«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

JÝLDYZY JANǴAN JERLESTERİMİZ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуантып жүрген солтүстікқазақстандық спортшылардың бірі – Нұрқожа Қайпанов. Петропавлдағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатта еркін күрестің қыр-сырын меңгерген спортшы облыс тарихында алғаш рет еркін күрестен Азия біріншілігінде алтын медаль иеленді. Ал биыл Нұр-Сұлтан қаласының төрінде өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов бәсі биік сайыста ел намысын абыроймен қорғаған жас балуанға пәтер кілтін табыс етті. 

Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында бір мыңнан астам спортшы сынға түскен болатын. Сайыс қорытындысында еркін күрес балуандары үш медальды жеңіп алса, соның біреуі жерлесіміздің еншісінде. Ол боз кілемде Австралия, Ұлыбритания, Иран елдерінің үздіктерімен бәсекеге түсіп, жауырындарын жер иіскетті.

Әлемдік деңгейдегі түрлі спорттық додаларда өңіріміздің намысын абыроймен қорғап, Әнұранымызды шырқатып, көк Туымызды желбіретіп жүрген Нұрқожа Қайпанов қазан айында тағы да ерлеп, Қытайдың Ухан қаласында өткен VII жазғы бүкіләлемдік әскери ойындарда күміс медальға ие болды.

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының қоюшы режиссері Фархат Молдағали қызметіне кіріскеннен бастап өнер ұжымы көрермендерін жақсы жаңалықтармен және тың туындылармен қуантуда. Өткен жылы театр әртістері Румынияның Бухарест қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне қатысып келді. Өнерге өзгеше леп әкеліп, тың идеялармен көрермендердің көңілінен шығып жүрген әртістер “86” атты спектакльді сахналады. Бухарест қаласының Нотара театрында өнер көрсеткен сахнагерлердің еңбегін өнер майталмандары жоғары бағалағаны – еліміз үшін үлкен жетістік.

Талантты режиссердің жетекшілігімен театр биылғы жаңа маусымды жағымды жаңалықтармен бастады. Сахнагерлер Семей қаласы мен Қырғызстан елінде өткен театр фестивальдарында жүлделі орындарға қол жеткізді. Ош қаласында өткен “Art – Ordo” VII Халықаралық театр фестивалінде “Қарагөз” спектаклі екінші орынды иеленді. Оған қоса, театрдың талантты актрисаларының бірі, аталмыш спектакльде басты рөлді сомдаған Мәдина Өсербаева “Үздік әйел рөлі” аталымының жеңімпазы атанды. Өңіріміздегі өнер саласының дамуына үлес қосқан осы және өзге де еңбектерінің нәтижесінде жас режиссер өткен жылы “Театр және кино” аталымы бойынша “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығын иеленді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp