«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕР – ӨШПЕС МҰРА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өнерге әркімнің таласы болғанымен, ол адам бойындағы қабілеттің ең биік шыңы және бәрі­не бірдей дари бермейді. Өнерді өміріне серік еткен домбырашы Аслан Төкен – ұлттық дәстүр­дің киесін білетін, қадір-қасиетін ұғынған өнерпаз. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақ­стан университетінде домбырадан сабақ беретін ұстазбен жақында сұхбаттасудың сәті түсті.

– Аслан Асылбекұлы, адам­ды орта тәрбиелейді деп жата­мыз. Сіздің өнер жолына келуі­ңізге орта ықпал етті ме, әлде от­басыңыздың әсері бар ма? Жалпы өнерге қалай келдіңіз?

– Мен Есіл ауданындағы Өр­нек ауылында дүниеге келдім. Бұл – талай дарынды тербеткен қа­сиет­ті мекен. Сондықтан мен де өнер­ден алыс кете қойған жоқ­пын. От­басыма келетін болсақ, мен ғана өнер саласын таңда­дым. Қызы­ғушылық мектеп қа­быр­ғасынан басталды. Сол кезде аудандық қор құру үшін біздің мек­тептің оқушыларының арасында іріктеу болды. Бағыма орай, мен байқау­дан сүрінбей өттім. Бұл – өнердегі алғашқы қадамым еді. Петропавл қаласындағы өнер колледжінде білім алдым. Кейін облыстық филармонияда ең­бек ете жүріп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан уни­верси­те­тінде оқып, кәсіби ма­ман атан­дым.

– Күйшілік – қазақ халқының ықылым заманнан бері жалға­сын тауып келе жатқан асыл мұрасының бірі. Бүгінде ұлт­тық өнерге, домбыраға жастар­дың қызығушылығы қандай?

– Ғасырлар бойы қазақ халқы­ның серігіне айналған домбыра өміршең, ол ешқашан маңызын жой­майды. Киелі аспаптың ала­тын орны – төр. Бүгінде ұлттық өнерді ұлықтап жүрген өнерпаз­дар көп. Ол рас, жастар оркестр­дің орындауындағы шығармалар­дың мазмұнына терең бойлай бер­­мейді. Бұл да уақыт өте келе­тін дүние. Бұл жерде жастарды кінә­лауға болмайды. Тәрбие – от­ба­сынан бастау алады. Сондық­тан ата-анаға көп нәрсе байла­нысты. Бала көргенін істейді.

– Сахна – киелі орын дейміз. Киесі неде?

– Киесі – оған деген құрметте. Қай кезеңде болмасын сахнаға де­ген құрмет ерекше болған. Сах­на­ға үлкен дайындықпен шығу ке­рек. Әрине, өнер адамының бо­йын­да қобалжу, қорқыныш, толқу болады. Ол – қалыпты құ­былыс. Бі­рақ сол үрейді жеңу үшін сах­наға ішімдік ішіп шығу өнер­паз­дың ең үлкен қателігі деп ой­лай­мын. Адамның бойындағы өнер – бір пайыз дарын, 99 пайыз таза ең­бекпен, дайындалумен ке­леді. Талмай талпынған, еңбек­тен­ген адам жетістікке жетпей қоймай­ды. Мен көрерменнің ал­дында ұятқа қалмау үшін әрқашан жа­нымды саламын. Халықты өзіңе қарата білу де – өнер.

– Домбыраны қанша жастан бастап үйренген дұрыс? Бала­сы ұлттық аспапты меңгеруді қалайтын ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Мұңы мен зарын, қуанышы мен шаттығын қай ке­зеңде болсада осы домбыра ар­қы­лы жеткізе білген ғой. Қаншама жыл өтсе де менің өзім домбыра­ны толық меңгердім деп айта ал­маймын. Адам домбыра­мен үн­десіп, екі жарты бір бүтін болған­да ғана нәтиже шығады.

Ал кішкентай бала домбырада ойнауды 2-3-сыныпта үйренсе дұ­рыс. Одан ерте бастаса, ақыл-ойы жетілмеген жеткіншек киелі аспаптың қадір-қасиетін түсінбеуі мүмкін. Домбыраны жай шертіп қана қоймай, оны түсіне білу де керек. Қазір домбырадан сабақ беретін ұстаздар да, үйірмелер де көп. Бірақ ата-аналардың дұ­рыс таңдау жасауы маңызды.

– Көп жасағаннан емес, көпті көр­геннен сұра дегендей, жас бол­саңыз да шәкірт тәрбиелеу ісінде біраз тәжірибеңіз бар. Шә­кірттеріңіз сенімді ақтап жүр ме?

– Мен жоғары оқу орнында саз пәндері кафедрасында студент­терге сабақ беремін. Тәжірибе көр­­сеткендей, өнер көп дайын­дық­ты қажет етеді екен. Музыка ауызекі тілмен жеткізе салатын­дай қара­пайым теория емес. Оны іш­тей сезіне білу керек. Сондық­тан студенттерге үздіксіз үйрену, ты­нымсыз іздену қажет екенін ай­тып отырамын. Ұстаздың еңбе­гі шәкір­тінің жетістігімен өлшенеді. Шә­кірт­терден күтерім зор. Олар үл­кен сахнаны бағындырып, биік бе­лестерден көрінсе деймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp