Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Петропавлдағы Достық үйінде “Тіл шебері” байқауын өткізді.
Аталған сайысқа қалалық және аудандық кезеңдерде жеңімпаз атанған 9 үміткер қатысты. Олардың әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жақсы меңгерген. Байқау талабы бойынша, әр қатысушы 3 аталымнан сүрінбей өтуі қажет. Қатысушылар байқаудың “Елтаным” деп аталатын бөлімінде қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тілі жөніндегі сұрақтарға мемлекеттік тілде жауап берсе, “Сөзтаным” кезеңінде экранда көрсетілген мақал-мәтелді оқып, орыс және ағылшын тілдеріндегі баламасын айтты. Ал үшінші, “Ойтаным” бөлімінде мемлекеттік тілде эссе жазды.
– Қазақстанда тұрып жатқан әр адам мемлекеттік тілді меңгеруі керек. Қазақ тілін үйренсем деген жастардың аз емес екенін бүгінгі шарадан аңғардым. Өркениеттің тетігі саналатын ағылшын тілін терең үйренген де артықтық етпейді, – дейді байқауға қатысушы Махаббат Серікбайқызы.
Байқаудың сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың тілдерді меңгеру деңгейіне, жауаптың орамдылығы мен сапасына, мазмұндылығы мен ерекшелігіне, орфоэпиялық ережелердің сақталғанына, сахна мәдениетіне баса назар аударды.
Үш тілді меңгергендер арасында үздіктерді анықтайтын дода соңғы жылдары өзгеше өтіп жүр. Бұған дейін тек мемлекеттік қызметкерлер бақ сынаса, енді жастар қатысып отыр. “Тіл шебері” байқауын ұйымдастырушылар мұның мәні қатарластарын тіл арқылы ел тануға баулу дейді.
Шара соңында конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, Алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.