«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ ӨСІРСЕҢ, ҚОЙ ӨСІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қой шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен жиында Шопан ата төлін өсірушілерге көрсетілетін қолдаулар туралы айтылды.

Өңір үшін маңызды бағдарлама алғаш рет үстіміздегі жылдың қаңтар айында облысты дамытудың аумақтық картасы талқыланған жиында таныстырылған болатын. Сол шара барысында “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Қызылжар өңірінің қой шаруашылығын дамытуда әлеуеті жоғары екенін атап айтқанды. Қазір облыста 207 шаруашылық Шопан ата төлін өсірумен айналысады. Ал олардың ішінде “Екпін”, “Қаратомар” және “Анар” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “Ман” шаруа қожалығы асылтұқымды қой өсіреді. Жаңа бағдарлама қой шаруашылығының дамуына серпін бермек.

Әкімдіктегі кездесуде сөз алған “Атамекен” ҰКП-ның атқарушы директоры Ербол Есенеевтің айтуынша, өңірлік бағдарлама 2030 жылға дейін жүзеге асырылады.

– Бағдарлама аясында өңірдегі қой басы үш есе көбейіп, 10 жылдың ішінде 1,6 миллионға жетеді. Қой өсіруге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін және 20 мың жеке қосалқы шаруашылықты тарту көзделген. Бұл бағдарламаның болашағы зор. Қазірдің өзінде қой етінің бір килограмын 5,5 АҚШ долларына, яғни 2300 теңгеге экспорттауға болады. Сондай-ақ, ішкі нарықты сапалы, бағасы қолжетімді етпен қамтитын боламыз. Нәтижесінде өңірде жаңа ет өңдеу кәсіпорындары, бордақылау алаңдары мен асылтұқымды орталықтар ашылады, – дейді Ербол Еркенұлы.

Алдын ала болжам бойынша, облыста қой саны жыл соңына дейін 8 пайызға немесе 28 мың басқа көбеймек. Ол үшін бұл саланы екі бағытта дамыту ұсынылып отыр. Біріншісі – кәсіпкерлерге асылтұқымды саулық сатып алуға тауарлық несие ұсыну. Екіншісі – өз учаскесінде 50-100 қой асырай алатын жеке қосалқы шаруашылықтары бар тұрғындарды қолдау.

Бағдарламаны жүзеге асыру үшін қаржыландырудың бірнеше механизмі бар. Соның бірі – “Еңбек” бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие беру. Яғни, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 7 жылға 6 пайыздық үстемемен несие ресімдеу. Сондай-ақ, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қой алуға жылдық мөлшерлемесі 2-4 пайызды құрайтын тауарлық несие беру. Қарыз алушыға төлемді 12 айға дейін кейінге шегеру мүмкіндігі қарастырылады. Сондай-ақ, биыл “Атамекен-Қызылжар” атты шағын қаржы ұйымы өз жұмысын бастайды. “Бастау” жобасының түлектері аталмыш ұйым арқылы қой шаруашылығын дамыту мақсатында 6 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады.

Жиын соңында Құмар Ақсақалов облыстық кәсіпкерлер палатасы мен “Shopan-ata” қой өсірушілердің ұлттық қауымдастығының бастамасына қолдау білдіріп, алдағы уақытта өңірде қой шаруашылығы дамитынына сенімді екенін жеткізді. Жергілікті билік пен жауапты орган басшылары қызығушылық танытып, бағдарламаға қатысуға ниет білдірген солтүстікқазақстандықтарға жан-жақты қолдау көрсетпек.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp