Адам өткенді тез ұмытады. Кешегі уақиғаларды айтсаң, жастар аузын ашып тыңдайды. Оларға ертегі сияқты. Мысалы, КСРО кезінде, әсіресе ХХ ғасырдың 90-шы жылдары дүкенде ет, сүт жетіспеді десең, сенбей қарайды. Кейбіреулерге Тәуелсіздік аспаннан түскендей болып көрінеді. Мен өңірдегі бірден-бір ұлттық басылым оқырмандарына қазақтың жас ғалымдары құрған “Ақиқат” бейресми қоғамдық бірлестігі туралы әңгімелеп бермекпін.
Баршаға белгілі, 1985 жылы коммунистік партия орталық комитетінің бас хатшысы болып Михаил Горбачев сайланды. Ол таққа отырысымен “перестройка – бетбұрыс” саясатын жариялады. Оны “гласность – жариялылық” деп те атап жүрді. Осындай саяси өзгерістердің арқасында кең-байтақ кеңес елінде “саяси жылымық” пайда болды, бұл Никита Хрущев дайындаған реформалардан әлдеқайда терең еді. Содан болар, барлық жерлерде тәуелсіз топтар құрылып, өзіндік құрылым түрінде қалыптаса бастады. Оның бір ұшығы өзіндік үні, көзқарасы бар саяси-қоғамдық ұйымдардың мүлдем аздығына келіп тірелетін. Өйткені сталинизм зардабын бастан өткізген, сыңаржақ идеологиямен тұмшаланған халық Михаил Горбачев, Борис Ельцин қолға алған жаңаруға әлі де болса тосырқай қарайтын. Қорқу сезімінен арылмаған кез. Соған қарамастан ұлт тағдырын, ел болашағын ойлайтын отаншыл жас жігіттер өз ойларын ашық айтып сананы оятуға тырысты.
Көпшілік арасында 1960-1970 жылдардағы диссидент Махмет Құлмағамбетовтің есімі соншалықты танымал еместі. Осы кезде саясат сахнасына “Ақиқат” ұйымы көтеріліп, өткір ойларымен, бағалы ұсыныстарымен биліктің де, жұртшылықтың да назарын бірден аударды. Бастапқы кезеңде жасырын түрде атқарылған жұмыстар көзге көрінбей, елеусіздеу қалса да, оның мүшелері қарапайымдылық қалпынан айнымады. Басты ұстанымы халықтан жасырылған тарих ақтаңдақтарын студенттерге, жұмысшы жастарға түсіндіріп, көздерін ашу болды. КОПК-ның әмірі жүріп, түкірігі жерге түспей тұрғандықтан, билік тізгіні Мәскеуде шоғырланғандықтан, алды-артын аңдап, байқап сөйлеуге тура келетін. “Үш әріп” те аңдумен, әр сөзден саяси астар, ілік іздеумен қатты айналысатын. Негізгі штаб Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында (қазір университет) орналасты. Бастапқыда институт оқытушылары Жасарал Қуанышалин, Дос Көшім үшеуіміз кездесіп, демократиялық өзгерістерге, егемендікке, қазақ тіліне қатысты мәселелерді талқылап жүрдік. Кейін қатарымызға физика факультетінен Қамал деген жас ұстаз қосылды.
“Коммунистік” деп аталатын идеологияға қатты сенетін студенттер түгіл білімді, алғыр ойлы зиялы қауым өкілдерімен тіл табысу өте қиынға соқты. Бәріміздің кеңестік насихат аясында өскеніміз рас. Бірақ ескіні көрген, оқыған-тоқығаны көп, өмірлік тәжірибесі мол ұстаздардан дәріс алып, жеке әңгімелесулер кезінде аттарын атауға тыйым салынған Ахмет Байтұрсыновтың еңбектері, Мағжанның шығармашылығы, тағы басқа тұлғалар, Алаш арыстары туралы азды-көпті ақпарат алғандықтан, шындықтың шырайын түлетуге ұмтылдық. Деканымыз, тамаша ұстаз, профессор Қадыршат Шүлембаев бастамамызды қолдап, әркез ақыл айтып жүрді. Оның үстіне 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісіне қатысқан тәжірибеміз бар. Жасарал мен Дос та қайнаған оқиғаның ортасында болған.
Әміршіл-әкімшіл орталықтың қазақтың өрімдей ұл-қыздарына жасаған қиянаты мен озбырлығы жүрегімізге шемен болып қатып қалған. Әлі есімде, 1986 жылдың аяғында институт ұжымымен кездесуге Қазақстан компартиясы орталық комитетінің идеологиялық мәселелер жөніндегі хатшысы Зақаш Камалиденов келді. Түрі қатулы, адам шошырлық, түтігіп кеткен. Айтқан сөздері миымызға тікендей қадалды, баяғы “ұлтшыл”, “маскүнем”, “нашақор” деген қаралаулар. Шыдамай кеттім. Ақ параққа бұл айыптаулар еш ақылға сыймайды деген мағынада хат жазып, сұрағымды ретін тауып жібердім. Басқа да сауалдар түсіп жатты. Бір кезде хатшының жүзі сұрланып, “Вот где сидят националисты!” – деп дүрсе қоя бергені. Жиыннан соң сыйлас ағамыз әрі әріптесім, тамаша тарихшы Қамбар Атабаев “байқап жүр” дегендей сақтандырды. Әттең, арамыздан ерте кетті.
Шыны керек, З.Камалиденовтің өктем сөйлеуінен соншалықты ыға қоймадым. Себебі архивте көп жұмыс істегендіктен, сталиндік зобалаңның қасіретін бір кісідей білетінмін. Тың деректерді оқыған сайын төбе шашым тік тұратын. Ол мәліметтерді барынша таратуға тырысатынмын. Архивист ғалым Марат Хасанаевпен таныстым. Ол да отаншыл азамат болатын.
* * *
1988 жылы мен кезекті еңбек демалысын алып, біраз аунап-қунап қайтайын деген оймен елге келгенмін. Бірде комсомолдың орталық комитетінде жұмыс істейтін досым Алмат Мурзинмен хабарлассам, “Қайда жүрсің? Біз сені іздеп жатырмыз”, – деп дегбірсіздене тіл қатты да, “Алматыға тез жет! Ақылдасатын шаруалар бар”, – деді. Уәделі мерзімде келдім. Алмат мені бөлім меңгерушісі Жанболат Байжановқа алып кірді. Ол асықпай отырып: “Бүке! Осы БАҚ, телеканалдарға шығатын қоғамдық бірлестік құрсақ қайтеді? Талантты, алғыр жастарды жинап жіберсең!” – деген өтінішін айтты. Жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетсем де, сыр білдірмедім. Мұның алдында “Ақиқат” атты бейресми бірлестік құрып, қоғам ағымына сәйкес келе бермейтін “жат пиғылды” істермен айналысып жүргенде Жасарал, Дос үшеумізді институт парткомына (Жасарал екеуміз партия мүшесіміз) шақырып алып, “бұл әрекетті тоқтатыңдар” деген тұрғыда қатқыл әңгіме өрбіген. Біз де ел тағдырын, халыққа жасалған әділетсіздікке қатысты нақты фактілер келтіріп, жастық жалынымыз атойлап сала берген. Алған бетімізден қайтпайтынымызды аңғарды білем, үшеумізді Алматы қалалық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Шәріп Омаровқа алып барды. Шәкең өзіне тән ақкөңіл мінезімен “Жігіттер, бірдеме бүлдіріп жүрмеңдер”, – дегендей басу айтқан болды. Оның жанында екі адам отырды. Партия, комсомол қызметкерлеріне ұқсамайды. Соған қарағанда “үндеместер” болу керек.
Аптасына екі-үш рет архивте кешке қарай жиналамыз. ҚазМУ-дың тарих факультетінен Жанат Дүтбаев, Асқар Тұрғанбаев, журналистикадан Қайрат Сақ келіп тұрды. Жанболат Байжановпен кездескеннен кейін көлеңкеден шығып, ойымызды ашық айтуға мүмкіндік туды. Қатарымызға математик Асқар Жұмаділдаев, заңгер Зайлағи Кенжалин, Ғылым академиясынан тарихшылар Жапсарбай Қуанышев, ҚазМУ-дан Камал Бұрханов, жоғары оқу жүйесінен Әзімбай Ғали келіп қосылды. Ол кезде “Қазақстан” арнасы ғана болатын. “Ақиқат” телеклубын Нұртілеу Иманғалиұлы, Ләззат Сапақова, Яхия дейтін журналистер дайындайтын. Осылайша ашық алаңға ат қондырып, Алаш тарихы бойынша көптеген мәліметтер таратылды. Балтық елі республикаларында болып жатқан демократиялық құндылықтар, КСРО-да басылмаған, шетелде шыққан (Ұлыбритания, Кембридж) “Қазақтар, орыстар туралы” деген жинақ жайлы кеңінен түсіндірілді. Алаш қайраткерлері, сырттағы қазақ диаспорасы жайлы мақалаларымыз республикалық газет-журналдарда жарияланды. Телеарна, басылымдарда болсын өзекті мәселелер бойынша алмас қылыштай жарқылдаған өткір ойлармен, буырқанған сезімдермен алмасатынбыз.
Ұмытпасам, 1989 жыл болу керек, Мәскеу аудиториясына шығу жөнінде ұсыныс түсті. Ол жақта реформаторлар (А.Яковлев, Э.Шеварнадзе) мен консерваторлар арасындағы күрес шиеленісе түскен. Баяғы құраммен (Асқар, Әзімбай, Дос, Жасарал) орыс тілінде тікелей эфир ұйымдастырылды. Республикаларға егемендік беру, ана тілі, көппартиялық жүйе орнату, экономикалық дербестік, депортацияға түскен халықтарды еліне қайтару мәселелері қозғалды. Кейін қатарымыз Алтынбек Сәрсенбаевпен, Дархан Мыңбаймен толықты. Жұмыста не көшеде кездесіп қалған кей ағаларымыз “Сендердікі қате, не бопсалап жүрсіңдер? Аналар әлі қайтып келеді. Босқа күйіп кетесіңдер”, – деп ұрсатынды шығарды. Қолымызды қысып, “Дұрыс!” – дейтіндер де табылды. Көбінесе студент жастар қостайтын.
1989 жылы Жаңаөзенде қақтығыс болғанда жанымда Жасарал, Әзімбай бар, Жазушылар одағына жиналып, Мәскеуге, орталық комитетке телеграмма салдық. Басты талабымыз – тұрғылықты халыққа зәбір көрсетпеу, әлеуметтік жағдайларына қарасу. Бүкілодақтық комсомол ұйымынан шығу жарғысын әзірлеп, Қазақстан комсомол съезі бекітті. Сол кезде бізге Иманғали Тасмағамбетов көп көмектесті.
* * *
Тәуелсіздік таңы атпаса біздің тағдырымыз қалай болар еді деп ойлаймын кейде. Менімен қоян-қолтық жүрген жігіттер, бүгінде ел азаматтары, қоғам қайраткерлері. Жасарал Қуанышалин Мәжіліс депутаты ретінде саяси өмірге қызу араласты. Дос әлі де демократияны дамыту үстінде. Зайлағи Кенжалиев – заң ғылымының докторы. Асқар Жұмаділдаев – белгілі математик, академик. Жапсарбай мен Дархан біраз жыл Президент әкімшілігінде еңбек етті. Дархан Мыңбай министр, депутат болды.
Бүркітбай АЯҒАН,
мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы.