«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗ БИІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұшқыр уақыт алға ұмтылған сайын өткен күндердің сәулелі сәттерін жиі еске алып жататынымыз ақиқат. Әсіресе, өмір жолында өзіндік өрнек салған ұстаздарға деген құрмет жыл өткен сайын арта түседі екен. Халқымызда “Ана мен ұстаз мейірімі – егіз” деген ежелден айтылып жүрген жақсы бір сөз бар. Ғұмыр парақтарын ой елегінен өткізген сәтте ұстазым Қырғыз Мұсабаев алғашқылардың бірі болып ойыма оралады. Қаншама жастарға өмір дейтін үлкен мектепке жолдама беріп, әр кез тілекші болып жүретін оның еңбек жолы әріптестері үшін өнегеге айналғанын біз жақсы білеміз.

Бүгінгі күні сексен жастың төріне озғалы отырған ұстазым және оның еңбегі жайлы сөз қозғаудың реті келіп тұр. Өйткені, сексен – абыз жас. Ал Қырғыз Күзенбайұлы осы жасқа еңбегінің арқасында ардақты азамат болмысымен жетіп отыр.

Ол 1957 жылы жоғары оқу орнын тамамдағаннан кейін өзінің туған ауылы Николаевкаға келіп, еңбек жолын бастады. Осы жерде өмірдің сан тарау соқпақтарынан, сан қилы сынақтарынан сүрінбей өтіп, ұстаздық мамандықтың биігіне көтерілді. Жарты ғасырға жуық мұғалімдік қызмет атқарған Қырғыз Күзенбайұлын ауылдастары ұлағатты ұстаз ретінде қадір тұтады.

“Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан”, деп бекер айтылмаған ғой. Ұстазымыз алдына келген шәкіртті азаматтық парасаты биік, рухани адамгершілік ұстанымы берік тұлға ретінде қалыптастыруда өз ісінің хас шебері бола білді. Сондықтан да Қырғыз Күзенбайұлының еңбегіне бас иетін шәкірттері көп. Ауылымыздағы жас химиктер үйірмесін 40 жыл басқарып, талантты балалардың химия әлеміне қызығушылығын оятқанын да айтып өткім келеді. Республикалық деңгейде өткен педагогикалық оқуларға төрт рет қатысып, жүлделі 1-орынды жеңіп алғаны да біз үшін үлкен мақтанышқа айналған болатын.

Қырғыз Күзенбайұлы шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие берумен қатар, жақсы қасиеттерді бойларына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар нұсқауды өзінің парызы санады. Сондықтан да біз оны әрдайым жарқын тұлға ретінде танимыз.

Қырғыз Күзенбайұлының жас ұрпақ тәрбиесі жолында атқарған ұстаздық қызметі билік тарапынан жоғары бағаланды. Бұған дәлел – 1971 жылы алған “ҚазКСР оқу үздігі” атағы.

Нағыз ұстаз адам ешқашан шығармашылықтан ұзап кете алмайды. Оның республикалық “Қазақстан мектебі” журналына, облыстық “Солтүстік Қазақстан” басылымында штаттан тыс тілші ретінде жазған мақалаларын елге келгенде ұдайы оқимын, әрі тамсанамын. Ал Қызылжар өңірінің өлкетану ісін дамытуға қосқан үлесі мен үшін өз алдына тың тақырып болып қала бермек.

Біздің ұстазымыз – бақытты адам, өйткені, оның осындай дәрежеге жетуіне бірден-бір себепкер – отбасының алтын діңгегі бола білген, қолдаушысы, сүйікті жары Роза Жолтайқызы. Ағамыздың зайыбымен бірге өткізген бақытты күндері аз емес. Бүгінде олардың өсірген ұл-қыздары өмірден өз орындарын тауып, немере сүйдіріп, ата-аналарын қуантып келеді.

Халқымызда “Қарты бар елдің – қазынасы бар”, деген сөз бар. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей бір әулеттің ақылшы тірегі, арқа сүйері болып отыр.

Абай ТАСБОЛАТОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті

Мәжілісінің депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp