«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бұл да бір майдан

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соғыс ардагері Николай Демин әр күнін таңғы жаттығудан бастайды. Биыл тоқсан алтыншы туған күнін атап өткен Николай Иванович өзін жақсы сезінеді. Майдангер сұрапыл соғыс жылдарының қиындықтарын жиі есіне алады. Ол қазіргі әлемді шарпыған індетті жоюдың бірден-бір жолы – вакциналау деп есептейді. Сондықтан соғыс ардагері алғашқылардың қатарында екпе салдырған.

Николай Демин 1943 жылы он жеті жасында өз еркімен майданға аттанған. Екі жыл қанды шайқастарға қатысып, бірнеше рет жарақаттанып, госпитальда емделген. Жеңіс күнін Литва жерінде қарсы алған ол кейін Польшадағы кеңес әскері қатарында бес жыл қызмет істеген.

– Біз ол кездері денсаулық туралы ойлап жатпадық, әскердегі жағдай адамды шынықтыратын. Мен жастайымнан спортқа жақын болдым. Спорттық гимнастикамен, жүгірумен, шаңғы тебумен айналыстым. Қазір де денемді шынықтырып тұрамын, – дейді соғыс ардагері. Туған жерге 1950 жылы оралған ол “Союзцелинвод” (қазіргі “Есіл су”) кәсіпорнында жұмыс істеді, партия ұйымының-хатшысы, ардагерлер кеңесінің төрағасы болды.

Николай Иванович барша әлемді дүрбелеңге салған коронавирус індетінің салдары туралы да ой бөлісті. Адамдардың бұрынғыдай бір-бірімен емін-еркін араласа алмайтыны – қазіргі өмірдің қатал талабы. Соғыс ардагері бұл шектеулерге түсіністікпен қарап, адамдар көп жиналған жерлерге мүлдем бармайды екен.

– Аяғымдағы жарақатым мазалап, ауруханаға жатып шықтым. Сонда жұқпалы дертке шалдыққандарды көрдім, басым бөлігі жастар екен. Тіпті кейбіреулері оттегімен дем алу аппараттарына қосылған. Бұл да бір майдан. Менің ойымша, дертті жеңу үшін оған қарсы екпе алу керек деп ойлаймын. Өзімізді де, жақындарымызды да қауіптен сақтауды естен шығармайық, – дейді соғыс ардагері.

Елена МЕРТЮКОВА,

журналист.

Суретті түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp