«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ — ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кейбір жастарымыздың рухани жаңғыруға бетбұрыс бүгіннен басталды деп түсінетіндері жасырын емес. Әрбір тарихи кезеңге көз салатын болсақ, Ұлы дала ұрпақтарының көреген-ойшыл, заманынан озып туған ұлдары ел-жұртының, халқының, ұлтының сана-сезімінің жаңғыруына зор үлестерін қосқанын аңғарамыз. Оны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры” атты бағдарламалық мақалаларында атап көрсетіп, мұның “жай ғана әдемі афоризм еместігін” ескертті.

Арғысы сонау бағзы заманда өмір сүрген Қорқыттың, екінші Аристотель атанған әл-Фарабидің ілімі біздің халқымыздың ғана емес, бүкіл дүниежүзі жұртшылығының сана-сезімін жаңғыртса, бергісі қазақтың данышпан ғұламасы – Абайдың отаршылдықтың құрсауында қалған қазақтың рухын, ұлттық намысын көтеру мақсатында жазған еңбектерін мақтанышпен айта аламыз. Абай Құнанбаевтың қоғам өмірі, дін мәселелері туралы философиялық ой-пікірлері шығыс пен батыс елдерінің алдыңғы қатарлы ойшылдарының пайымдарынан озық тұратынын зерттеушілер айтып жүр.

ХХ ғасырдың басында қазақ ұлтының рухани жаңғыруына Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сияқты Алаш арыстары атсалысты. Ұлтымызды үш ғасырға жуық отаршылдықта ұстаған патшалық Ресейдің “бұратана халықтарға” жүргізген саясатын кеңес өкіметі жалғастырғаны белгілі. Қазақ халқының ұлт ретінде жойылып кетуіне бағытталған саяси-экономикалық реформалар жүргізілді. Өз ұлтының толық бостандық алып, дербес ел болуы үшін күрескен алаштың беткеұстар азаматтары саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Халқымыздың еркіндік аңсаған ақыл-ойы мен ар-намысының күретамырына балта шабылып, ұлтымыз есеңгіреп қалды. Өзін “қазақпын” деп жүргендер тілі мен салт-дәстүрінен безіп, өз ұлтының кім екенін айтудан ұялатын халге жетті.

Бірыңғай кеңес халқын қалыптастыру идеясы белең алып, қазақ мектептері жабылып, қаймағы бұзылмаған елді мекендер өзге этнос өкілдері басым ауылдарға көшірілген жағдайлар болды. Кеңес одағының Батыры Әбу Досмұхамбетов туған Мамлют ауданындағы Үшкөл ауылы келешегі жоқ ауылдардың қатарына жатқызылып, көрші тұрғыны аз орыс ауылы Владимировкаға көшірілгенін қалай ұмытайық? Аққайың ауданындағы қазақ мектебінің орыс мектебіне айналғанын 1970 жылдары студент кезімде ауыл шаруашылығы жұмыстарына барған кезде көріп таңданғанмын. Осындай жағдайлар, әсіресе, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған солтүстік облыстарда көп байқалды.

Тәуелсіздікке дейін Петропавл қаласында бір ғана қазақ мектебі болғаны шындық. Облыс орталығындағы жалғыз жоғары оқу орны – педагогикалық институтта қазақ бөлімі болмады. Ана тілімізде орта білім алған біздер қиындық көріп, амалсыздан орысша оқығанымызды осы күнге дейін ұмытпаймыз. 1969 жылы тарих бөліміне түскен 50 студенттің 4-уі ғана қазақ мектебін бітірген еді. Бес жыл бойы дүниежүзі, кеңес тарихын терең меңгеруге ден қойсақ, қазақ тарихын бесінші курстың соңғы екі айында желе жортып, сыдыртып, оның өзінде патшалық-кеңестік оқиғалармен байланыстыра оқып шықтық.

Тарих факультетінде оқи жүре, өз тарихыңды толық игере алмау – кемсіту екенін жас жүрегімізбен түсінетінбіз. Бірақ саяси жүйеге ашық қарсы шығуға сол кездегі ахуал жол бермеді. Кеңестік замандағы тарихи кинолар, балаларға арналған мультфильмдер орыстың батырларын насихаттап, біздің қазақ жерін жаудан қорғаған бабаларымызды көрсетпеуге тырысып бақты. Өзіміздің баһадүрлерімізді үнемі ұрыс даласынан қашып бара жатқан образда көретін едік. Өзінің төл тарихын толық оқымаған жас ұрпақ дүниежүзіндегі екі жүзге жуық мемлекеттің ішінде жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын ұлан-байтақ Қазақстанды қорғап қалып, ұрпағына жеткізген мыңдаған батырлары, батыс өркениетінің пайда болуына ықпал еткен ұлы ойшылдары барын, Ұлы даланың ұрпақтары екенін қайдан білсін?! Бұл біз көрген шеттетудің бір парасы ғана. Жас ұрпақ осының бәрін білуі керек.

Осындай ұлтсыздану үрдісі шегіне жеткен өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары жаңа алаштық рухты қайта көтерген жас буын өкілдері шыға бастады. Олардың алғашқы легінде Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов сынды жалындаған жастар болды. 1960 жылы Мәскеуде Мұрат Әуезов бастаған қазақ студенттерінің “Жас тұлпар” ұйымы құрылды. Бұл ұйым жастар арасында ұлттық мәдени шараларды жүргізу арқылы олардың саяси сана-сезімінің оянуына ықпал етті.

Осы уақытта жазушы, ақын Олжас Сүлейменовтің “Тюркизмы в “ Слове о полку Игореве” атты монографиясы және соның негізінде жазылған әйгілі “АЗ и Я” кітабының жарыққа шығуы шовинистік рухтағы орыс тарихшылары мен әдебиетшілерінің сыңаржақ, қатып қалған ғылыми қөзқарастарына ғана емес, кеңестік идеологияға бағытталған қатты соққы болды. Бұл туындыны оқыған түркітілдес халықтардың сана-сезімінде үлкен сілкініс болды десем, артық айтқандығым болмас. Өйткені, ондағы айтылған мәселелер бүгінгі күнге дейін маңызын жоймай келеді.

Менің айтайын дегенім, жуырда Мемлекеттік тарих институтының ұйымдастыруымен Астана қаласындағы Ұлы даланың қасиетті музыкалық аспабы саналатын Қобыз сарайында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” атты еңбегіндегі инновациялық тұжырымдамалар мәселесі бойынша ұйымдастырылған “дөңгелек үстел” отырысы жайында болмақ. Осы жиын аясында Олжас Сүлейменовпен кездесу өтті. Шара барысында сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков тарихымызға шолу жасап, Тәуелсіздіктің ата-бабаларымыздың азаттық күресінің, Алаш көсемдерінің жанкештілігінің арқасында келгенін тілге тиек етті. Елбасымыздың ширек ғасырдан астам уақыттағы тәуелсіздігімізді нығайту бағытында атқарған орасан зор еңбегін жоғары бағалайтынын айтты. “Жас ұрпақтың ендігі міндеті – тұғырға қонған тәуелсіздік туын түсірмеу”, – деді ол. Олжас ағамыз шараны ұйымдастырушы, жерлесіміз, Мемлекеттік тарих институтының директоры Бүркітбай Аяғанға алғысын білдірді. Өз сөзінде Олжас Сүлейменов: “Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” және “Ұлы даланың жеті қыры” атты тарихи еңбектерін біздің бүгінгі тарихшылар мен әдебиетшілер, археологтар, өлкетанушы ғалымдар үшін Ұлы дала тарихының ақтаңдақ беттерін зерттеп жазуға берілген тікелей нұсқау-жарлық деп түсінулері керек”, – деді.

Иә, Ұлы даланы бізден басқа мекен еткен түркі жұрты дүниежүзіне тарап, бірнеше мемлекеттер құрды, қарашаңыраққа біздің ие болғанымыз – зор мақтаныш. Кеңестік дәуірде тарихымызды жазуға қысым көрсетілді. Ол кезеңде “Ақтабан-шұбырынды”, “қалмақ-қазақ соғысы” туралы ғана жазуға рұқсат берілді. Оның себебі түсінікті еді. Енді тәуелсіздіктің арқасында өз тарихымызды кеңінен толық жазуға мол мүмкіндік бар, біздің тарихшыларымыз енжарлық танытпауы керек. Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын сақтау және дамыту рухында, ұрпақтар сабақтастығын жал­ғастыру жолында тарих және қоғам­дық ғылым өкілдерінің күш-жігерін барынша жұмылдырудың тиімді жолдарын анықтау артықтық етпейді.

Кездесу барысында бүгінгі Қазақстан тарихы оқулықтарының мүлдем сын көтермейтіні жайлы айтылды. Біз білетін Бейбарыс сұлтаннан басқа қыпшақ даласынан жиырмаға жуық сұлтан шыққаны кейбір деректерде айтылған. Елбасымыз оларды терең зерттеу қажеттігін айтып отыр. Мемлекет басшысының: “Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқи­ғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұр­ғыдан ғана сипаттаумен шектелуге бол­майды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бір­лескенде жеке адамдардың да, тұтас ха­лықтардың да өміріне қайталанбас реңк бе­реді. Біздің тарихымызда қасіретті сәт­­тер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл со­­ғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұр­­ғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қу­ғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмы­туға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ау­қым­ды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек”, – деген тапсырмасының орындалуына әрбір адам жауапты болуы тиіс. Кездесудің негізгі арқауы да осы болды.

Қажымұрат НӘСИЕВ, өлкетанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp