«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТАБЫСҚА АПАРАР ЖОЛ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осындай атаумен облыс студенттері арасында өткен бизнес жобалар байқауы қорытындыланды. Стартап конкурсына қатысуға “Жас кәсіпкер мектебін” тамамдаған 14 солтүстікқазақстандық студент өтініш білдіріпті.

Олардың әрқайсысы байқауға дейін бизнес-жаттықтырушыларымен бірге жоспар құрып, өз жобаларын қорғауды үйренген. Байқау барысында алты стартап іріктеліп алынып, ішінен “Үздік жоба” анықталды.

Жастар құрған бизнес-жоспар қызмет көрсету саласынан бастап, ауыл шаруашылығына дейінгі түрлі салаларды қамтыған екен. Төсек-орын жабдықтарын тігуді, диеталық қоян етін шығаруды, аяқкиім жөндеу мен безендіруді және “ПончиКоф” кофесін шығаруды жоспарлаған жастар бірінші орын үшін өзара бақ сынасты.

Нәтижесінде бұл жүлде “Бәліш және “ПончиКоф” кофесін шығару” атты жобаның авторы, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті Маргарита Лейманға бұйырды.

– Жастарға осындай жобалар қажет деп ойлаймын. Қаламыз шағын ғана, жалақы да шамалы, ал тәжірибесі жоқ студенттерге жұмыс табу қиынның қиыны. Сондықтан жастар бизнеспен айналысып, осы бағытта дамитын болса, бұл өздері үшін де, еліміз үшін де үлкен жетістік болары сөзсіз, – деген Маргарита Лейман бизнес-жоспарын жақын арада жүзеге асырсам деген ойымен бөлісті.

“Жас кәсіпкер мектебі” олардың бойындағы инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға септесіп, осы салаға бет бұруына ықпал ету мақсатында жұмыс істейді. Курс оқу қорытындысы және бизнес-жоспарды қорғау дәрежелеріне қарай студенттерге гранттық қаржыландыру конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін сертификаттар табысталды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp