«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСАНДЫ СҰЛУЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде қай елде, қай өңірде болмасын пластикалық ота жасатуға құмар жандардың қатары көбейіп келеді. Әдетте аурухана – жол апатына ұшырағандарға, әлдебір жағдаймен жарақат алғандарға ота жасайтын жер. Ал қазіргі күні ол жерде жасанды сұлулыққа құмартқандар мен өзін жасартқысы, бет әжімінен арылып, көздің қабағын өзгертіп, құлағын кішірейтіп, мұрынын түзегісі келетіндер де бой көрсетіп қалып жүр.

Облыстық онкологиялық диспансердің торакалды хирургі Рашид Әлиевтің айтуынша, көмекке жүгінетін адамдардың көбі қыз-келіншектер екен. 2018 жылы пластикалық ота жасатқан 22 адамның екеуі жігіт болса, қалғаны – нәзік жандар. Олардың басым бөлігі бет әжімін тарттырып, көздің қатпарын өзгертіп, денедегі артық майды алдыртып тастаған. Хирург екі жылдың ішінде 40-қа тарта косметологиялық ота жасаған. Ол жасанды сұлулыққа ниет білдірушілер саны көбейгенін айтады.

Хирургиялық оталардың құны бізде шетелдерге қарағанда анағұрлым төмен. Әрине, күрделілігіне қарай бағасы да әртүрлі. Қабақ пішінін өзгерту 130-150 мың теңгені құраса, денедегі артық май немесе күрт арықтағаннан кейін салбырап қалған теріні алып тастау 300-500 мың теңге көлеміндегі қаражатты талап етеді. Дене пішінін мінсіз етуді армандап сыртқы бет-бейнесіне түзетулер енгізгісі келетіндер 24 пен 53 жас аралығындағылар. Олардың ішінде бір мезетте бірнеше ота жасатқандар мен хирург көмегіне талай рет жүгінгендер де жетіп артылады.

“Мен осы қадамға барғаныма еш өкінбеймін. Бұған дейін өз-өзіме көңілім толмай жүретін. Ал қазіргі таңда өмірге деген көзқарасым өзгеріп, өзімді жақсы сезіне бастадым. Әр адам сұлу әрі мінсіз болуды армандайды. Ал пластикалық ота арқылы сол арманға қол жеткізуге болады” – деді пластикалық ота жасатқандардың бірі Зарина Малинина.

Соңғы кездері нәзік жандар арасында кеуде үлкейту де сәнге айналған. Халық арасында жасанды көкірек бала емізгенде зиянын тигізеді деген үрей бар. Бірақ кейбір хирургтер оның денсаулыққа кері әсері болмайтынын айтуда. Алайда, пластикалық отаның қай түрі болмасын адамға қауіп төндіретіні айтпаса да белгілі. Оған елімізде ота жасау барысында көз жұмған жандардың көбеюі де дәлел бола алады.

– Отаны өзіне көңілі толмайтын, эмоцияға тұрақсыз адамдар жасайды. Ал жасы келгендер бет әжімін тарту арқылы өмір жолында болған қиындықтарды артқа тастап, жаңа өмірге сергек сезіммен қадам басуға ұмтылады. Психологиялық жағдайын тұрақтандырып, әлеуметтік белсенді болуды қалайтындар мұрынын өзгертуге құмар болып келеді. Жақ пішініне көңілі толмайтындар тым жұмсақ не болмаса аңғал жандар. Ота жасататын адамдардың барлығы көріксіз деуге келмейді. Сымбатты жандар да оған бейім болуы мүмкін. Бұл қажеттілік перфекционизм синдромы бар жандарға тән. Бұл топтағы адамдар өмірдегі сәтсіздіктерін сыртқы келбетімен байланыстырып, осы қадамға барады. Косметологиялық оталар адамның ішкі әлеміне, психологиялық жағдайына да үлкен әсерін тигізеді, – дейді жасанды сұлулыққа ұмтылғыш жандар жайында психолог Гүлдана Қалиева.

Ал халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасқан ата дініміз пластикалық отаға түбегейлі қарсы. Бұл туралы бізге Қызылжар мешітінің имамы Мақсат Жұмажанов айтып берді. “Пластикалық ота жасату – шариғатымызға жат нәрсе. Оған жүгінген адамдар Құдайдың жаратқанына қарсы шыққан болып саналады. Ал Алла тағала: “Біз адамды ең көркем бейнеде жараттық”, – деген. Отаны тек жарақаттанғанда, денедегі тыртықтарды кетіру, кеселдерден арылу мақсатында жасауға болады. Осыны ескерген жөн”,– дейді ол.

Жасанды жолмен әдемі болуды қалайтындар адамның ішкі әсемдігі сыртқы келбетімен үйлесім тапқанда ғана нағыз сұлулыққа қол жеткізетінін ұмытпаса екен дейміз. Көркіне ақылы сай болмаса, жылтыраған беттен не пайда?!

Алина НҰРТАЗИНА, “Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp