«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒДЫРЫМ БАР ЕШКІМГЕ ҰҚСАМАЙТЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ол айнаның алдында ұзақ тұрды. Арпалысқа толы ғұмыры көз алдынан сырғып өткендей. Алпысқа енді келсе де, жүзін әжім торлаған, шашын ақ қырау шалған мосқал әйелдің бейнесін көресің. Бұралаң-бұлтарысы көп өмірде ол өзін бақытсыз жан санайды. Жылдар бойғы өкініші өзекті өртеп, кеудесін сағыныш кернеген ана тағдырдың “тосын сыйына” таңғалып тұрғандай. “Бәрі де бір Алланың қалауымен” деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалды. Ұйқыдан оянған адамдай селк етіп, бойын тез жинап алды. Жүгіре басып төргі үйдің терезесіндегі пердені түріп, алысқа көз тікті. Таңертең кетіп, түс ауа мас болып оралатын ұлына алаңдап тұр. Терең күрсіне дем алған соң, тағдыры жайлы сыр шертті.

Айнаш ДҮЙСЕНБАЕВА,

60 жаста:

Менің жүдеу көңіл, жұпыны тірліктен әбден мазам кетті. Қарашы, қандай күйге түстім? Тәннің қартаюы өз алдына, жаныңның өмірден рахат таппауы қиын екен. Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Тоғыз бауырым бар, ұл-қыздың үлкенімін. Ата-анам қарапайым шаруа адамдары болатын. Он баланы өсіріп, жеткізу үшін күн-түн демей еңбектенді. Сондықтан ес білгелі бауырларыма қарайласып, қолғабыс еттім. Іні-сіңлілерімнің тамағын беру, кірін жуу менің мойнымда болды. Әйтеуір, үйдің шаруасын ұршықша үйіріп, тыным таппайтын едім. Әкем көзі ашық, көкірегі ояу кісі еді. Барлығымызға оқу оқып, білім алуымыз керек екенін айтып отыратын. Сол кезде мен ақымақ болған екенмін. “Бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоғын” қаперіме де алмай, ата-анам, бауырларыммен мәңгі бірге тұратындай алаңсыз жүрдім. Соңымнан ерген бауырларым мектеп бітірген соң, білім қуып қалаға оқуға түссе, мен ауылда қалып қойдым. Сөйтіп жүргенде Серікпен танысып, албырт сезім, жастық жалынмен жаңа өмірге қадам бастық.

Ол да көпбалалы отбасынан шыққан. Өзі көрші ауылдан, шопыр болып жұмыс істейді. Ата-енем бізге еншімізді беріп, бөлек шығарды. Ауылдан үй сатып әперіп, алдымызға бірлі-жарым қой мен сиыр, жылқы салып берді. Біздің арман-мақсатымыз көп еді. Бірақ екі баланы дүниеге әкелген соң, отбасымыздан береке кетті. Күйеуім “ащы суға” үйір бола бастады. Сүттей ұйыған шаңырақтың шырқы бұзылып, жарық күн қараңғы түнекке айналды. Екінші балам дүниеге келгеннен кейін демікпем қозып, денсаулығым сыр бере бастады. Сондықтан мал басын көбейтіп, күн көрісті түзеуге шамам келмеді. Оның үстіне қолғабыс етер қос балапаным әлі жас.

Бізді бір қырсық шалғандай. Қандай шаруаны қолға алсақ та, жұмысымыз алға баспай-ақ қойды. Көз жасым көл болып, талай мәрте ата-енеме жылап барғаным есімде. Бірақ Серік ақыл тоқтатар, адам болар деп сәулелі үмітпен күн кештім. Балаларым өсіп, ер жеткен соң қолымды жылы суға салар деп өзімді жұбатумен болдым.

“Қырсық қырық ағайынды” дегендей, ішерге ас, киерге киім таппай қалған соң, төркінге көшуге тура келді. Жолдасымды тастап кетуге қимадым. Басында ата-анам, бауырларым қолұшын берді. Бірер жыл солардың арқасында күн көрдік. Күйеуім бір күн сау жүрсе, бір апта ішіп кетеді. Отбасының бас көтерері шөлмектің құлына айналған соң, үйде қандай береке, қандай ынтымақ-бірлік болмақ? Өлместің күйін кешіп, қатқан нан мен қара суды талғажау еттік. Өзім ешқашан бір жерде жұмыс істеп, ақша тапқан емеспін. Бәлкім, жуас мінезім мен сылбырлығым отбасында жүдеу өмір, күйкі тірліктің орнауына себеп болған шығар?!

“Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады” дегендей, мен екі баладан кейін тағы үш құрсақ көтердім. Үшінші перзентім ұл бала еді. Ол кезде тұрмысымыз, тіпті, нашар болды. Жақындарым маған жаны ашып, сәбиімді балаға зар болып отырған бір ерлі-зайыптыға беруге көндірді. Бөтен біреуге баламды аманат еткен күнді ешқашан есімнен шығарған емеспін. Шырылдаған шақалақтың даусы әлі күнге дейін құлағымда. Кей-кейде сол баланың зарлы үнінен түнде шошып оянамын. Талай түнді ұйқысыз, уайыммен өткіздім. Бейкүнә сәбидің не жазығы бар? “Ащы судың” арбауына түскен Серіктің кесірінен баламнан көз жазып қалдым. Анасының әлдиін естіп, ақ уызға қанбаған балам қайда жүр деген ой маған өмір бойы маза берген жоқ. Сыртым бүтін, ішім түтін болды. Аң екеш аң да баласын ит-құстан қорғайды емес пе? Ал ол қорған бола алмады. Күйеуім араққа салынбағанда ғой, бәрі басқаша болар еді. Сол әзәзіл-арақтың кесірінен отбасымыздың ойраны шықты емес пе?

Іштегі мұңды, болған жағдайды ұмытуға тырыстым. Қанша тырыссам да, қолдан келер қайран жоқ. Тоғыз ай көтеріп, тоғыз күн толғатқан сәбиімді өгей баладай өзектен теуіп, өзіме өмірде кешірілмес күнә арттым. Сондықтан бұл қиянат пен күнә жуып-шаюға келмейді. Сүреңсіз өмір суретінде шаттықтың шағаласы ұшуы енді неғайбыл?

Әйтеуір бірталай жылдан соң күйеуім арағынан айығып, адам қатарына қосылды. Төрт баланы бағып-қағып, ер жеткізсек те, жолдасым екеуміздің жүрегіміз тыншымады. Бірақ бөтен біреуге аманат еткен ұлды іздеуге батылым бармады. Біздің естуімізше, оны асырап алған адамдар жақсы тұрады екен. Демек, дені сау, тамағы тоқ. Одан артық не керек? Жараның аузын тырнап, оның сәулелі өміріне көлеңке түсірмеуді жөн көрдік.

Тауқыметке толы тағдыр салған сүрең жолмен күн кешіп, талай мазасыз шақты бастан өткердік. Төрт баланың үшеуі отбасын құрып өз жөндерімен кетті. Тұңғышым бойдақ болатын. Жаратқанның алдында жасаған қателігіміздің өтеуіндей өткен жылы қапияда сол ұлдан айырылып қалып, қайғы құштық. Ана үшін бұдан асқан қасірет жоқ шығар. Жаным жабырқап, өмірім күрең күзге айналды. Қолдан келер қайран жоқ. Маңдайға жазған тағдырға күйінемін.

Жоқшылық жүйкеге де әсер етеді екен. Жаныма жара салған қара уайым көңілді жүдетті. Қазір бір басымда мың ауру бар. Қанатымның қайғысы қабырғамды қайыстырып кетті. Ал осыдан жарты ай бұрын үйге бізді іздеп Асхат келді. Оны көргенде есеңгіреп қалдым. Жанарым жасқа толып, жүрегім мұздап қоя берді. Отыз жыл бұрын қолыма алған шақалақ атпалдай азамат болып ер жетіпті. Өзі ағасынан аумайды екен. Ол әдеп сақтап бізбен жылы амандасты. Сол түні біз – ана мен бала ұзақ әңгімелестік. Ұлым жылдар бойы көкірекке жиналған шерді ақтарды. Ата-анасының аманаты бойынша туғандарын іздеп табуды алдына мақсат еткен екен. Өйткені, оның енді басар тауы, барар жері жоқ. Асырап алған әке-шешесі қайтыс болыпты. Мұраға қалған үш бөлмелі пәтерден де айырылып қалған. Жүгенсіз кеткен бала бұзақыларға еріп, теріс жолға түскен. Қаржы саласының маманы болуды армандаған Асхат оқуын да тастап кетіпті. Енді, міне, адасқан қаздай жапан далада жалғыз қалды. Оның жүдеу түрін, жұпыны киімін көріп, жүрегім сыздады.

Қанаттың орны ойсырап қалған соң, біз Асхаттан жұбаныш іздедік. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа созыла қоймады. Күндердің бір күнінде ол төбемізге әңгір таяқ ойнатты. Ұлымның “ащы суға” әуестігіне жаным күйінеді. Бірде үйдің астаң-кестеңін шығарып, бізге қоқаң-лоқы көрсетті. Кеудесіне жиналған ыза тым ызғарлы екен. Барлық қиындық үшін бізді жазғырды. Тентекті тезге салу қолдан келмеді. Өйткені, ол өмірге өкпелі. Менің де жүрегім қан жылайды. Алдымен қосағымнан, кейін баламнан қорлық көретіндей Құдайға не жаздым? Ұлдан зәбір көрген Серік те өткенге өкінеді. Бірақ өкінгеннен не пайда? Кезінде өзі де дәл солай отбасына маза бермей, ойран-топырын шығаратын.

“Өтіп жатқан өмірдің көктемі жоқ, күзі бар” дегендей, тағдырымның осындай көлеңкелі тұсы жетерлік. Енді баламды қатарға қосу үшін не істей аламын? Ұлыммен қауыштырған тағдырдың тағы қандай “тосын сыйы” бар екен?

Дайындаған Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp