Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуы, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы – ішкі істер органдары мен қызметкерлерінің алдында тұрған ең басты міндет екені белгілі. Сондықтан полиция қызметкері болу үшін білім-білікпен қатар, білек те керек. Төзім мен қажыр-қайрат, шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, әрекет ете білу қабілеті – полицейге қажетті басты қасиеттер. Қазіргі таңда тәртіп сақшыларының азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайылық танытуы да аса маңызды рөл атқарып отыр. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын жандардың бірі – Ақжар аудандық полиция бөлімінің бастығы подполковник Еркін Болатұлы Махметовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Еркін Болатұлы, әңгімемізді өзіңізден бастағанды жөн көріп отырмын. Осы саладағы еңбек жолыңызды қашан, қайда бастадыңыз?
– Мен ішкі істер органдарында 2002 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Осы Ақжар ауданының полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалғанға дейін, көршілес Уәлиханов ауданының полиция бөлімі басшысының орынбасары болдым. Әрине, қызмет баспалдақтарымен жоғары көтерілу үшін білім ғана емес, тәжірибе де керек. Мен де көптеген әріптестерім сияқты учаскелік полиция инспекторы, аға тергеуші болдым, алдыңғы буыннан тәлім-тәрбие алдым.
– Тәртіп сақшысының бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?
– Мамандықтың жаманы болмайды. Әр кәсіптің өз қиындығы мен қызығы бар. Ал полиция қызметкерлерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар қателеседі. Себебі біздің мамандардың басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар мен кедергілер кездессе де шыдау. Ал бұл – кез келген жанның қолынан келе бермейтін іс.
Полиция қызметкерінің басты міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Сондықтан әр полиция қызметкері алдымен өз ісіне адал болуы керек. Сол сияқты кәсіби шеберлігін арттыруға күнбе-күн көңіл бөлгені жөн. Тәртіп сақшылары қызмет барысында көптеген қиыншылықтарға, күтпеген жағдайларға кездесіп жатады. Оларды тосып тұрған сын көп. Сол сындардан сүрінбеу үшін шымырлық керек. Денешынықтырумен мықтап айналысу қажеттігін айтып отырмын. Осы талаптар деңгейінен көріне білгендердің ғана өз ісінің хас шебері атанатынына күмәнім жоқ.
– Сіздер таңдаған жолдың жауапкершілігі зор екеніне ешкім күмәндана қоймас. Дегенмен жастардың көзқарасы қандай? Олар лек-лек сіздердің қатарларыңызға қосылып жатыр ма?
– Жаңа айтқанымдай, тәртіп сақшысы үшін адам қауіпсіздігі мен қоғамның тыныштығы бірінші орында болы керек. Себебі олар қызметтік борышы бойынша алдымен өздерін емес, халықты ойлауға, қорғауға міндетті. Осы жөнінде біз мектеп түлектеріне кәсіби бағдар беру мақсатында кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Соның нәтижесі болуы керек, жыл сайын аудан мектептері түлектері арасында біздің қатарымызға қосылғысы келетіндердің саны көбеймесе, азайып отырған жоқ. Іріктеу сындарынан өтіп, оқу орындарына түсіп, тамамдап, елге оралып, қызмет атқарып жүргендері де баршылық.
– Ниет танытып, полиция қызметкері боламыз деп жүрген жастарға қазіргі таңда жұмыс атқарып жүрген қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да қызық болар. Сондықтан осы жағына да тоқтала кетсеңіз.
– Егер қысқа ғана айтатын болсам, қызметкерлеріміздің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жаман емес. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері арнайы формалармен, қызметтік автокөліктермен қамтамасыз етілген, басқа аудан, қалалардан келіп қызмет атқаратын қызметкерлер үшін пәтерақылары төленеді.
– Енді ауданымыздың криминалдық жағдайына қарай ойыссақ, жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарыңыздың нәтижесіне көңіліңіз тола ма?
– Жалпы Ақжар ауданы бойынша жағдай тұрақты деуге болады. Күн сайын аудан, ауыл көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге мамандарымыз барынша атсалысуда. Жыл басынан бері аудан бойынша “Іздеу”, “Өрмек”, “Дәрмек”, “Транзит” жедел-алдын алу іс-шаралары өткізілді, рейдтер де жиі ұйымдастырылады. Нәтиже айтарлықтай, көшелер мен қоғамдық жерлерде жасалатын құқық бұзушылықтар азайды деуге болады. Айталық, биылғы жылы адам өлімі, мал ұрлығы, қасақана адам өміріне қауіп төндіру, бопсалаушылық сияқты аса ауыр қылмыс түрлері тіркелген жоқ. Қазір біз кез келген ұсақ тәртіп бұзушылықтың өзін назардан тыс қалдырмаймыз, мұндай келеңсіздіктерге “мүлде төзбеушілік” ахуалы қалыптасқан. Сөйтіп, 195-тен аса түрлі тәртіп бұзушылық анықталып, қоғам тыныштығын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Келесі сұрағым, қоғамда қызу пікірталас тудыратын өзекті мәселенің бірі – мас күйінде көлік жүргізу жайы. Ауданымызда осы кеселмен күрестің жайы қалай?
– Мас күйінде рөлге отырудың зардабы зор екенін жұртшылық жақсы біледі деп ойлаймын. Бұл – өте ауыр қылмыс. Елімізде 2020 жылдан бастап мас күйінде көлік жүргізгендерге қолданылатын жазаның қатайтылғаны да содан. Ауданымызда осы мәселе бойынша жыл басынан бері төрт оқиға тіркеліп, тиісті шаралар қолданылды.
– Ауыл тұрғындарын қатты алаңдатып отырған тағы бір жағдай – мал ұрлығы. Осыған қашан тыйым салынар екен деп жүргендер аз емес.
– Дұрыс айтасыз, біреудің адал еңбекпен жиған малына көзалартатындар әлі де бар. Негізі өкініштісі мал жайылымнан жоғалады. Көп жағдайда оған тұрғындардың өздері де кінәлі. Өйткені олар малды баққаннан гөрі жайылымға еркін жібергенді жеңіл көреді. Ондай малдардың ит-құсқа ғана жем болмайтынын көріп жүрміз. Ақыры олар құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Осы арада бақылаусыз қалған малдардың көлік жүргізушілеріне зияны тиіп жататынын, тіпті жол апаттарына әкеліп соқтыратынын айта кеткім келеді. Осындай қолайсыздықтардың алдын алу мақсатында бізде “Мал ұрлығы” жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылады. Жергілікті атқарушы органмен бірлесе атқарған бұл іс-шаралар өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Мысалы, былтырғы жылы салғырттықтары үшін173 мал иесі әкімшілік жазаға тартылса, биыл көктем айы жаңа басталса да 42 тұрғынның олардың қателігін қайталағаны анықталды.
– Еркін Болатұлы, Президентіміз биылғы жылды “Балалар жылы” деп жариялады. Осы орайда балалардың өміріне қауіп төндіретін сын-қатерлермен күрес қалай ұйымдастырылып отыр?
– Бұл мәселелер – біздің басты назарымызда. Әсіресе кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары талмай жұмыс атқаруда. Өткен тоқсанда осы бағытта “Жеткіншек”, “Балалар, назар аудар!” жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Қазіргі таңда “Мен және менің полицейім” атты балалардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған республикалық науқан ұйымдастырылуда. Біздің инспекторлар барлық тәрбие орталықтарымен, мектептермен бірлесе жұмыс жүргізуде. Тұрмысы төмен, қолайсыз отбасылардың балаларын үнемі назарда ұстауға тырысамыз. Олармен әңгімелер өткізу өз алдына, түрлі тақырыптарды семинарлар ұйымдастыру, дәрістер оқу, мектеп оқушыларының қатысуымен сайыстар өткізу дәстүрге енді.
– Жасыратыны жоқ, халық арасында полиция қызметкері “жазалаушы” деген көзқарас қалыптасқан. Мемлекет басшысы полиция қызметкері қиын жағдайда азаматтарды қорғаушы, көмек көрсетуші болуы керектігін айтты.
– Рас, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елімізде полиция қызметін бағалаудың өзіндік өлшемдері қалыптасты. Бұдан бөлек, соңғы онжылдықта құқық бұзушылықтарды анықтаудың статистикалық деректері негізінде ғана жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмысын сүзгіден өткізудің тұрақты тәжірибесі қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты және биылғы Жолдауында да ішкі істер органдарының қызметіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берген болатын. Соның бірі әрі ауқымдысы-полицияның сервистік моделін құру. Қазіргі таңда бұл модель қанатқақты жоба ретінде қолданылуда. Бұл жерде ашылған қылмыстың саны емес, құқық бұзушылықтың анықтау көрсеткіші емес, оның жолын кесу, қарапайым жұртқа көмек көрсету және халықпен сенімді қарым-қатынас орнатуға дайын болу – ең басты талаптардың бірі ретінде қарастырылуда. Біз алдағы уақытта осы талап деңгейінен көрінуге барынша күш салатын боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан,
Алмагүл МАНАПҚЫЗЫ.