«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЗІЛ ӘЛЕМІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Тыныш отырыңдар…”

Жаздың бір аптап ыстық күнінде Зия ағай өзінің “Пиражковоз” аталып кеткен “Москвичімен” егіс алқабын аралап келе жатады. Ауылға 3-4 шақырым қалғанда жол жиегінен жидек теріп, әбден шаршап, шөлдеген ауыл балаларын көреді. Оларды көлігінің будкасына отырғызады.

– Ал, балақайлар, үндеріңді шығармай тыныш отырыңдар. МАИ ұстаса мені оңдырмайды, – деп ескертіп жүріп кетеді.
Үйіне жеткен соң ескі әдеті бойынша ашық тұрған гаражға машинасын қойып, үйге кіреді. Ажар апай: “Сені пәленшенің үйі тойға шақырды, кешіккен жоқсың, бар”, – дейді. Зия ағай жуынып, таза киімдерін киіп қонаққа кетеді. Біраз уақыт үнсіз қалған балалар қараңғыға және қапырыққа шыдамай шулай бастайды. Сол маңайдан өтіп бара жатқан бір адам жылаған дауысты естіп, будканың сыртқы есігін ашады. Жарық дүниеге шыққан балалар ыдыстарындағы жидектерін төге-мөге үйлеріне қарай зыта жөнеліпті.

“Кешіріңдер, жігіттер!”

Мен туып-өскен Мерген (бұрынғы Чапай) ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлты орыс Кузьма есімді кісі тұрды. Қазақшаға судай еді. Жұмысқа тыңғылықты болса да, аңғалдығы, ұмытшақтығы басым болатын.
Кузьма ауылда алғашқылардың бірі болып “копейка” аталып кеткен ақ түсті “Жигули” сатып алды. Жиырма жылдай айдаған соң сыры түсіп, машинаның өңі кете бастайды. Бірде “темір тұлпарын” аудан орталығындағы техникалық қызмет көрсету орталығына апарып, көк түске боятып алады. Бір демалыста кемпірін отырғызып алып, көрші Сергеевка қаласындағы базарға келеді. Керек тауарларын алып, тұраққа қойған машинасына беттейді. Қызық осы жерден басталады. Байқап қараса, машинасы орнында жоқ. Зәресі кеткен Кузьма базарды басына көтеріп: “Украли, угнали!” – деп айқайға басады. Абырой болғанда сол маңайда МАИ қызметкерлері жүр екен, айқайды естіп жетіп келеді. Кузьма болса: “Солай да солай, ақ түсті, пәленбай нөмірлі машинамды айдап кетті”, – деп орыс тілінде жыламсырап айтады. Әлгі жігіттер тұрақта тұрған машиналарды қарай бастайды. Кенет біреуі көк машинаның жанына тоқтап: “Странно, номера сходятся, только цвет другой”, – депті. Сол уақытта машинасын боятқаны есіне түскен Кузьма: “Алжыған басымай, ақ түске үйреніп қалыппын, боятқаным есте жоқ, сендерді әуреге түсірдім ғой, кешіріңдер, жігіттер”, – деп таза қазақ тілінде сөйлей жөнеліпті.


Ысқақ АРҚАЕВ.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp