«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ – ЖАС ҰРПАҚҚА МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл өңір аумағында кеңінен атап өтіліп жатқан мерейтойлық шаралар аз емес. Олардың қатарында жерлестеріміз белгілі сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің туғанына – 120, көрнекті қаламгер Сафуан Шәймерденовтің туғанына – 100, сондай-ақ ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Мәдени сала бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар барысы “Amanat” партиясы облыстық филиалы жанында тұрақты түрде жұмыс істейтін “Miras” қоғамдық кеңесінің отырысында талқыланды.

Біртуар тұлғаларға деген өңір жұртшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан жылы ілтипат пен зор құрмет туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев баяндап берді. Оның ай­туынша, биыл 120-дан астам әртүрлі форматтағы қоғамдық маңызы бар іс-шаралар, оның ішінде фотокөр­мелер, челлендждер, әдеби кештер, “дөңгелек үстелдер” ұйымдастыру жоспарланған.

“Ғабит Мүсіреповтің “Ұлпан”, Са­фуан Шәймерденовтің “Ағалардың алақаны” шығармаларын, Кәкімбек Салықовтың жыр жинағын басып шығару жұмыстары аяқталды. Тұ­сау­кесер рәсім Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өтеді. Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылында Ғабит Мүсіреповтің мүсінін және оған іргелес аумақты абаттандыру, “Петровка – Жаңажол – Бауман станциясы” бағыттарындағы автомобиль жолы учаскесінде орташа жөндеуді аяқтау, мұражай-үйін қалпына келтіру жоспарланған”, – деді Нұрлан Досбайұлы. М.Әуезовтің 125 жылдығын мерекелеу шеңберінде облыстық мүшәй­ра, “Заманымыздың заңғар жазушысы” атты конференция, сонымен бірге эссе байқауы өткізіледі.

Кеңес мүшелері ауылдарда орналасқан мұражайлардың сын кө­термейтін ахуалына алаңдаушылық білдірді. Дәстен Баймұқанов күтім жоқтығынан жәдігерлердің бүліне бастағанын айта келіп, облыс орталығында Әдебиет музейін ашуды, Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов мұражайындағы жәдігерлерді және өзге де жерлес ақын-жазушылардың жеке заттарын бір шаңырақ астына топтастыруды ұсынды. Оған Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ғимараты ең қолайлы орын болмақ.

Жиында мерейтой иелеріне об­лыс орталығынан көше атын беру мә­селесі де айтылды. Петропавл қаласындағы көше аттарын өзгертуге қатысты 40-тан астам ұсыныс түскен кө­рінеді. Енді мәселені байыппен зер­деліп, тиянақты түрде шешу – қала­лық ономастика комиссиясы мен әкімдік құзырында. Жамбыл аудан­дық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне Сафуан Шәймерденовтің есімін беру жайы пысықталып, қа­рас­тырылуда. Шал ақын ауданы, Сер­геевка қаласындағы қазақ орта мектебіне Кәкімбек Салықовтың есі­мін беру ойластырылған. Мәселе об­лыстық ономастика комиссиясының қарауына енгізіліп, қолдау тапқан. Тиісті құжаттар республикалық оно­мастика комиссиясына жолданған.

Қоғамдық кеңестің отырысында соңғы кезде есімдері ұмытылып бара жатқан көрнекті тұлғалардың мерей­тойларын да атаусыз қалдырмау ай­тылды. Мәселен, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асы­руға орай қабылданған “Жол карта­сына” енгізілген “дала данышпаны – солтүстік өңірдің орақ тілді, от ауыз­ды шешені атанған Тоқсан бидің 285 жылдығы, Абылай ханның сенімді серігі, көрнекті мемлекет қайраткері Құлеке батыр Тәңірбердіұлының 320 жылдығы, соңғы кезде аты мүлдем ескерусіз қалған жазушы, Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі Ермек Қонарбаев­тың 85 жылдығына орай мерейтой­лық іс-шаралар жоспарын жасап, шы­ғармаларын насихаттауды қолға алу ұсынылды. Ауыз әдебиетін зерттеу­ші Қаратай Биғожин мен Моңғолия­дан алғашқылардың бірі болып өңірі­мізге қоныс аударған Елікбай ақын­ның қолжазбаларын іздеп тауып, мұ­расын насихаттау, студенттер мен ма­гистранттар курстық, дипломдық жұмыстарына тақырып етіп алса, артықтық болмас еді. Кеше ғана жа­рық өмірден өткен тарихшы-ғалым, археология профессоры Виктор Фе­до­рович Зайберт тірі болса, қазан айын­да 75 жасқа толар еді. Ежелгі Ботай мәдениетін төрткүл дүниеге паш етуде оның сіңірген еңбегі өл­шеусіз.

Ана тіліміз босағадан төрге озып, мемлекеттік мәртебе алды десек те, қолданылу аясында шешімін таба­тын проблемалар аз емес. Бұл бағыт­тағы жұмыстар жандандыруды қа­жет етеді. “Сбербанк” АҚ банкоматта­ры мен терминалдары тұрғындарға мемлекеттік тілде қызмет көрсет­пейді, басы артық “шаруа” санайтын сияқты. Қалалық, аудандық әкімдіктер, мемлекеттік органдар өз жұмыстарын ширатқандары жөн.

“Қоғамдық келісім” мекемесі бас­шысының орынбасары, кеңес мүше­сі Әбдіғани Базылхан көші-қон мәселесінде түйткілдердің көп екеніне тоқталды.

Роза ШӘКЕНОВА,

“Amanat” партиясы облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің кеңесшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp