Балуандық, мергендік, қылыштасу, саятшылық, асауды тізгіндеу – ертеден келе жатқан спорт түрлері. Онсыз көшпенді халықтар қатаң өмір ағынында бәсекеге қабілетсіз болар еді. Атам заманнан бері жалғасып келе жатқан жауынгерлік өнер, кейін спорттың бір түріне айналған – семсерлесу де бізге жат емес. Бірақ аталған спорттың дамуын тежейтін жайттар да жетерлік. Жалпы семсерлесу спортының облысымызда дамуы қандай деңгейде? Бұл туралы “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Виталий Гладковпен сұхбаттасқан едік.
– Виталий Алексеевич, семсерлесу тобына қабылдау үшін балаларға қандай талаптар қоясыз?
– Бұл спортқа келіп, айналысам дегендерге басында ешқандай талап қойылмайды. Ынта болса жетеді. Кейін қабілетіне қарай меңгеріп алады ғой. Алайда барлық жерде бірдей емес, мысал ретінде көршілес Ресейде және тағы басқа елдерде жаттықтырушылар балаларға бірден семсерді ұстатып, ұрыс алаңына жібереді де кімнің ыңғайы бар, соны таңдап алады. Ал өзін көрсете алмағандармен қош айтысады. Бұл – болашақта кімнің қандай нәтиже беретінін болжаудағы оңай жол.
Біз олай істей алмаймыз, ұстанымымызға сай емес. Біздің үйірмемізге келгендердің барлығы спорттың осы түрімен жақын танысып, жақсы көріп кетуі үшін көп жұмыс жасаймыз. Таңнан-кешке дейін қолына семсер ұстаудан жас спортшылар мезі болып кетеді. Сондықтан оларды жүгіртіп, басқа түрлі спорттық жаттығулар жасатып тұрамыз.
– Семсерлесу спортының басты ерекшелігі неде?
– Бұл спорт түрі, бірінші кезекте, әдептілік және адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейді. Ал спорттық бәсекелестік дайындықтың жоғары деңгейіне көтереді. Жалпы әрбір спортта жалғыз физикалық дайындық аздық етеді, эмоция мен ерік-жігер де қажет. Адам өзін-өзі, қабілеттерін тани түсуі керек. Көрсеткен нәтижелері мен өзінің ішкі сезімі және көңіл күйін салыстыра келе, адам ерте ме, кеш пе қателіктерінің себебін табады. Семсерлесу немесе басқа да спорт түрлері болсын, өмірдің қалтарыс-бұлтарысында сөзсіз көмекке келеді. Бұл спорт түрінің де адамға пайдасы ұшан-теңіз.
– Сіздің және басқа да бапкерлердің еңбегін жоққа шығарғым келмейді. Бірақ салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, басқа спорт түрлерінен кенже қалып қойған сияқты? Келісесіз бе?
– Иә, жасыратыны жоқ, біздің облыста басқа спорт түрлерінен семсерлесу өнері артта қалып қойғаны рас. Дегенмен шәкірттеріміз түрлі додаларда, Азия чемпионаттарында өңір намысын лайықты қорғап келеді.
– Неліктен семсерлесуге қызығушылар басқа спортқа қарағанда аз?
– Менің ойымша, жалпы барлық спортты екіге бөліп қарау керек. Біріншісі – халықтық спорт түрлері болса, екіншісі – саяси. Футболды халықтыққа жатқызуға болады. Өйткені оны бүкіл әлем жақсы көреді. Ал саяси спорт түрлері дейтініміз жоғарыда отырған кейбір басшылардың қалауына байланысты дамуында. Бүгінгі таңда күрестің сан түрі, тіпті қысқы спорттың барлық түрлері танымал. Семсерлесуді де балаларды қызықтыратын спортқа айналдыруға болатын еді. Бірақ бұған мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау көрсетілмеуде.
– Семсерлесудің біздің облыста қарыштап дамымауына не кедергі? Қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті ме?
– Қазіргі уақытта бұл спорт түрі бойынша жаттығулар “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтеді. Спортшылар аядай ғана бөлмеде шұғылдануға мәжбүр. Былайша айтқанда, үлкен зал жоқ десе де болады. Оның үстіне халықаралық дәрежедегі жарыстарда лайықты өнер көрсету үшін жабдықтар жеткіліксіз. Осымен қатарынан екі жыл бойы Алматы қаласынан кейбір заттарды арнайы сұратып алып жүрміз. Бұл спорт түрі тиісті деңгейде қаржыландырылса екен деймін.
Бүгінде семсерлесу секциясында 5 топта 50 спортшы шеберілігін шыңдауда. Олардың басым бөлігі – жеткіншектер. Бұл спорт түрінен чемпион тәрбиелеу оңай емес. Мәселен, спортшыға арнайы киім қажет. Спорттық саймандар бар. Олар да арзан тұрмайды. Семсерлерді сатып алуда да қиындықтар бар. 2020 жылы Мысырда өткен әлем чемпионатында болған жайтты айта кетейін. Бұл жарыста ел құрамасы солтүстікқазақстандық спортшылардан жасақталды. Бір спортшымыздың қажетті киімі болмағандықтан “Украина” деген жазуы бар киімді сұрап алып киген кезіміз де болды. Осындай жайттар қайталанбаса екен деп ойлаймын.
Облыстық спорт басқармасы бұл қиындықтарға баса назар аударып, қаржыландыруды әлі де арттырса деген уәж айтамын.
– Виталий Алексеевич, қиындықтарға қарамастан спортшыларымыздың жеткен жетістіктері де аз емес дедіңіз. Соларға тоқтала кетсеңіз.
– Әрине, аз емес. 2020 жылғы Қазақстан кубогы, 2017-2020 жылғы жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты, 2021 жылғы жастар ойындарынан алған жүлделеріміздің өзі – бір төбе. Биылғы жылдың ақпан айында шәкірттерім Артем Сенинг пен Софья Ақтаева Өзбекстанда өткен Азия чемпионатында еліміздің құрама командасының қоржынына 2 қола және бір күміс салды. 2010 жылдан бері еліміздің спортшылары рапирадан Азияда бірде-бір медаль алмағанын айта кеткен жөн. Былтырғы жылы Петропавл қаласында өткен Жастар ойындарында алғаш рет облыс қоржынына алтын жүлде салды.
– Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Қазіргі уақытта команда Өскемен қаласында өтетін ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатына дайындалып жатыр. Одан кейін Павел Гладков пен Бахрам Мамурзаев шілде айында Кореяда өтетін Азия ойындарына дайындықты бастайды. Спортшыларымыздан жақсы нәтижелер күтеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.