«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҒЫМ ДӘУРЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымызда “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлерге сұраныс жоғары болғанымен, құрылыстың қарқыны төмен. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің ішінде тұз бағасы қымбаттаған. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында аталған мәселелер көтерілді. 

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Мұхамедиев атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, белгіленген жоспар толық орындалатындығын айтты. Ал келер жылы облыс орталығының бірқатар шағынаудандарында көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, қоныстойын тойлаушылардың қатары қалыңдайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар облыс орталығындағы Копай шағынауданын жаңғырту жайы да айтылды. Құрылыс компаниялары өз қаржысына үй салуға ниет танытуда. Сүрілетін баспаналардың иелеріне жаңадан салынатын үйлерден пәтер беру көзделіп отыр. Осы орайда облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл ауданның тұрғындарына жаңа салынған үйлерден баспана берілуі тұрғын үй нарығындағы қымбатшылыққа тосқауыл болатынын айтты. Себебі өңірімізде үйлер сүріліп, жаңа шағынаудандар салына бастағалы пәтер бағасы күрт қымбаттағаны белгілі. Осыдан да болар өңірімізде “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы бойынша үй алуға ниет танытқандардың қарасы қалың. “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Алмас Жапабаевтың айтуына қарағанда, “Жас өркен” шағынауданында салынған 144 пәтерлі үйге 1307 адам өтініш берген. Ал Жуков көшесінде бой көтерген 79 пәтерлі тұрғын үйден баспаналы болуға 1158 адам ниет танытқан. Осы орайда филиал директоры аталған бағдарлама бойынша құрылыс аясын кеңейту қажет екенін айтты. Сонымен қатар, салынып жатқан үйлердің сапасын және пайдалануға беру мерзімін қадағалау шараларын күшейтуді сұрап, абаттандыру жұмыстары тұрғындар көшіп келгенше аяқталуы керек екендігін атап өтті.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов осыған дейін өңірімізде құрылысты қарқындатуға құрылысшылардың тапшылығы, еңбекақының аздығы қолбайлау болып отырғанын айтқан болатын. Алайда, бұл олқылықты жоюда мердігер компаниялар тарапынан тиісті жұмыстар атқарылмаған. Отырыс барысында өңір басшысы әлі күнге дейін құрылысшылардың еңбек жағдайын жақсартып, жалақысын көтеру мәселесі шешімін таппағанын сынады.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова өңірімізде азық-түлік бағасының тұрақты екенін атап өтті. Бірінші сұрыпты ұнның килограмы – 130 теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 28 теңгеге арзан. Қызылжарлықтар қарақұмықтың бір килограмын 182 теңгеге сатып алса, өзге өңірлерде 242 теңгеден саудалануда.
– Өңіріміздің тұрақтандыру қорына қажетті 915 тонна көкөніс сатып алынды. 40 тонна қарақұмық пен 385 тонна қант бар. Қазіргі таңда күнбағыс майы, күріш, макарон өнімдері мен бірінші сұрыпты ұнды нарыққа шығарып, сол арқылы бағаны төмендету жұмыстары жүргізілуде, – деді Құралай Жарова.
Бүгінгі таңда өңірімізде әлеуметтік маңызға ие азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жасаудың жоспары әзірленген. Енді аудан әкімдері апта сайын азық-түлік тауарларының бағасы бойынша есеп беріп отырады. Сонымен қатар статистика органы мен кәсіпкерлік және туризм басқармасының өкілдері, облыс әкімі аппаратының инспекторлары мониторинг жүргізеді.

 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp