«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РУХАНИ ӨМІРДІҢ ӨЗЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дін адамзаттың рухани мәдениетінің маңызды бөлшегінің біріне айналды. Дін арқылы адамдар арасындағы рухани байланыстан, ұлтаралық келісім мен қоғамның беріктігі, адами құндылықты, салт-дәстүрді сақтаудың ең жақсы мүмкіндігін көре білуіміз қажет. Ұлттық мәселелердің дұрыс шешілуі Қазақстанның халықаралық қауымдастықта лайық орынға ие болуына, әлемдік өркениеттің көкжиектерінен орын алуға мүмкіндік береді. Діндердің өзгертуге болмайтын өзіндік ілімдері мен дәстүрлері бар, кейбір жағдайларда бір-біріне қайшы келетін, тіпті жоққа шығаратын, дінаралық сұхбат мүмкін болмайтын жақтары да кездеседі. Сонда шешім қайда?

Шешім қандай жағдайда болсын нақтылы болуы шарт. Дерексіз шешім болмайды. Шешім жасау үшін нақтылы тарихи, әлеуметтік, қоғамдық, саяси, мәдени жағдайды есепке алуымыз керек. Нақтылы жағдай – Қазақстан Республикасы, яғни, мәселе осы мемлекеттің мүддесіне орай шешілуі керек.
Президент Жолдауында ішкі және сыртқы саясатымыздың аса маңызды бағыттарының бірі ретінде қоғамдық келісімді одан әрі нығайту, сайып келгенде, еліміздің серпінді дамуын қамтамасыз етумен өзіміз алдымызға қойған асқақ міндетті ойдағыдай орындаудың негізі болып табылатыны белгіленді. Қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің кез келген көріністеріне және біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарына қысым жасауды көздейтін әрекеттерге қатаң әрі дәйекті қарсы тұру қаралды. Қазақстан Республикасының басқару тәртіптері мемлекетіміздің Ата Заңында белгіленгендіктен ол талаптар қоғамның әрбір мүшесі тарапынан орындалуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес – Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Мақсаты немесе іс-әрекеті республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады. Қазақстан Республикасының “Қоғамдық бірлестіктер туралы” Заңына сәйкес, экстремистік мақсаттарды көздейтін қоғамдық бірлестіктерді құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Заңнамасында көзделмеген әскерилендірілген құрылымдарды құруға тыйым салынса, “Экстремизмге қарсы күрес туралы” Заңымен Қазақстан Республикасының аумағында экстремистік бағыттағы ұйымдардың, бөлімдердің ашылуына және олардың қызметіне жол берілмейді. Қазақстан Республикасының Конституция сында ар-ождан бостандығы мен діни бостандықтың принциптері, әртүрлі конфессияларға жататын азаматтардың өздерінің діни бірлестіктерін құруға тең құқылығы, мемлекеттің діннен бөлінгендігі туралы принциптер бекітілген.
Сондай-ақ діннің және діни бірлестіктердің әлеуметтік қызметтерін реттеудің халықаралық тәжірибелеріне негізделген өзге де бірқатар нормативтік-құқықтық негіздер дайындалып шығарылды. Қазақстандағы қандай да болмасын діни бірлестіктіктердің қызмет етуінің нормативтік-құқықтық негізі белгілі дәрежеде әзірленгендігіне қарамастан, діннің мәртебесі, оның қоғам өміріндегі шынайы жағдайы мен рөлі, яғни діннің қоғамның әлеуметтік-саяси, рухани салаларына тигізер әсері, қазірге дейін дәл анықталмаған. Осы еліміздегі белгісіздік, әсіресе оның теріс салдары қазіргі діни жағдайда орын алған жаңа тенденцияларға байланысты анық та, айқын аңғарылуда. Бұл, әрине, әсіресе дін мен діни сананың күдік туғызатын діни-рухани нормалары мен догмаларына негізделген жаңа діни ағымдар мен бағыттардың елімізде еркін қызмет етуінің көрінісі. Мұндай әсірешіл нышандар діни фундаментализм мен діни экстремизм ретінде көрініс табуы әбден мүмкін. Қазақстанның зайырлы мемлекет болуына байланысты, ресми идеология дінге мейлінше бейтарап қарайды: ол діншіл де, дінге қарсы да сипатқа ие емес.
Қазіргі Қазақстандағы діннің жағдайы авторитарлық, тоталитарлық және теократиялық басқару жүйесі бар мемлекеттерден өзгеше. Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көпұлтты, көптілді және көпконфессиялы Қазақстан үшін мейлінше күрделі мәселе. Бүгін Қазақстан әлемге тек мұнай өндіруші ел ретінде ғана емес, сондай-ақ Бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы ретінде де жақсы таныс. Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды, осы заманғы өзекті әлемдік діни, саяси, өркениетаралық мәселелерді шешу үшін жиналады. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының осындай кездесулерінің соңғысында еліміздегі конфессияаралық келісім мен диалогтың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының осы бір кездесуінде конфессияаралық келісім мен диалогтың негізгі принциптері айқындалды. Олар: толеранттық, өзара құрмет көрсету мен түсінісу, ұлтаралық келісім мен діни төзімділік
Қазақстан діни толеранттылық пен конфессияаралық келісім ісінде терең тамырлар мен көне дәстүрлерге ие. Қазақстан көне заманнан бері қарай сан алуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болған. Қазіргі Қазақстанның аумағында бірнеше ғасырлар бойы тәңіршілдік, зороастризм, манихейлік, буддизм, христиандық (оның, әсіресе, несториандық және яковиттік тармақтары), ислам сияқты әртүрлі нанымдар қатар өмір сүрген, яғни толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің үлгісі болған.
Бейбітшілік пен конфессияаралық келісім салаларында қол жеткізген белгілі табыстарымызға қарамастан, әлі шешілмеген, жедел шешуді қажет ететін мәселелер баршылық. Әсіресе қазір дүние жүзіне діни төзімсіздік, діни экстремизм және терроризм шынайы қауіп төндіріп тұр. Оларды XXI ғасырдың анағұрлым өткір мәселелеріне жатқызуға болады. Конфессияаралық келісім мен диалогты жетілдірудің жаңа жолдарын іздеу қажет. Дін, әуелі, әлемдік және дәстүрлі діндер адамның діни және рухани негіздерін дамытудың күшті факторы болып табылады. Діннің негізгі мақсаты адамдағы барлық адамгершілік қасиеттерді сақтау және оларды дамыту, адамның өзінің “бет-бейнесін” сақтап қалуына көмектесу болып табылады.
Бүгінгі әлемнің, оның ішінде қазіргі Қазақстанның міндеті жалпы адамзаттық, гуманистік және толеранттылық құндылықтарды, конфессияаралық келісім, диалогты ғасырлар бойы әлемдік және дәстүрлі діндердің енгізген принциптері мен қағидаларын қазіргі жалпы әлемдік, адамзаттық өркениеттегі бейбітшілікті сақтап қалу үшін және әр түрлі саяси құрылымдарды, сан алуан этностар мен конфессиялардан тұратын көптеген мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі үшін белсенді пайдалануға саяды. Конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің нығаюы үшін, діннің біріктіруші, рухани тұрғыдан құрушы фактор есебінде рөлінің күшеюі үшін діни мәдениет пен діни сананы қалыптастыру қажет. Бұл күндері әлемнің түкпір-түкпірінде дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар болып жатса, оларға Қазақстандағы түсіністікке, тату, бейбіт өмір сүруге шақырған жиындардың ықпалы қандай болмақ? Таяу Шығыстағы еврейлер мен арабтардың арасындағы діни қақтығыстар мен соғыстар, Үндістандағы дінаралық және ұлтаралық қарсыласулар, Еуропадағы сербтер мен албандар арасындағы дүрдараздық, тіпті көршілес Ресейдегі орыстар мен шешендердің, Кавказ халықтары арасындағы қақтығыстар мен шовинизмнің бой көрсетулері секілді оқиғалар қаншама? Соларға Қазақстандағы татулық пен келісім қандай дәрежеде әсер ете алмақ? Әрине, бұл жөнінде саясаткерлер түрлі болжамдар пен пікірлер түйіндеуде. Қазақстанның жауапты мекемелерінің, Ұлттық қауіпсіздік органдарының мәліметтеріне қарағанда, діни саяси экстремизм және фанатизм Қазақстанда да бар.
Елімізде “Хизбут Тахрир”, “Таблиғи жамағат” сияқты радикалды ұйымдардың өкілдері көбейді. Олар насихаттап жүрген Конституциямызға қарсы уағыздар қазір қазақстандықтарға таңсық болудан қалды. Егер де жоғарыда аталған радикалды ұйымдар дәл осы қарқынмен тарала берсе, ол Қазақстан халқының ортақ мемлекеттік мәдениетке бірігуіне, демократиялық реформалардың халық санасында орнығуына әжептәуір кедергі болады. Сондықтан, Қазақстан индустриалдық қоғам құрып, ортақ мемлекеттік мәдениетке бірігуі үшін ең алдымен бұған кедергі болатын діни фундаментализмнің табиғатын анықтап, теократиялық елдердегі ортодоксальді исламның ерекшеліктерін байыптауымыз керек. Өйткені, халқының 60 пайызы мұсылман болып саналатын отанымыздың ендігі тағдырына исламның әсері мол болатыны анық. Елімізде ислам дінін ұстанушылардың көбейе бастауы бұл діннің принциптеріне ерекше назар аударып, жан-жақты талқылау қажеттігін көрсетіп отыр.
Ислам дінінде саяси – қоғамдық, рухани өмірдің барлық саласы қамтылған. Солардың бірі діни сенім және діни төзімділік мәселесі. Ислами идеяларды өркениеттік тұрғыда қабылдап, оларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жолында қолдана білсек, біздің қоғамдағы біраз мәселелер шешімін табар еді. Экстремизмге қарсы күрестің бірден-бір жолы – олар туралы өз уақытында шынайы мәлімет беру. Бұл жерде, әрине, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өте жоғары. Секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет. Ол үшін барлық мектептерде “Дінтану” сабағымен қоса мамандар қауіпсіздік дәрістерін өткізіп, онда экстремистік топтарды, секталарды қалай білуге болатынын түсіндіріп, олардан сақтану жолын көрсетіп отырулары керек.

Ағыбай ӨТЕПБЕРГЕНҰЛЫ,
дінтанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp