Кеңес Одағы шаңырағының ортасына түскеніне де, міне отыз жыл болып қалыпты. Одан әрі өмір сүре бергенде қазақ халқы тілінен де, дінінен де, ділінен де мүлде айрылар еді-ау. Шүкіршілік, енді ол кезең тарих қойнауына енді, келмеске кетті. Ата-бабаларымыз армандаған егемен ел болдық. Ең бастысы, бодандықтан бостандыққа жеттік. Азаттық таңы атқан елең-алаң кезеңде Қызылжар өңірінде орын алған талас-тартысты оқиғаларға қысқаша шолу жасап көрсек.
Облыстағы мемлекет құраушы ұлт құрамы аз еді. Олай болатыны, сонау патша өкіметі тұсында Ресейдің орталық аумағында аштыққа ұшыраған шаруаларды біздің өңірге көшірді, Ұлы Отан соғысы жылдарында жер аударылғандар бар, тың игеру кезінде үлкен одақтың түпкір-түпкірінен комсомолдық жолдамамен келген жастар мен түрмеден босағандардың есебінен өзге ұлттың саны артып, қандастарымыздың үлес-салмағы күрт кеміп кеткен еді. Міне, осындай жағдайды кейбір саясаткерсымақтар өздерінің баспайдасына асырғысы келді. Мұндай жағдай, әсіресе 1992-94 жылдары белең алған еді. Сонау Ленинградтан (қазіргі Санкт-Петербург), Свердловскіден (қазіргі Самара), Челябіден, Түменнен, Омбыдан, Қорғаннан, сондай-ақ көрші елдің біздің облыспен шекаралас орналасқан аудандарынан кезек-кезегімен келген арандатушылар облыстың тұрғындарын Қазақстанның солтүстік өңірін Ресейге беруді қолдауға шақырып, үгіт жүргізді, митингілер, жабық басқосулар, жиналыстар ұйымдастырды. Мен сол жылдары облыстық теледидарда қызмет істегендіктен осындай жиындардың біразына қатысып, олардың жымысқы әрекеттерін әшкерлеп отырдым. Петропавл қаласының көшелерінде әскери форма киген казактар бізді ондай жасырын жиындарға қатыстырмауға, өтіп жатқан жерлеріне енгізбеуге тырысып бақты.
Арандатушылар көршілес Омбы облысының Есілкөл қаласында бастырған “Глас”, сондай-ақ “Вознесенский проспект” басылымдарын пайдаланып бақты. “Глас” газетінің шығарушылары – тәуелсіз кәсіподақтар орталығынан жетекші Валентин Быков пен Петропавл педагогика институтының оқытушысы Валерий Любушин болатын. Омбы теледидарының “Курсив” бағдарламасы Қызылжар өңірін қазақ елінен бөліп алуға әрекет жасаушыларға қосылып, Петропавлда ұлтаралық араздық тудырып жүрген журналист Борис Супрунюктің, қала ішінде әскери киім киіп, қару асынып жүрген казактардың байбаламын пайдалана отырып, Мәскеудегі орталық теледидардан бірнеше хабар берді. Омбы теледидары арқылы сөз алған орыс жазушысы, саяси көзқарасы үшін елінен қуылған Александр Солженицын де казактардың қолтығына су бүрікті.
Бұларға облыстық “Қазақ тілі” қоғамының үні ретінде 1990 жылдан шыққан “Қызылжар” газеті тойтарыс беріп отырды. Басылымды журналистер Өмір Есқали, Құрман Рамазанов, тіл маманы Асқар Сағындықов жүйелі түрде шығарып, таралымын бес мың данаға дейін жеткізген болатын. Сол кездегі “Комсомол” тігін фабрикасының қызметкері Ақан Бағанов газет материалдарының заңға сәйкес келуін үнемі қадағалап, қажет болғанда әр мекемеге хат жазып беріп, көмектесіп жүрді. Өңіріміздің ұлтжанды, еліне, жеріне жаны ашитын азаматтары осы газетке қазақ және орыс тілдерінде мақалалар жазып, облыс тұрғындарын татулыққа, бірлікке шақырып, “шолақ белсенділердің” арандатушылық әрекеттеріне қарсылық білдірді. Бұл істе, әсіресе журналистер Өмір Есқали, Зейнолла Әкімжанов, Мәлік Мұқанов, “Қазақ тілі” қоғамының әр жылғы төрағалары, тарих ғылымының кандидаты Қабдөш Қалиев, ақын Мүталлап Қанғожин, Қосыл Омаров, журналист Михаил Репкин, тарих ғылымының кандидаты Василий Черников және басқалары белсенділік танытты.
Саясаткерсымақтардың жымысқы әрекеттері жергілікті тұрғындар тарапынан қолдау табудың орнына қарсылыққа тап болғасын енді қала көшелеріндегі ескерткіштерге тиісе бастады. Қарт коммунистердің күзет ұйымдастырғанына қарамастан, бұрынғы облыстық партия комитеті ғимараты алдындағы Ленин ескерткішін түнде әртүрлі бояулармен бояп кететін. Ертеңіне онысын қазақтардан көретін. Билік басындағылар бір түнде ескерткішті орынынан алғызып, демалыс және мәдениет саябағы ішіне апарып орнаттыруға мәжбүр болды. Вокзал маңындағы революционер Валериан Куйбышевтің ескерткішіне де орын сол жерден бұйырды. О, құбылмалы заман-ай! Кеңес Одағы кезінде жыл сайын Валериан Куйбышевтің туған күні – 6 маусымда, оның Көкшетауда тұратын қарындасы Петропавлға шақырылып, кездесулер, түрлі патриоттық шаралар өткізілетін. Кеше ғана “күн көсем” деп жүрген Ленин идеялары енді керексіз болып қалды.
“Төртеу түгел болса төбедегі келеді” демекші, жергілікті тұрғындар қиын-қыстау кезеңде ауызбірлік таныта білді. Арақты сіміріп алып, өзін казактардың атаманы сезініп, қоғамдық тәртіпті бұзып, бірнеше рет айықтырғышқа түскен Владимир Ачкасов та, өзінің оғаш әрекеттері арқылы “Петропавлдық Жириновский” атанған Борис Супрунюк те арам пиғылдарынан ештеңе шықпағасын Ресейге қашып тынды. Бірақ, олардың бастаған істерін жалғастырушылар біразға дейін арандатушылық әрекеттерін тоқтатпады.
Енді не істеу керек? Осы арада өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін көршілермен ынтымақтастық қарым-қатынас орнату қажеттілігі туындады. Сол мақсатпен Қызылжар өңіріне Омбы, Түмен, Қорған облыстарының губернаторлары шақырылап, саяси-экономикалық, мәдени қарым-қатынас шарттары жасалды, қала күндеріне, Наурыз, Тәуелсіздік мерекелеріне қатыстырылып, оларға қазақ халқының қонақжайлығы, бейбітшіліксүйгіш пейілі паш етілді.
Өңірдегі саяси ахуалды тұрақтандыруда жергілікті баспасөз құралдарының да ықпалы ерекше болды. Радио мен теледидарда ұйымдастырылған хабарларда, газет беттерінде жариялаған зиялы қауым өкілдерінің мақалаларында тұрғындарды ауызбірлікке, “басқа түскен баспақшыл” дегендей, егемендік алған алғашқы жылдардағы қиындықтарға “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара” отырып төтеп беруге шақырды.
Менің облыстық телерадиокомпанияда қызмет істеген жылдарым дәл осындай таршылық кезеңге тура келді. Бір жылдары қант тапшылығы байқалды, бағасы да аспандап шыға келді. Осы тұста облыс оңтүстіктегі қант зауыттарымен келісім жасап, оларды қант қызылшасымен қамтамасыз етуді мойнына алды. Кеңшарлар қызылша өсіруді қолға алды. Біздің жақта мұндай дақылды өсіретін техника жоқ, сондықтан арамшөптерді жұлғандар ақысы есебінде күзде қант алатын болып келісті.
Өтпелі кезеңдегі тағы бір қиыншылық – жылу мен жарық мәселесі. Облыстың елді мекендерінде күн ұясына қонса көзге түртсе көргісіз қараңғылық орнайтын. Қызылжардың көпқабатты үйлеріне жылу дұрыс берілмеді. Электр қуатының әрі газдың болмауы қала тұрғындарының жағдайын барған сайын қиындата түсті. Көпқабатты үйлерде тұратындар есік алдына шығып, әр жерден кірпіш жинап, оларды ошақ ретінде пайдаланып, тамақ пісіретін, шәй қоятын. Қалада оған отын табу да қиын еді. Тұтынушылар ақысын дер кезінде төлемегендіктен Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығы Екібастұздан қажетті мөлшерде көмір ала-алмай қалды. Оның үстіне ақысы уақытында төленбеген соң вагондар берілмеді. “Қайда барсаң Қорқыттың көрі” деген осы болар?.
Облыс басшылығы тығырықтан шығудың бірнеше жолын іздестірді. Соның бірі – №2 жылу-электр орталығының тендерге қойылуы. Тендерді Ресейдің “Росгосэнерго” бірлескен кәсіпорыны жеңіп алды. Енді жағдай түзелер деп қуанған едік. Бірақ одан да қайыр болмады. Артынан белгілі болғандай, кеңсесі Түменде орналасқан кәсіпорын бірден шарт жасаспай, екі апта уақыт сұраса керек. Петропавлдық энергетиктердің жағдайымен жақынырақ танысып, құрал-жабдықтары тозып, титығы жеткен кәсіпорынды жандандыру үшін қыруар қаржы керектігін анықтаннан кейін уәделерінен айнып кеткен.
Осындай жағдайдан кейін басқа инвестор іздеуге тура келді. Облыс басшылығы америкалық “Аксесс-Индастриаз” компаниясын тартты. 1997 жылғы 23 желтоқсанда өткізілген тендерде осы алпауыт кәсіпорын жеңіске жетіп, №2 жылу-электр орталығын сатып алды. Кәсіпорынның бу қазандықтары мен турбиналары жөнделіп, бірінен соң бірі іске қосыла бастады. Екібастұздан көмір жеткізу жолға қойылды. Қажетті мөлшерде мазут сатып алынды. Соның арқасында Қызылжарға жылу, ал облысқа тұтастай электр қуатын беру жақсара түсті.
Үйлеріне жарық пен жылу беріле бастағанда халықтың қуанышында шек болған жоқ. Қиын күндерде тамақ пісіріп, үйге жарық беріп отырған қытайдың білте шамдарын енді пайдаланбайтын болды. Сондай шамның бірі гаражымда әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Сол кезде ауыл-селоларға әдейілеп іссапарға шығып, үйлердің терезесінен түнде жарқырап тұрған жарықты, теледидар көріп отырған адамдарды бейнетаспаға түсіріп, ерекше бір жаңалық ретінде көрсеткен едік.
Көппен бірге көрген сол қиындықтар артта қалды. Шүкіршілік, қазір үйіміз жылы, жарық, газ бар, жағдайымыз жаман емес. Бастысы – еліміз азат. Бодандықтан бостандыққа қарай қадам жасау оңайға соқпады, сол бейнеттің зейнетін бүгін анық көріп отырмыз.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.