«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САРБАЗДАН САРДАРҒА ДЕЙІНГІ ЖОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адам тағдыры өз қолында деп жиі айтамыз. Әрине, Табиғат-Ананың құдіретін де жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, өмір соқпағын адаспай таңдай білген азаматтың өз шығар биігі, алар асуы болатыны ақиқат. Осыдан тура 26 жыл бұрын Балабек Жахин балаң үміттің жетегінде полиция қызметкері атану үшін Қарағанды жоғары милиция мектебіне жол тартқан еді. Ал бүгінгі күні бұралаңы мен соқпағы көп өмір жолында адаспағанына анық көзі жетіп отыр. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ол осы қызметтің абырой биігінен көріне білді.

Абырой-бедел жайлы бекерден-бекер сөз қозғап отырғанымыз жоқ. Қызмет бабында кездескен қиындықтарға шыдамсыздық танытып, қол сілтеп, бағытын басқа арнаға бұрғандар аз емес қой. Әсіресе, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жалақыны уақтылы ала алмай, бала-шаға жүдеп-жадаған уақытта қаншама қызметкерлер мамандығына адалдық таныта білмеді. Балабек Әділбекұлын олардың қатарына жатқыза алмаймыз. Өйткені, ол нағыз азаматқа тән ісімен сарбаздан сардарға дейінгі жолды еңсерді.

Оқырмандарға түсінікті болу үшін бәрін басынан бастап баяндағанымыз жөн шығар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары онсыз да бас көтере алмай отырған қарапайым халыққа бұзақылар да қырғидай тиіп, күн көрсетпейтін. Ал полицияның міндеті тентектерді тезге салу, қоғам тыныштығына жауап беру болатын.

Сол кездері Қызылту, қазіргі Уәлиханов ауданында да криминогендік жағдай ушығып тұрған еді. Ана ауылда кісі өлтіріп кетіпті, мына жерде әйелді зорлапты, бұзақылық, ұрлық жасалыпты, басқа да қылмыстар жайлы гу-гу әңгіме онсыз да еңсесі түскен тұрғындардың зәресін ұшырып, шошыта түсті.

Балабек Әділбекұлына адам зорлау дерегі бойынша екі-үш жылдан бері іздеуде жүрген күдіктіні табу міндеті жүктеледі. Әрбір адам қолымен істегенді, мойнымен көтеру қажет. Бірақ жазадан жалтарғысы келген күдікті ізін суытып үлгеріпті. Балабек Жахин бастаған ісін жарты жолдан тастап кетуді азаматтық болмысына мін санайды. Сондықтан ауыр қылмыс жасаған ауыл тұрғыны лайықты жазасын алуы үшін аянып қалмады. Күдікті Ресейдің Омбы қаласында жасырынып жүргенін ести сала жолға шықты. Күздің қара суығына қарамай, қалай да діттеген жеріне жетуді мақсат тұтқан ол сол күні жол апатына ұшырап, ауруханаға түседі. Дәрігерлердің көмегімен аяғынан тік тұрғаннан кейін тағы да Омбыға жол тартады. Ол жылдары тәртіп сақшылары жетіспейтін. Аудандық ішкі істер бөлімдерінің материалдық-техникалық жағдайы да мәз еместін. Соның өзінде, оларға талап жоғары болатын.

Адам зорлап, тайраңдап бостандықта жүрген күдіктінің мекенжайына барғанымен, ол үйінің есігін ашпай, ұзақ тұрады. Бірақ оның осы пәтерде жасырынып отырғанын іші сезеді. Әйтеуір, сүт пісірім уақыт өткенде есіктің арғы бетінен: “Бұл кім?” – деген дауыс шыққан. Күдіктінің алыс бір тусының есімін атағаннан кейін ғана ол шақырусыз келген қонаққа есігін ашты. Бірақ Балабек Әділбекұлын көргенде қателескенін түсініп, қарсылық көрсетеді. Кезінде спортпен шұғылданған күдіктінің қолына кісен салу жеңіл болған жоқ. Тіпті, терезеден секіріп, қашып кетуге де әрекеттенген оны жас полиция қызметкері тырп еткізбеді.

Бұдан кейін де талай мәрте қылмыскерлермен бет-бет келді. 2000 жылы мұздай қаруланған қылмыстық топ бір түннің ішінде Золотая Нива ауылында сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкер әйелді түгін қалдырмай тонап кеткені жайлы алыс-жақын ауылдардың бәрі естіді. Естіп қана қойған жоқ, әрбір түнді үреймен өткізетін халге жетті. Шынымен де, бес қаруы сақадай-сай қылмыскерлерге қарсы тұруға кімнің шамасы келеді. Бұл жолы да Балабек Әділбекұлы халықтың зәре-құтын алған бұзақыларды қолға түсіру үшін аянып қалмады. Кейін әлгілердің үшеуі бұрынғы полиция қызметкері, тағы бір қылмыскер адам өлтіргені үшін жазасын өтеп келгені белгілі болды. Олар бұзақылық, ұрлық, адам өлтіру қылмыстарына қатысы бар кәнігі қылмыскерлер еді. Қаншама адамның көз жасын арқалаған қорқаулар сот шешімімен өмір бойына бас бостандықтарынан айрылды.

Ал 2008 жылы Уәлиханов аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып жүрген уақытта жергілікті жердегі екі бірдей отбасының бес мүшесін қойдай қырып кеткен қылмыскерлерді құрықтауға жетекшілік жасады. Бұл қылмыстың бар болғаны 20 күннің ішінде ашылуы Балабек Жахиннің білгір маман екенін айғақтай түседі.

Иә, кеудесін қылмыскердің оғына тосып, тура келген ажалдан тайсалмаған Балабек Әділбекұлының тұлғасын айшықтай түсетін мысалдар аз емес. Ең бастысы, оның қызметте ғана емес, өмірде де жолы болған адам. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын ұрпақ өсіруді әкелік парызым деп білетін ол бүгінгі күні алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Асыл жары Анар екеуінің арманы перзенттеріне лайықты тәрбие беру. Сөзсіз, солай болады да. Біз білетін Балабек Әлібекұлының қайсар мінезі, адамгершілік болмысы балаларына өнеге емес пе?!

Қазақ халқында “Ерлік – елге ұран, ұрпаққа мұра” деген тәмсіл бар. Өйткені, ерлік асқақ ұғым. Сондықтан да шығар екінің бірі батылдық пен қайсарлықты бойына жинап, ерлік жасауға бейімдік таныта алмайды. Ал Балабек Жахин – қызмет жолында басының амандығын емес, қызметке адалдықты ойлаған бүгінгі бейбіт күннің нағыз батыры.

Балабек Әділбекұлының еңбегі әрқашан басшылық тарапынан жоғары бағаланып келеді. Жақында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Берік Біләлов оған “Қазақстан полициясына 25 жыл” мерей-тойлық медалін табыс етті. Бұдан бөлек ел игілігі жолында еселі еңбектің өтеуі үшін берілген бірнеше төсбелгілер мен медальдары да бар. Бүгінгі күні полковник шеніне ие ол облыстық ішкі істер департаментінің криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарып жүр. Оның әлі де талай қылмыстардың бүге-шігесін анықтап, ел тыныштығы үшін тер төгері анық.

Сөз соңында кейіпкеріміз Қазақстан полициясының ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында басшылық құрамды, тыныштық күзетінде жүрген әріптестерін және қоғам тәртібіне бар ғұмырын арнаған ардагерлерге ақ жолтай тілегін жолдаған еді. Біз де жүгі ауыр, салмағы өлшеусіз қызмет жолында жүргендерге табыс тілейміз.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp