«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕНЕННІҢ КӨЗІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқын қынадай қырып кеткен небір нәубеттердің, тарихи оқиғалардың бел ортасында өмір сүрген, әйгілі халық ақынының бірі – Кенен Әзірбаев. Еліміздің түкпір-түкпірінде көңілді мың түрлі күйге бөлеп, дарқан даланы асқақ әнімен тербеткен, сөз маржанынан асыл ойлар тұндырып, телегей теңіз жыр тудырған таланттың 135 жылдығы қарсаңында бірқатар шаралар өтуде. Солардың бірі С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада ұйымдастырылды. Осы шара барсысында халық ақынының ұлы Бақытжан Әзірбаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Бақытжан Кененұлы, екі ғасырдың куәсі Кенен Әзірбаев ел басына күн туған заманда жұртының қайғы-қасіретін шығармашылығына арқау етіп, өмірін халқының мұңын мұңдауға, жоғын жоқтауға арнады емес пе?
– Әкемнің өмірі – өз халқының өмірімен, тағдыры – өз елінің тағдырымен тығыз байланыста болды. Ол ескінің соңы, жаңаның басы болған ежелгі замандардан келе жатқан жыраулар дәстүрін жаңғыртып, оған жаңа мазмұн, жаңа сипат берді. Суырып-салма ақын ретінде ұлы Жамбылдың ең үздік шәкіртіне айналды. Сөйтіп, ұстазының жыраулық, жыршылық, ақындық мектебінен өтті. Өмір бойы халқының ізгі арманын жырлады. Отанды, сол кездегі социалистік дәуірді эпикалық көлемде жырлайтын эпостық дәстүрді ұстанды. Ол төңкеріске дейін шығарған әндерінде халық өмірін, адамдардың көңіл күйін, арман-мүддесін үлкен тебіреніспен бейнеледі. Соғыс жылдарындағы туындыларында да елінің амандығын тілеумен болды. Ел өміріндегі маңызды оқиғалар мен тарихи кезеңдерге әрқашан құлақ түріп, олардың насихатталуына шығармашылығы арқылы өз үлесін қосты. Қазақ жұртының мұңын мұңдап жүріп, сол кездегі билік тарапынан талай рет опық жегенін халық ұмыта қойған жоқ.
– Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ дәстүрін ілгері дамытқан, сал-серілердің соңғы тұяғы Кенен Әзірбаев атамыз өмірде, отбасында қандай жан еді?
– Әкем 1884 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Матыбұлақ шатқалында сазгерлер отбасында дүниеге келді. Атам Әзірбай өз заманының белді күйшісі атанса, әжем Ұлдар дарынды әнші, композитор ретінде аты шыққан өнерпаз адам болған. Әкемнің сегіз қырлы, бір сырлы болып өсуіне анасынан алған тәрбие әсер етті ме деп ойлаймын. Өйткені, әкем жеті жасына дейін анасының әнін тыңдап, қамқорлық пен сүйіспеншілікке бөленіп өсті. Бірақ оның бұл бақыты ұзаққа созылмады. Анасынан ерте айырылып, бала күнінен тағдыр тауқыметін тартты. Байлардың малын бағып жүргенде, сайын даланың сұлулығына таңданды, әсем табиғаттан шабыт алды. Осылайша, сахараны сахна етіп, аспандағы аққуға үнін қосты. Әкем ел-жұртқа кең таралған “Бозторғай” әнін он үш жасында шығарған. Маған дейінгі алты ұлы бірінен соң бірі шетінеп кеткен тұста “Базар-Назар” туындысын дүниеге әкелді. Үш және бір жастағы екі ұлының шешек ауруынан бір күнде көз жұмуы әкемнің қабырғасын қайыстырды. Осы кезде “Ақ ешкінің зары” деген атақты жоқтау әнін шығарды. Оның сөзі қандай зарлы болса, әні де сондай мұңды. Әкем біз отырған жиындарда бұл әнді айтудан қашқақтайтын. Ал орындай қалса, баласын бүгін жоғалтқан жандай өзі де жылап, өзгені де жылататын. Ел арасында перзенттерінен айырылған аналар осы әнді әкемнің өз аузынан естуге құмартып, оны жиі іздеп келеді екен. Перзенттерінің өмірден ерте кетуі жанына қатты батқаннан болар, өте балажан болды. Бізге зекіп, ұрысқанын естімеппін. Сондай-ақ, оның өзгелерге деген қамқорлығы айрықша еді. Қарттық шаққа келсе де, “білгенімнен білмейтінім көп” деп, өмірін ізденіспен өткізді. Мен әкемнің кемелденген шағы, яғни 61 жасында дүниеге келіппін. Кішкентай кезімнен оның әндерінің халық арасында кеңінен таралғанын байқап өстім.
– Кенен Әзірбаевтың әйгілі Балуан Шолақтың батасын алғанын білеміз. Ол көзі тірісінде қабырғалы қаламгерлер Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановпен жақын араласты емес пе?
– Аталмыш тұлғалардың, қазақтың маңдайалды зиялыларының Жетісу ақынына деген зор ілтипатына талай мәрте куә болдым. Балуан Шолақ әкемнің шығармашылығын жоғары бағалап, оны әдейілеп Жетісу жеріне іздеп келген. Екеуі бірнеше ай ел аралап жүргенде Кенен Әзірбаев сазгердің он төрт әнін жаттап, ел ішінде таратқан. Мұхтар Әуезов оны ұлы жырау деп айтушы еді. Жазушы: “Кенеке, сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне ұлы жырау әрі шешен, байтақ шежіре екенсіз. Халқымыздың аяулы өнерін шет жұртқа жеткізген дарыныңызға дән ризамын”, – деп халық ақынына ілтипат білдіруі екі тұлғаның бір-біріне деген құрметін аңғартпай ма?! Мұхтар Әуезов өмірден өткенде, әкем қатты қайғырды. Сонда “Атағы дүние жаһанға тараған бауырым-ау!” деп, жоқтау шығарған еді. Оның қара домбырамен астасқан зарынан өкініш пен мұң-қайғы естілгендей болды. Ғабит Мүсірепов бір сөзінде: “Бүкіл еуропалық мәдениетте соңғы могикан деген қағида бар. Сол айтқандай, Кенен сонау Біржан сал, Ақан сері сияқты әнші әрі ақын адамдардың ең соңғы тұяғы деуге болады. Талай әнші, талай домбырамен айтушы болар әлі, дегенмен бір дәуірдің, бір ғасырдағы қазақ халқының ән-күйін, ақындығын, соның ішінде ең асылын бізге мұра етіп қалдырған ұлы адам, ұлы таланттардың бірі осы – Кенен”, деген екен. Бұдан басқа, ол Жамбыл, Шашубай сияқты жыр дүлдүлдерінен үлгі алып, оларды өмір бойы ұстазым деп өтті. Оған мына бір өлең жолдары дәлел: “Сексен бірде жасы бар, Абай мен Жамбыл шәкірті. Солардан қалған сарқытпын, Балуан Шолақ, Шашубай, Үлгісін алған бір қартпын. Көрмесем де Біржан, Әсетті, Солар салған әнді ұқтым, Құлагерін Ақанның, Қой бағып жүріп, тауда ұқтым”.
Жазушы Сәбит Мұқанов та әкеммен жақын араласты. Талай рет қаламгердің үйінде болып, Мәриям апайдың қолынан шай ішкен сәттеріне, екі алыптың жаймашуақ сырласқан сәттеріне куә болдым. Сәбит Мұқанов әкемнің тағдыры қыл үстінде тұрған кездерде талай рет оның жадау тіршілігіне жанашырлық танытты. Үкімет есебінен Қордайдан үй алуға, кітабын басып шығаруға жәрдемдесті. Әкем қаламгермен бірге бүкіл Арқа жерін аралаған. Содан ақынның “Сарыарқаға саяхат” толғауы дүниеге келген. Сол туындының негізінде Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығына орай біз де Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарын аралауды жөн көрдік.
– Композитордың мұрасын жас ұрпақ арасында насихаттау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Солардың бірқатарына тоқталып өтсеңіз?
– Ел тарапынан халық ақынына деген құрмет зор. Бұған оның есімімен аталатын мәдени ошақтар, түрлі өнер додалары мен қоғамдық шаралар дәлел. Кенен Әзірбаев көзі тірісінде зор атақ-беделге ие болды. Он үш жасындағы тырнақалды “Бозторғай” әнінен бастап, ең соңғы 1975 жылы шығарған “Қалады-ау” шығармасына өнерсүйер жұртшылықтың ықыласы ерекше. Композитордан қалған 60 шақты ән бүгінде радио-телеарналарда шырқалып жүр. Біздің ауылда туып-өскен дәстүрлі әншілер Саят Медеуов, Айгүл Иманбаева, Мақсат Базарбаев сынды эстрада жұлдыздары әкемнің әндерін жиі орындайды. Оның өмірден өткеніне – 42 жыл. Қазіргі дүниетанымы басқа ұрпаққа ақынның мол мұрасын насихаттауға барынша атсалысып жүргендердің бірі өзім. Былтыр Жамбыл облыстық филармониясына Кенен Әзірбаевтың есімін беру шарасына жазушы, драматург Жабал Ерғалиев қатысып, Жетісудың жыр алыптары Жамбылдың, Сүйінбай мен Кененнің мұрасын тек өз өңірінде емес, сонымен бірге Қазақстанның өзге облыстарында да насихаттау шарасын қолға алу қажеттігін алға тартқан еді. Міне, қаламгердің осындай астарлы пікірі бізге ой салды. Расында да, бүгінде әдебиет және мәдениет саласының дүлдүлдері өз жерінде ғана насихатталып жүр. Жік-жікке бөлінбей, олардың туындыларын жан-жақты насихаттау ортақ іске айналуы тиіс деп ойлаймын. Жаһандану заманында бабамыздан қалған мұра басты тәрбие көзіне айнала түссе, нұр үстіне нұр емес пе?! Оның салт әндерінің өзі тұнып тұрған тәрбие. “Бесік жыры”, “Келінжан”, “Беташар” сынды туындылары бүгінгі күні де өміршеңдігін жойған жоқ.
– Ақын ұрпақтары да аталары сияқты өнерге жақын болар?
– Бүгінде әкемнің 40-тан астам немересі мен шөбересі бар. Мен ұлдың үлкенімін. “Шықтым биыл сексенге, Желігім бар өкпемде, Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де”, – деп өзі жырлағандай, әкеміздей болмасақ та, ұқсап бағуға тырысып жүрміз. 30-дан астам әнім бар. Жуырда “Әке рухымен сырласу” атты эссе жаздым. “Ұлы дала жыршысы” атты мемориалдық ой-толғау негізінде жазылған кітабым жақын күндері жарыққа шықпақ. Кенен Әзірбаевтың немере-шөберелерінің бәрі өнерге жақын. Олар осындай бабасының болғанын құрмет тұтып, халық ақынының ұрпағы екендіктерін мақтанышпен айтып жүреді.

Әңгімелескен  Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp