«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАЖАЙЫП СУРЕТКЕРЛІК ӘЛЕМ НЕМЕСЕ ЖАҢАРҒАН МУЗЕЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің Алматыдағы өзі 17 жыл (1968-1985) тұрған үйі 1991 жылы музей-пәтер болып ашылған еді. Алғашында Орталық Мемлекеттік музейдің бір бөлімшесі болса, кейін “С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей-кешені” болып құрылды (1999). Бұл мекеме 2015 жылдан бастап Алматы қаласының музейлер бірлестігіне қарайды.

2002 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен және Үкімет қаулысымен жазушының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында музейге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, экспозициясы біраз жасақталған еді. Одан бері арада 20 жыл өте шығыпты. Биыл Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Ғабит Мүсірепов музейі әдеби бөлімінің экспозициясы қайта жаңартылып, заманауи технологиямен жабдықталып, қараса, көз қызығарлық кейіпке енді.

Музейдің әдеби бөліміндегі экспозицияның жаңартылуы он бес тақырыптық қабырға-тақта (стенділер), үш сенсорлы экран (Touch Panel) және шағын кинозал арқылы өзгеше мазмұнмен байыды. Жазушының ататек шежіресі, әке-шешесі, туыс-туғандары туралы деректер, балалық шағы, білім сапары, ұстаздары, отбасы мен ұрпақтары, жазушылық және қоғамдық қызметі, суреткер туралы замандастары қалдырған пікірлер, хаттар мен фотосуреттер, тұтынған заттары, т.б. тұтастай алғанда алуан сыр ағытатын дереккөздер жиынтығы десек те болады. Қызылжар өңіріндегі Елтінжалда кіндік қаны тамған Ғабеңнің: “Мен әлемнің көптеген елдерінде болдым. Бірақ солардың бірде-бірінде ең алғашқы қадамымды басқан туған жердегі дала жолдарындағыдай жүректі ауыртатын, тебірентетін сезімді бастан кешпедім”, – деген сағыныш сөзі экспозициядан орын алған.

Музейге келушілердің әкесі, анасы, аға-бауырлары кімдер еді деген сауалдары тіл ұшында тұратыны сөзсіз. Әкесі жайында Ғабең өзінің “Автобиографиялық әңгімесінде” былай деп жазады: “Әкеміздің шаруасы тайға артқан қоржындай бұлтылдап, кедей мен орташаға кезек ауысудан көз ашқан емес. Анда-санда орташаға жақындап шырт түкіре бастағанда әкеміз оп-оңай кедей болып қалушы еді. Бай болуды қанша ұнатқанымен, ол бір ішінде кеткен арманы болу керек?”. Әкесі Махмұт Кәжімбайұлының (1871-1936) фотосуреті сақталмаған. Ал ағасы Хамиттің ұлы Екпін Махмұтовтың суреттеуі былай: “Атам шағын денелі, көп сөйлемейтін, арабша оқыған, Құраннан түсінігі бар, мәсі тігетін, қамшы өретін, аз уақыт ауыл старшины ретінде атқамінер болған кісі еді. Кескін жағынан оған ұқсайтыны менің әкем, ал Ғабит шешесіне көбірек ұқсайды, әсіресе ашу қысқанда, бірдеңеге ренжігенде кескіні ақ сұрланып кететін”.

Ғабиттің анасы – Дина Оңғарбайқызы (1877-1957) 81 жасқа қарағанда өмірден озған. Сәбең ол туралы: “…мінезі биязы, пейілі кең, асы дәмді, абысын-ажынға қадірлі кісі болған”, – деп сипаттайды. Ақ кимешек киіп отырып түскен фотосуреті сақталған. Ғабеңнің ағалары Хамит Махмұтов ұзақ жылдар ауылда мұғалім, Сәбит Махмұтов бригадир болып жұмыс істеген. Інісі Баязит Махмұтов Қостанай облысында МТС-та, облыстық газет редакциясында, өмірінің соңғы жылдарында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры болып қызмет атқарған. Інісі Қажым 5 жасында өмірден озған. Қарындасы Гүлсім Махмұтқызы Жанғожина бар өмірін мұғалімдікке арнаған, осы қызметі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Кіші інісі Әшім Махмұтов Алматыда “Қазақстан” көркем әдебиет баспасында жауапты корректор болып, соғыс басталған 1941 жылы еліне – Жаңажолға келіп, қара шаңыраққа иелік еткен. Шеберлік, ұсталық жұмыстар атқарған. Ғабеңнің ағасы Хамиттің ұлы Екпін бірде: “Ғабе, осы біз бәріміз Махмұтовтармыз. Тек өзің ғана қалай Мүсірепов атанып кеттің?”, – деп сұрайды. Сонда Ғабең: “Пресногорьковтағы мектепке барғанымда менен “фамилияң кім?” деп сұрады. Фамилия дегенді білмесем керек. “Атаңның аты кім?” деп сұрады. Кәжім байдың баласы болып жүргендіктен, “атам Мүсіреп” деп жауап бердім. Солайша Мүсірепов атандым”, – дейді.

Бала Ғабит ауыл молдасынан сауатын ашады. Араб әрпімен қазақша жазуға төселеді. Ауыз әдебиетіне, қисса-дастандарға құштарлығын әкесінің ағасы Ботбай оятады. “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Көрұғлы” дастандарымен таныстырған. Алғашқы ұстазы Бекет Өтетілеуовтен қай кітапты оқу туралы, қай автордың шығармаларына көңіл аудару керектігі жөнінде көп ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алады. Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларымен сусындайды. Пресногорьковтағы орыс мектебінде (училищеде) төрт жыл оқиды. Онда Мариамна Александровна Шехтер (Сильвия Михайловна) орыс әдебиетінен сабақ береді. Өзінің маңдайына жазушылық тағдыр жазылатынын алғаш болжаған осы мұғалімі болғанын Ғабең кейін аса ілтипатпен еске алады. Соңғы емтиханда он оқушының тоғызы өтіп, Ғабиттің мәселесі екі сағат талқыланады. Шығарма жазғанда әріп қателері өріп жүр. Соған қарамастан Сильвия Михайловна: “Бұл бала болашақта жазушы болады!” деп қорғап, “бес” деген баға қойдыруға жанын салады. Директор басын шайқайды. Училищені бітірген соң 1921 жылы аз уақыт ауыл старшынының қағаз көшірушісі болып еңбек етеді де, одан соң еті тірі жас жігітті Таузар болысының әскери комиссариатына, әскери басқарманың жергілікті органына жұмысқа тартады. Бір жылдан соң Ғабит Благовещенка ауылындағы аудандық милиция бастығының орынбасары болады. Тұңғыш әңгімесі “Тулаған толқында” рабфактың қабырға газетінде жарияланады. Жас қаламгердің алғашқы әңгімесіне Бейімбет Майлин батасын береді, ол бұл кезде республикалық газеттің жауапты хатшысы еді. Б.Майлиннің сенім артып, өзінің газетіне аудармашылық қызметке тартуы арқылы Мүсіреповтің шығармашылық жолы басталады. Ғабең 1926 жылға дейін рабфактағы оқуын аудармашылық жұмыспен қатар алып жүрді. Омбы ауыл шаруашылығы академиясына түскенімен, бір жыл ғана оқып, елге қайтады. Бурабай орман техникумында сабақ береді. Жас маманның жирен қасқаның тізгінін бос тастап отырып түскен суреті сақталған. 1927 жылы түскен.

Ел тағдыры талқыға түскен кезеңде Ғ.Мүсіреповтің үнсіз қалмағаны, бірнеше рет басын бәйгеге тіккені жөнінде кейінгі ұрпақ біле бермейді. Ғ.Мүсірепов, М.Ғатаулин, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышевтың 1932 жылы шілде айында ВКП (б) Қазақстан Өлкелік комитетіне жазған хаты (“Бесеудің хаты”) – соның бір дәлелі. Музейге келушілер хаттың толық мәтінімен және өзгеріске ұшырамаған нұсқасымен таныса алады. Хат авторларының үшеуі қуғын-сүргінге ұшыраған. Кейінгі кезде “бұл хатты олар жазбаған, олар қол қоймаған, хаттың авторы басқа біреу” дейтін болымсыз, ұсақ әңгімеге де нақты жауап осы музей қабырғасында беріледі. Ашаршылық тақырыбына жазылған алғашқы көркем шығарманың бірі – Ғ.Мүсіреповтің “Шұғыла” атты әңгімесі. Бұл да – ақиқаттың алдында аласармаудың үлгісі. Ал Б.Майлин “Күлпашты” жазды. Ол жазықсыз қараланып, ұсталып бара жатқанда, партия жиналысында айтқан: “Бейімбет халық жауы болса – мен де жаумын!”, – деген әйгілі сөзі ер Ғабеңнің кең пішілген ұлтжанды болмысын көз алдымызға әкеледі.

Қазіргі мәдениет орындарына аса қажет заманауи технологиялық құрал-жабдықтарды тиімді пайдаланудың бір көрінісін Ғабең музейінің жаңарған әдеби бөліміндегі шағын кинозалдан байқаймыз. Ғ.Мүсірепов сценарийін жазған кинокартиналар: “Амангелді”, (1938, реж. М.Левин), “Қыз Жібек” (1970, реж. С.Қожықов), “Кездеспей кеткен бір бейне” (1977, реж. В.Пұсырманов), “Тарғыл қауын” (1982, реж. В.Пұсырманов). Деректі фильмдер: Ғ.Мүсіреповтің Раяға жазған хаттары арқау болған “Классиктің кешіккен махаббаты” – “Поздняя любовь классика” (2006, реж. С.Әзімов) музейге келушілердің сұранысына қарай сенсорлы экраннан көрсетіледі. Фильмдердің шығу тарихы баяндалады. Мәселен, “Амангелдіні” алайық. 1936 жылы Ғ.Мүсірепов Б.Майлинмен және В.Ивановпен бірлесіп, алғаш дыбысталған қазақ фильмі – “Амангелдінің” сценарийін жазып, “Ленфильм” түсірді. 1938 жылы экранға шықты. Бірақ сценарий авторларының бірі – Б.Майлиннің есімі аталмады (сол жылы “халық жауы” деп атылды). Одақтық басылымдарда Ғ.Мүсіреповтің де аты аталмай, тек В.Ивановтың авторлығы ғана көрсетілді. Әділеттілік көп жылдан соң, Бейімбет ақталғаннан кейін кинотуынды “Қазақфильмде” қайта көшіріліп жазылғанда (1966) ғана қалпына келтірілді. Ғабең либреттосын жазған “Қыз Жібек” операсының 1968 жылы 1000-қойылымы көрсетілді.

Музейге келушілерді қызықтыратын тағы біраз сауалдар жазушының отбасылық жағдайына байланысты. 1922 жылы 20 жасында Ғабит бір байдың келіні Қаншайымды алып қашып, оған некесіз үйленеді. Екі жылдан соң аралары ажырап кетеді. Бала болмаған. 1926 жылы Ғабит екінші рет жиырма екі жастағы башқұрт аруы Хұсни Ягофарқызына үйленген. Қырық жыл жұбайлық ғұмырларында төрт қыз дүниеге келді: Энгелина, Роза, Ақмарал және Райхан. “Егер де менен “өміріңде нағыз махаббатты кездестірдің бе?” деп сұраса, мен “иә” деп жауап берер едім. Ол менің сүйікті Раям”, – дейді Ғабең. Олар танысқан 1962 жылдың мамыр айында Ғабең 60-та, Рая 23-те болатын. 1964 жылы Хұсни дүниеден озды. Сол жылы Ғабит пен Раиса Мұхамедиярова бас қосады. Жазушы мен актрисаның сегіз жылдық жұбайлық өмірлері жүрек шымырлатар сүйіспеншілік пен көзсіз қызғанышқа толы болған. Бұл кезеңде олардың Гаухар және Гүлнар атты екі қызы дүниеге келді. Ғабең айтқан екен: “Өмірде әр адамның керегі көп болады, ал егерде маған “бар байлықтан тек үшеуін ғана таңда” десе, онда менің қалауым – денсаулық, сенімді дос, мәңгілік махаббат”. Мүсіреповтің соңғы өмір серігі Ғазиза Бейсенова оның әдеби хатшысытұғын. Жазушы онымен ғұмырының соңына дейін бірге болды.

Ғабит Махмұтұлы жұмыстан қолы қалт еткенде әртүрлі ермек тапқан: бильярд ойнауды, аңға шығуды, ағаштан түрлі заттар жасағанды ұнатқан. Табиғат аясында сейілдегенде ерекше көрінген ағаш бұтақтарын тауып алып, содан таяқ жонған. Өзі тазалап, артық-ауыс бұтақтарын кесіп, қажет қалыпқа түсірген. Ол шалбарының балақтарын су орнына әтір сепкізіп үтіктеткен. Аңшылықты жақсы көрген, қару-жарақтарын алып, апталап-айлап жоғалып кететін болған. 1936 жылы Бейімбет Майлинмен бірге курортта үш күн бойы думандатып, соның салдарынан Конституция күніне жоспарланған митинг өтпей қалған. Ғабит Мүсірепов бильярдты өте жақсы ойнаған және преферанс ойнаудың шебері болған. Музейдегі тағы бір жаңалық: әдеби залда Ғабеңнің өзі сүйіп тыңдаған “Гәкку”, “Сегіз аяқ”, “Атамекен”, “Жұбайлар жыры”, “Қызқарағай”, “Тау ішінде”, т.б. әндер мен Құрманғазының “Сарыарқа” күйі орындалып тұрады.

Мемориалдық бөлімдегі жазушының жұмыс кабинеті мен қонақ бөлмесі сол бұрынғы қалпында. Ондағы заттар ман мүкәммал-мүліктерге шаң тигізбей сақтаудың бір сыры – әрқайсысы туралы қозғалар әңгіме, шертілер сыр жазушының фәни жалғандағы тірлік тынысына қатысты: жазу үстелінің үстіндегі сиясауыт, қалам, қарындаштар, көзәйнек, мүштік, кітаптар, қолжазбалар… “Мүсірепов хатханасы – Письмотека Мусрепова” атты жинақты (көлемі 25 б.т., 300-ден аса хаттар енген) биыл жарыққа шығардық. Көптен бері қомақты “Ғабит Мүсірепов” атты тұлғалық энциклопедияны әзірлеудеміз.

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей-кешенінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp