайды. Ал әуенге сөз жазуға келсек, ол спектакль секілді. Қадыр Мырзалиев айтқандай, егер сөз жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді. Мәселен, кейде бір әнге сөз жазу үшін біраз уақытың кетеді. Ал кейде апталап жүріп, әрең жазасың. Бір мысал келтірейін, қазір Мейрамбек Беспаев орындап жүрген “Аяулым” атты әнге сөз жазу үшін менің көп уақытым кетті. Мен осы әннің әуенін 4-5 күн тыңдадым. Содан бір күні әуенді ыңылдап айтып жүріп, ойыма: “Бірге өткен кештерім үшін, қалсын осы ән естелік үшін” деген сөздер келді. Осылайша, лирикалық ән дүниеге келді. Ал соңғы әнім “Биіктегі кептерлер” осыдан он жыл бұрын жазылған, алайда, сол кездері халыққа жетпеді. Тұманбай Молдағалиев айтқандай, шығармашылықта асығуға болмайды. Қазір бұл ән ел арасында айтылып жүр.

– Ақындық шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Менің шығармашылығыммен көзі қарақты оқырманның көбі таныс. Оннан астам кітабым шықты. “Күреңбелді” іздеп жүріп оқитын қалың оқырманым бар. Шүкір. Нағыз поэзия жастық шаққа тән. Жастықтың жалынымен жаздық та, жасындай көріндік те. Жас ұлғайған сайын: “Елге не бердім?”, “Қазақтың жарқын болашағы үшін қандай шаруа тындырдым?” – деп өз-өзіңе сұрақ қояды екенсің. Дала заңымен тыныстаған қазақтың табиғаты – дәстүрінде, салтында. Төрт томдық шығармалар жинағы келер ұрпаққа ауадай қажет.

Биыл Қырғызстанның “Улуу Тоолор” баспасынан “Гүл көктем” деген атпен қырғыз тіліндегі жыр кітабым қырғыз ақыны Марқабай Ааматовтың аудармасымен жарық көрді. Сондай-ақ, биыл “Күреңбел” Татарстанның “Ил-һам нәшрияты” атты баспасынан ақын Рафис Құрбановтың аудармасымен татар тілінде шықты. Менің өлеңдерім орта мектеп оқулықтарының қазақ, өзбек тілдерінде шыққан хрестоматияларына да енген. Біз кезінде биікке де көтерілдік, марапаттардан да кенде болмадық. Ендігі мақсат кейінгіге үлгі-өнеге көрсетейік. Соның бәрінде қазақ екенімізді, қазақ ұлтының ұланы екенімізді ұмытпайық. Өзгенің жылтырағына санамызды улатып, ұлттық әдет-ғұрпымыздан айрылып қалмайық. Өресі төмен жас ақындардың қаулағанынан, бекзат өнер – өлеңнің көрсеқызар шоуға айналып бара жатқанынан қорқамын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp