«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШЕ СПОРТЫНА ҚЫЗЫҒУШЫЛАР КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Street Workout” – көше спорты. Яғни, аулаларда орналасқан спорттық жабдықтарда түрлі күштік қимылдарды жасап, денені шынықтыру. Бүгінде өңірімізде бұл бұқаралық спорт қарқын алды. Өйткені, оның өзгелерден ерекшелігі – әрбір азаматқа қолжетімділігінде. Ақылы спорт үйірмелерінің төлемін көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Сол себепті біздің таңдауымыз арнайы залды, қымбат құрал-жабдықты талап етпейтін спорттың түріне түсті. “Street Workout” бұқаралық спорт түрлерінің бірі болғандықтан, онда қолданылатын белтемірлер мен қырлы бөренелер сынды қарапайым құрылғылар қаламыздың көптеген ауласы мен көшелерінде бар. Ол құралдарда түрлі жаттығуларды жасауға болады.

Жалпы көше спортының бұл түрі Америка Құрама Штаттарында басталып, кейін барша әлемге жайылған. Бір атап өтерлігі, 2013 жылы көше жаттығулары Қазақстанда спорт түрі ретінде мойындалып, “Street Workout” және “Street lifting” бойынша жаңа федерация жұмыс істей бастады. Ол осы спорт түрі бойынша тіркелген әлемдегі алғашқы ұйым болып табылады.

Бүгінде қаламызда 50-ден астам жас осы спортпен тұрақты түрде айналысады. Бастапқыда оларға қажетті мамандандырылған спорт алаңы болмағандықтан, “воркаутшылар” таңертең және кешкілік уақытта облыс орталығының қоғамдық орындарында, саябақтарда жаттығуларын ұйымдастырып келді. Осыны ескерген “Жас Отан” жастар қанаты белсенділерінің бастамасымен мәселенің шешімі табылды. Ақыры Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің аумағында “Street Workout” спорт алаңы бой көтерді.

Мен аталған спорт түрімен үшінші жыл айналысып келемін. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Ақпараттық жүйелер” факультетінде оқысам да, спорттан алшақтаған емеспін. Сабақтан соң күнде кешке достарыммен бас қосып, керменің қасына жиналып, тартылу бойынша бір-бірімізбен жарыса жөнелеміз. Қызығушылығымыз бір болған соң клуб құрып, оны “Bar sky” деп атадық. Біз бұл спортпен өзіміз ғана айналысып қоймай, саламатты өмір салтын насихаттап, жасөспірімдерді спортқа тартуға тырысамыз. Өйткені, “Street Workout” есірткімен, алкогольмен және темекі шегумен күрес түрі десе де болады.

Былтыр Қызылжар ауданының Бескөл ауылында бұқаралық спортты дамыту үшін “Workout” тренажерлері бар алаң ашылды. Одан кейін мұндай жаттығу құрылғылары Якорь ауылында орнатылды. Сондай-ақ, облыс орталығындағы Жеңіс саябағында да бар. Алдағы уақытта қалалық саябақта барлық стандарттарға сəйкес заманауи жаттығу орны ашылса екен деп отырмыз.

Талпыныстың арқасында көптеген жаттығуларды меңгердік. Нәтижесінде бірнеше жарыс, түрлі шаралар ұйымдастырдық. Былтыр Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында аудан əкімінің қолдауымен облыстық жарыс өткіздік. Онда Астанадан арнайы осы спорттың жілігін шағып, майын ішіп жүрген жігіттер шақыртылды.

Үстіміздегі жылы клубымыздың жұмысы жандана түсті. Үш жыл бойы Жеңіс күні қарсаңында “Жеңіс рекорды” акциясын өткізіп келеміз. Оның шарты бойынша қатысушылардың барлығы бірге соғыссыз өткен күндер санына байланысты кеудені жерден бірнеше рет көтерулері керек. Сонымен қатар 22 наурызда облыс орталығында “Street lifting” жарысын, 7 мамырда Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылында спорттық шара ұйымдастырдық. Алдағы уақытта Петропавлда республикалық бәсеке өткізу жоспарымызда бар.

Саламатты өмір салтын ұстану əрбір қазақстандықтың басты міндеті болуы тиіс. Ол үшін шығынданудың да қажеті жоқ. Бұл спортпен шұғылданған жас шымыр болып қана қоймай, денсаулығын да жақсартады.

Азамат ШАЙМЕРДЕНОВ,

“Bar sky” клубының жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp