Кеше “Ustudy” орталығының базасында жалпы білім беретін пәндер бойынша 2021-2022 оқу жылының республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңі басталды. Байқаудың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков өз сөзінде 18-23 сәуір аралығында өтетін республикалық олимпиадада облыстық кезеңнің жеңімпаздары болған 9-11 сынып оқушылары бақ сынайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, олимпиада жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерді қамтып, апелляция 22 және 23 сәуір күндері қашықтан жүргізіледі.
Жыл сайын республикалық олимпиада 16 жалпы білім беретін пәндер негізінде 4 кезеңде ұйымдастырылады. Биылғы оқу жылында республикалық олимпиаданың мектептік кезеңіне облыстан 7786 бала қатысып, аудандық кезеңге – 3017, облыстық кезеңге – 408, ал қорытынды кезеңге 102 оқушы өтті.
Республикалық олимпиада “Ustudy” орталықтарының базасында барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, өңірлерде мәре алды. Олимпиада “бір қатысушы – бір компьютер – бір камера” қағидасына сүйеніп, “Oqylyq.kz” автоматтандырылған прокторинг жүйесін қолдану арқылы өткізіледі. Қатысушыларды отырғызу кезінде пәндер мен сыныптарды “араластыру” әдісі қолданылады.
“Oqylyq.kz” сайты арқылы олимпиада тапсырмалары бір уақытта беріледі және әрбір қатысушының алдын ала берілген жеке қол жеткізу коды болады. Тур аяқталғаннан кейін қатысушылардың сканерленген жұмыстары шифрланып, қазылар алқасының мүшелеріне тексеруге жіберіледі. Сосын қатысушылар жұмыстарының сканерленген көшірмелері “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының интернет-ресурсында олардың жеке деректері көрсетілмей орналастырылады. Тапсырмалар бойынша дұрыс жауаптар және турлардың нәтижелері бар хаттамалар “Дарын” РҒПО сайтында жарияланатын болады.
Олимпиадада академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін біздің өңірге “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының және “Әділдік жолы” филиалының өкілдері қатысуда. Бейнебақылауға барлық сілтемелер “Дарын” РҒПО сайтында қолжетімді.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.