Бұрын кәмелет жасқа толған бозбала әскерге барғысы келетін. Және оны мәртебе көретін. Бүгінде жастар азаматтық борышын өтеуден қашқақтайтын болды. Әйтеуір, соқталдай-соқталдай жігіттеріміз әскерге барудан қашып, медициналық комиссиядан өтпеудің түрлі амалдарын қарастырады. Олардың әскерге бармағаны үшін де намыстанып жатқан ата-ана, туған-туыс жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде ішкі әскерге жас азаматтарды тарту қажеттігіне баса көңіл бөлді. “Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айырықша миссия”, – деді Президентіміз. Мұны өскелең ұрпақ түсіне білуі тиіс. Отан үшін от кешуге дайын болу жастардың мақтанышына, басты арман-мақсатына айналуы керек.
Біз еліміздің Тәуелсіздігімен мақтанамыз. Шетке шықсақ та Қазақстанның өркениетті елдер салған сара жолмен жүріп келе жатқан егемен ел екенін айтып, кеудемізді кереміз. Ал Тәуелсіздікті қорғауға келгенде әлсіздік танытатынымыз қалай? Бұл дегеніміз бабалар аманатына адалдық танытпау деген сөз емес пе? Сондықтан бұл мәселені тез арада шешу керек. Ол үшін жастардың ғана пікірін өзгерту аздық етеді. Түгел қоғам өзгеруі тиіс. Біз отансүйгіштік, елжандылық деген қасиеттерді еңбектеген баладан еңкейген қарттардың бойларына батыл сіңіре білуіміз керек.
Алматы қаласында орын алған оқиға бәрімізді қан жылатты. Сырттан келген содырлар халықты іштен арандатып, Тәуелсіздігіміз бен бейбіт өмірімізге нұқсан келтіруге тырысты. Қабырғамызды қайыстырып, іріткі салудан тайсалмады. Өкінішке қарай, қаншама тәртіп сақшысы мен сарбаз көз жұмды. Бұл оқиға жас жеткіншектер мен олардың ата-ана, туған туыстарын есеңгіреткені анық. Дегенмен олардың ерлігі, лаңкестерге қарсылық көрсеткен әрекеті ешқашан ұмытылмайды. Енді азаматтарымыз мұндай келеңсіз жайттарға дайын болуы шарт деп ойлаймын. Сондықтан жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын және отандастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында қыруар жұмыстарды атқаруымыз қажет. Президент өз сөзінде атап өткендей, “Біз – мықты халықпыз. Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты және басқа да алапат қиындықты бастан өткердік. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз”.
Асқар ЖӘМЕНОВ,
“Тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың одағы” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы.